19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Тәкпіршілдік тәлкегі

Тәкпіршілдік тәлкегі

Күдікпен күрес
Жарнама

Ислам – тұтас адамзатқа жіберілген ізгілікті насихаттаушы дін. Ал, Құран мен пайғамбар сүннеті – асыл діннің діңгегі. Бұл екі қайнар көз мұсылмандарға бағыт-бағдар беруші негіз.

Дінге деген дұшпандық


Дегенмен, сахабалардың заманында-ақ дінбұзар топтар бой көрсете бастады. Олар тіпті, көптеген сахабалардың қанын төкті. Оның ішінде Осман бин Аффан (р.а.) халифа да бар. Бұлар – хауариждер (харижиттер). Бұл – Ислам тарихындағы ең алғаш қараны «ақ» деп бұрмалаған ағым. «Харижит – көтерілісші, мемлекетке қарсы шығушы» деген мағынаны білдіреді. Мақсаты – Ислам мемлекетін құрамыз деген ұранмен ел ішін арандату. Дінбұзарлардың құрған арандату тұзағына түскен мұсылмандар екі рет бір-бірімен соғысты. Бұл екі қақтығыс тарихта Жамал және Сиффин шайқасы деп аталды. Ел арасында алауыздық пен дүрдараздық оты тұтанды. Олар мақсатына жете жаздады. Алайда, халифа Әли бин Әбу Талиб (р.а.) басшылығымен бұл ағымға тойтарыс беріліп жойылды.


Осылайша Исламға әр ғасырда идеологиялық шабуыл болып жатты. Біздің заманымыздағы харижиттер – такфир және һиржат ағымы. Ағымның аты айтып тұрғандай, негізгі ұстанымдары – олармен бір болмағандарды кәпір деп тану. Атап айтқанда, олардың түсінігінше – әрбір үлкен күнә жасаған адам – кәпір. Құранға емес, Ата Заңды басшылыққа алу – күпірлік. Мұндай билікке қарсылық білдірмеген халық та – кәпір. Ал, дін ғалымдарына келсе, үкіметті және халықты имансыз демегені үшін, олар да кәпір. Сонымен бірге, такфир жамағатының ой-пікірін естіп, олардың қатарына қосылмаған және аталмыш ағым жетекшісіне бойұсынуға серт бермеген әрбір адам – кәпір. Ал, осы жамағатқа кіріп, соңынан шығып кетсе – муртад. Демек, діннен шығушы. Такфир ағымының тұжырымы бойынша, олардың қатарынан шыққан адамды өлтіруге рұқсат. Міне, мұндай сенімде шынайы Ислам дінінің жұрнағы да жоқ деп толықтай айтуға болады.

Жаңылса кәпір ме?


«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, пенде болған соң адам қателеседі. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір өсиетінде:

«Барлық Адам баласы қателеседі. Бірақ сол қателесушінің ең жақсысы – тәубе еткені[1]», - деп баяндайды. 


Ал, аятта Алла Тағала тақырыпқа қатысты былай дейді: «...Ей, мүміндер! Мұраттарыңа жетулерің үшін барлығың істеген күнәларыңа шынайы өкініп, Аллаға тәубеге келіңдер[2]»,- деп әмір етеді.


Тек күнә жасаған адам ғана тәубе етеді. Күнә жасаған адамға аятта «кәпірлер» деп емес, «мүміндер» деп үн қатуда. Демек, мұсылман күнә жасап қойса, діннен шықпайды. Жүрегіндегі иманынан айырылмайды. Хадисте: «Әрбір ізгі және пасықтың артынан намаз оқыңдар[3]»,- деп айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кәпірдің артынан намаз оқуға қалайша бұйырады?! Діннен шыққан адамға ұйып құлшылық жасауға пайғамбар шақырмас болар?! Сонымен бірге: «Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді. Ал, одан өзгені (күнәларды) қалағанына кешіреді...[4]», - деген аят бар. Бұл аяттарды айғақ етумен күнә жасауға үндеу емес. Алайда, дінді дұрыс түсіндіру қажет. Аталмыш аяттар ақида кітаптарында осы тақырыпқа қатысты теріс ағымдарға қарсы жауап ретінде қолданылады.


Сондай-ақ, Абдулла бин Омар (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Қайсыбір адам өз (діндес) бауырына «Ей, кәпір!» десе, ол сөз екеуінің біріне тиеді. Егер айтқанындай болмаса, күпірлік сөз иесіне қайтады[5]»,- деген сөзі бұл ағымның бетпердесін ашып тұр (Муслим).

