21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Неге аспанға қарап дұға жасаймыз?

Күдікпен күрес
Жарнама

Адамзатты жаратқан Мейірімді Алла әрбіріне ризығын бөліп, несібесіне қол жеткізуі үшін қарап жатпай себебін жасап, кәсіп етуді бұйырған. Кәсіп жолында нығметін жаудырып жатқан Ұлы Жаратушыны дәріптеп, жалбарына дұға жасау болса, ақылдының оң ісі болып табылады. Осы орайды дәріптеу мен ұлықтау жүректің ісі, ал дұға жасап алақан жаю дене мүшелерінің ісі.

Ал ақылдың жұмысы – пікір жүргізіп, дұрыс танымға жету. Жүрек пен дене-мүшелер арасындағы қарым-қатынас еріксіз. Жүрек жұмсақ болса дене-мүшелер иілгіш келеді. Қатты болса айналасына зиян береді. Жүрек Раббысын таныса, иман келтіріп ұлықтауға кіріссе, оған дене де еріксіз еріп, құлшылығын жасайды. Бұл жүректің қалауы мен әмірі.

Алайда әсер жүректен денеге ғана емес, бәлкім денеден жүрекке де өтуі мүмкін. Дененің жүрекке берер әсері – қолды жоғары көтеріп Раббысының Ұлы әрі Биік екенін көрсетіп, өзін төмен санаса жүрек те кішірейіп өзін қор сезіне түсуі. Жүрек Раббысын тану мен ұлықтауда тарапқа мұқтаж емес. Себебі, оның іші тола сезім. Ал сезім тарапқа тәуелді емес, бірақ дене-мүше тарапқа мұқтаж. Сол себепті, дене өзінің қор екенін көрсетіп, Жаратушыны ұлықтау үшін қолын жоғары көтереді. Дегенмен бұл Жаратушы аспанда деген ұғым бермейді.

Ақылы аз, санасы таяз біреулер Алла Тағала аспанда дейді. Дәлелдерінің бірі осы. Біз қолымызды неге аспанға қарап көтеріп дұға жасаймыз, Алла аспанда болмаса неге Пайғамбар (с.ғ.с.) аспанға қарап дұға етті, неге әтеш аспанға қарап шақырады, деген сұрақтарға жүгініп, Құдайымыз көкте деген тұжырымды шығарады. Алайда бұл надандық.

Қолды аспанға көтеріп дұға жасау «Алла аспанда» деген ұғымды беруі шарт емес. Себебі жоғарыда айтқанымыздай дененің ұлықтауы тараппен болады. Ал, жоғарғы тарап «құрметті» деген мағынаны береді. Әлбетте, төбеге қол көтеру Құдайдың мекеніне бағыттау деген сөз емес. Сол себепті жүрек жұмысы ұлықтау болса, дененің қызметі құлшылық болса, ал ақылдың қызметі – оңды пікір жүргізу. Осы құндылықтарды өз орнымен дұрыс пайдалана білуіміз керек.

Нұрсұлтан Мамедалиев,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы.

Бөлісу: