Ей, білім іздеуші! Түнде және күндіз ынталы бол. Өйткені білім алу ынта жігер және дәрісті қайталаумен игеріледі.
Шын мәнінде, әр нәрсенің түбіне жететін апаты бар. Білімнің апаты – ынта-жігер мен дәрісті қайталауды тәрк ету. Бір нәрсеге қол жеткізудің негізі – табандылық пен үлкен мақсатта жатыр. Кімде-кім Мұхаммед ибн Хасанның (р.а.) барлық кітабын жаттап алуды мақсат қылса, сондай-ақ, мақсатына сай табанды да талапты болса, ол кітаптардың барлығын немесе жартысын жаттап алады. Ал, кімде-кімнің үлкен мақсаты болып, бірақ табандылығы жетпесе, немесе табанды бола тұра, үлкен мақсаты болмаса, тек аз ғана білім үйренеді.
Шейх ұлық имам ұстаз Радиуаддин Нисабуридің (р.а.) «Макарим Ахлақ» кітабында: «Зұлқарнайын жердің шығысы мен батысын жаулауға аттанбақ болғанда, ол өз данышпандарымен кеңесіп: «Мен неге мұндай патшалық үшін аттанамын? Дүние аз әрі өткінші, ал дүниенің мүлкі елеусіз дүние. Бұл ұлы мақсатқа жатпайды», – дейді.
Данышпандары: «Сіз дүниемен қоса ақырет мүлкін алу үшін аттаныңыз», – дейді. Сонда Зұлқарнайын: «Міне, бұл (мақсаттың) ең жақсысы», – деген екен. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Расында Алла тағала ұлық істерді сүйеді. Ал, қор істерді ұнатпайды», – деген.
Іс еткенде асығыстық танытпа,
Байыппенен жалғастыра бергейсің.
Қисық өскен ағашты тек үздіксіз
Әрекетпен ғана бәлкім түзейсің, – дейді.
Әбу Ханифа Әбу Юсуфке (Алла тағала екеуіне де рақым еткей): «Сен жаттау қабілеті төмен шәкірт едің. Сені (бұл мақамға) табанды әрекетің алып шықты», – деген екен.
Шәкірт! Жалқаулықтан сақ бол! Жалқаулық – бақытсыздық әрі үлкен бәле. Шейх имам Әбу Насыр әл-Саффари әл-Ансари (р.а.):
Ей, нәпсі! Ей, нәпсі! Амалды тоқтатпа!
Жақсылық, әділдік, ізгілік бар уақта.
Ізгілік етуші жетеді жеңіске,
Жалқаулар құлайды шыңырау еңіске, – деп айтқан.
Менің айтар ойыма сәйкес етіп, автор былай дейді:
Нәпсім менің, жалқаулықты доғарғын,
Ерінумен биік шыңға қонар кім?
Тыйылмасаң, көнесің де қорлыққа,
Олжа алғанын көрген емен олардың.
Өкініш пен тыныштықтан мақұрым
Қалғанын тек көрген, сірә, болармын...
Тағы бір өлең жолында:
Қаншама ұялу, өкініш, әлсіздік,
Жалқаулық тудырар, өмірді мәнсіз ғып.
Ақиқат іздеуде жалқаулық танытпа,
Білмеген нәрсені сұраудан жалықпа.
Жалқаулық білімнің артықшылығы мен жақсылығы жайлы аз ойлағандықтан болады дейді. Оқушы білім алу кезінде оның артықшылығын ойлай отырып, өзін оқуға, табандылық пен ұдайылыққа машықтау үшін барынша күш салғаны жөн. Өйткені білім – мәңгілік (мағлұматтар сақталғанша). Ал, мал-дүние – өткінші.
Мұсылмандар әміршісі Әли (р.а.) айтқандай:
Разы болдық үлес берген Жаббарға,
Білім – бізге, ал дүние – жауларға.
Дүние деген таусылады расында,
Ілім-білім сақталады мәңгі алда.
Пайдалы білім кісіге жақсы ат әкеледі. Дүниеден озғанда да аты өшпейді. Өйткені білім – мәңгі өмір.
материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды,
ummet.kz