Тәпсірден теріс айналу


«Құран – тәпсірді қажет етпейтін кітап». Бұл да такфир ағымының басты ұстанымының бірі. Такфиршілер Құран және сүннеттен үкімдерді тікелей, ешбір тәпсір немесе түсіндірмесіз алу керек дейді. Ал, «Кімде-кім Алланың кәламы және пайғамбар сөзі тәпсірлеуді қажет етеді дейтін болса, ол – кәпір. Өйткені, ол адам баласының сөзі Алла сөзінен қарағанда анағұрлым ашық та, түсінікті деп сеніп тұр»,- деп түйіндейді. Такфиршілер бұл тұжырымын Құранның: «Біз әрбір Елшіні, анық түсіндіруі үшін өз елінің тілімен жібердік...[6]» және «...Бұл – аяттары аса Дана (Хаким), бәрінен Хабардар (Хабир) Алладан анық баяндалып, түсіндірілген Кітап[7]»,- деген аятты алға тартады.


Такфир ағымы «Алланың және пайғамбардың сөзі ап-айқын ба әлде адам баласының сөзін түсіну оңай ма?»,- деп сауал тастайды. «Алла Тағаланың сөзінің мағынасы айқын» десең, демек «Құран аяттарын ешбір талдамай тікелей сөзбе-сөз қабылдап, ілесу міндет» деп «пәтуа» береді. Ал, «Құран сөзі түсінікті емес, тәпсірлеу қажет» десең, Алла Өзінің сөзін бізге ұғынықты етіп жеткізе алмады деп тұрсың деп адамды «кәпірге» шығарады.


Әрине, мұның барлығы – дұрыс қисыннан алыс тұжырым. Қала берсе, талас-тартыс және бос сөз ғана. Такфир жамағатының түсінігі бойынша Құранды тәпсірлеу – күпірлік. Өйткені, тәпсірлеудің артында Алла Өз пәрмені мен үндеуін пенделерге жеткізе алмаған. Сондықтан адамдарға түсіндіруден туған қажеттілік»,- деп сынайды.


Олай болса, неге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немере інісі Аббасұлы Абдуллаға: «Уа, Алла! Діннің білгірі һәм Құран мағынасын түсінуші ете гөр[8]»,- деп бата берген?!

Біз тұрмақ, сахабалардың өздері де кейбір аяттардың астарындағы мағыналарды біле бермеген. Бір-ақ мысал айтайық, Абдулла ибн Аббас (р.а.) әңгімелейді: «Омар мені бадрлық ақсақал сахабалармен бірге мәжіліске қатыстыратын. Олардың кейбіріне бұл жақпай: «Баланы неге кіргізесің, біздің де балаларымыз бар емес пе?»,- дейді. Омар (р.а.) оларға: «Бұл баланы сендер дұрыс танымайсыңдар»,- дейтін. Бір күні мені тағы шақырып, мәжіліске кіргізді. Мені сынау үшін шақырғанын түсіндім. Халифа оларға: «Алла Тағаланың «Алланың жәрдемі мен жеңісі келген кезде» аяты жайлы не дейсіңдер?[9]»,- деді. Отырғандардың бірі «Алла Тағаладан жәрдем келсе, жеңіс болса мадақ айтып, жарылқау тілеуге әмір етіліп тұр»,- деді. Ал, кейбірі үндемеді. Омар: «Аббастың ұлы! Сен не дейсің?»,- деді. Мен: «Айтылған ойлармен келіспеймін»,- дедім. Омар: «Иә, айтпағың не?»,- деді. Мен: «Алла Өз елшісіне (с.ғ.с.) ажалы келгенін білдіруде. Аят пайғамбардың дәм-тұзының таусылғанының белгісі»,- дедім. Омар: «Уаллаһи, мен сен айтқаннан басқасын білмеймін»,- деді»[10]. Мұндай мысалдар көп-ақ.


Тәпсір – Құран аяттарының түсу себептерін, мақсатын, қиссаларын және меккелік және мәдиналық болып бөліну себебі, үкім және астарлы мағыналы аяттар, үкімі күшіндегі және күші жойылған үкім аяттар және т.б. жайттарды білу үшін қажет ғылым. Тәпсір – Құран аяттарының астарлы мағыналарын, оның мақсат-мұраты мен сырын түсіну үшін қолданатын ілім. Құран сарқылмас қазына болғандықтан тәпсірге деген қажеттілік әрқашан бола бермек. Ғылым дамыған сайын Құранның жаңа қырлары, беймәлім мағыналары ашыла береді.

 

Тағы бір белгісі – сахабаларды сынау


Аталмыш ағымның Исламға шабуылы мұнымен бітпейді. Олар шариғатты жеткізуші, пайғамбар (с.ғ.с.) достары болып табылатын сахабаларды да оңдырмаған. Такфирлер мұхажир және ансар сахабаларға қатты шабуыл жасаған. Ондағы мақсаты – сахабаларға ілесу мен олардың сөзі мен амалын дәлел етіп алуды жоққа шығару.


Такфир ағымының кітабы Рисалат Хужжиятта: «Егер сахаба деп Алла елшісін (с.ғ.с.) көріп, одан дін насихатын естіген адам дейтін болсақ, Пайғамбарды көріп, оның сөзін естіген адамдар арасында жүректеріне иман кірмеген мұнафиқтар және дала арабтары, тіпті, діннен шығып кеткендері де болды...»,- дейді.


Әрине, бұл сорақы надандықтың шегі болса керек. Ислам ғұламалары сахабаға: «Пайғамбарды (с.ғ.с.) кездестіріп мұсылман болған және мұсылман күйінде қайтыс болған адам»,- деп анықтама берген. Сондықтан, діннен шығып кеткен адам сахаба болып саналмайтыны белгілі. Ал, мұнафиқтар жайлы, тіпті, сөз қозғаудың өзі артық.


Хауариж ағымы да сахаба Әли бин Әбу Талибті (р.а.) өздеріне қарсы шыққаны үшін кәпір деген[11]. Әли (р.а.) – бала күнінен Пайғамбарға (с.ғ.с.) ілескен, Құранды толық білген, жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі. Хазірет Әлидің (р.а.) қадір-қасиеті жайлы көптеген хадистер бар. Әлиді кәпір деген ағым сіз бен бізді мұсылман дейді ме?! Ақидамызда сахабаларға тіл тигізу – үлкен күнә болып есептеледі.


Такфиршілер сахабалар арасында орын алған келіспеушілік, олардың сөзін шариғи құжат ретінде алмауға себеп болады және олардың соңынан ермеуге негіз дейді. Бұл ағым: «Егер сахаба ізгіліктегі адам, жәннатпен сүйіншіленген адам, Бадр шайқасына қатысушы, Худайбия сертіне қатысушы десек, бұлардың барлығы да өзара келіспеушілікке тап болғандар. Ақиқат – біреу. Олардың қарама-қайшылығы оларға ілеспеуге себеп болады. Тақуалық пен пәтуаны араластырмайық. Өйткені, пәтуа білім мен шындықты талап етеді»,- деп түйіндейді. Адасқан бұл топ, тіпті, тура жолдағы төрт халифа болса да, олардың сөздерін үкім ретінде қабылдамайды.


Сахабалар арасында орын алған келіспеушілік ақида мәселесінде болмады. Келіспеушілік кейбір шариғи мәселе төңірегінде болды. Ғұламалар: «Сахабалар бір мәселеде бірқатар ой білдірсе, сөзін пәтуа ету үшін арнайы талаптар қойғаны белгілі. Бұл сахабалар сөзі құжат ретінде жүрмейді деп айтуға негіз емес»,- дейді.

Такфирдің мәзһабқа тиісуі


Сахабаға тиіскен ағым ғұламаларды сау қоймасы анық іс. Олар мәзһабқа да қарсы. Такфир тақлидке де қатты шүйліккен ағым. Тақлид – ілесу деген мағынаны білдіреді. Ал, терминдік мағынасы – шариғат үкімдерінде ғалымдарның пәтуасына ілесу. Әрбір адамның Құран мен хадисті толықтай жетік білуі мүмкін емес. Сондықтан, ғалымдардың сөзін қабылдауы қажет. Қала берсе, мұндай үрдіс шариғат ілімінде ғана емес, барлық ғылым саласына ортақ құбылыс. Басқаша сөзбен айтқанда, электр жарығын шығарудың қалыптасқан жолы бар. Кез келген адам қаласа оның басқаша жаңа тәсілін табуына болады. Оған ешкім кедергі келтірмейді. Алайда, оған білімі жетпесе, ғалымдар тапқан әдісін қолданады. Ал, тәкфир жамағаты осындай қарапайым қисынмен келіскісі келмейді. Ең алғашқы күпірлік тақлид себепті орын алған деп әрбір мұсылман дәрет және намаздан бастап барлық діни сауалдарға жауапты өзі іздеу керек деген ойды қозғайды. Әрине, бұл дінді дамытпайтын түсінік. Мұндайды ешбір ғылым құптамайды.


Негізі, ең алғашқы күпірлік ілімге ілеспеу, ғалым сөзіне құлақ салмаудан басталды. «Ғұламалар сөзіне құлақ аспаңдар, өз беттеріңше Құран аяттарын түсініңдер» деу, бұл – ілімсіздік былай тұрсын, ақымақтықтың шегіне жету емес пе?!


Мәзһаб – ижмағ. Ижмағ – бір дәуір ғалымдарының белгілі мәселе төңірегінде бірауыздан ортақ пәтуа шығаруы. Фиқһ негізінің ғалымдары осылай анықтама берген. Такфир ағымы – ижмағқа, яғни ғұламалар пәтуасына құлақ салған адам – кәпір. Ижмағ үкімін шариғат деп қабыл алу Алладан басқа құдайларға сенумен тең дейді. Олардың кітабында: «Ижмағ – шариғи құжат емес...», – деп көрсетілген. Міне, осындай тұжырымдар бұл ағымның шариғатты толығымен бұрмалап жатқанын көрсетеді.


Бұл ағым: «Қияс, Ижмағ және басқа фиқһ негіздеріне сүйенген адам – Алла Тағалаға ортақ қосушы, кәпір», – деп бағалайды. Ижмағ – әһли сунна уал-жамағат бойынша шариғи құжат болып қабылданады. Өйткені, ижмағ дұрыстығы Құран және хадисте айтылған. Мұнда айта кетерлік жайт, «такфир және һижрат жамағаты» мужтаһид ғалымдар ижмағын теріске шығарғанымен, өз жетекшілерінің сөзі мен іс-әрекетін дәлел ретінде қабылдайды. Тіпті, жетекшіге қарсы шығуға, күмәндануға тыйым салынады. Байқасаңыз, олардың бұл әрекеті шариғаттан бұрын саяси ұйымның әрекетіне көбірек ұқсайды.


Ғылымға ата жаудай қарайтын бұл топ үшін тарихтың ешбір құндылығы жоқ. Ислам тарихын ғибрат етіп алуды жөн санамайды. Олар: «Тарих Құран Кәрімде айтылған ең көркем қисса-әңгімеден ары аспайды», – дейді. Олар «Сауатсыздықпен күрес – дүнияуи ілімдер шырмауына байлану. Ислам ғылымынан алыстату үшін яһудилер шығарған үндеу» деп бағалайды. Тек осы ағымның өз алқаларында үйретілетін қағидаларды ғана негізгі ілім деп біледі. Бұрынғы және қазіргі заман ғұламалардың тәпсір мен ақида еңбектерін оқудың қажеті шамалы. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында білім алудан бас тартуға шақырады. Өйткені, бұл «дирар мешіт[12]» үкіміне кіретін тағұт ұйымдар деп пәтуа береді. Тағут – шайтан және оның әскері. Ал, «дирар мешіті» – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде мұсылмандар арасында бүлік пен араздық тудыру үшін салынған мешіт.


Бес уақыт намаз бен жұма намазын мешітте оқуға тыйым салады. Өйткені, бұл мешіттер «дирар мешіттері». Ал, имамдары – кәпірлер. Олардың көзқарасы бойынша, жамағатпен оқуға болатын тек төрт-ақ мешіт бар, олар: әл-Харам мешіті, Пайғамбар мешіті, Құба мешіті және Ақса мешіті. Бірақ, бұл мешіттерде де тек өз араларынан болған кісі имам болса ғана оқиды.


Алла Тағала мұндай соқыр сенімнен сақтасын. Исламның барлық құндылықтарын аяқ асты етіп жүрген бұл топтың арам пиғылының құрбаны болып қалмайық! Ұл-қыздарымыз қандай кітап оқуда, кімнің уағызын тыңдауда, ғаламторда қандай діни сайттарды пайдаланып жүр? Бұл мәселелерге бей-жай қарамайық. Өйткені, сенім дұрыс қалыптаспаса адамды сергелдеңге салып қояды.

Төлеби ОСПАН

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы


[1] Әт-Тирмизи 2499, Ибн Маджаһ 4251. Имам Хаким, имам Ибн Қаттан хадисті сахих деген.

[2] Нұр сүресі, 31-аят.

[3] Әбу Дәуід.

[4] Ниса сүресі, 48-аят.

[5] Муслим.

[6] Ибраһим сүресі, 4-аят.

[7] Һуд сүресі, 1-аят.

[8] Мустадрак.

[9] Насыр сүресі, 1-аят.

[10]Жамъ фауаид уә аъзабу мәуәрид, 2/285.

[11] «Бахр Кәләм» ақида кітабынан.

[12] Тәуба сүресі, 107- аят.

Бөлісу: