21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

«Кəпір» деуге асықпа!

«Кəпір» деуге асықпа!

Күдікпен күрес
Жарнама

Бүгінгі таңда тек өздерін ғана «шынайы мұсылманбыз» деп, өзгелердің барлығын, «кәпір» есептейтін адасқан ағымның бұғанасы беки қоймаған жастарымыздың санасын улап жатқандығы ешкімге де жасырын емес.

Дінсіздікті діңгек еткен кеңестік дәуірдің бодауынан енді ғана шыққан халықты «кәпірсің» деп айыптау сауатты мұсылманнің ісіне жатпайды.

Күпірлікте айыптау – адамның сөзіне емес, шариғатқа негізделеді. Бұл құқық Алла мен Оның елшісіне (с.ғ.с.) ғана тән.

Имам Ибн Абидин (р.х.): «Күпірлік – қауіпті нәрсе! Егер мен мүминнің күпірліклікке түспейтініне бір ғана ақтау тапсам, оны күпірлікте айыптамас едім»,-деген.

Қатардағы қарапайым адамның біреуді күпірлікте айыптауы үлкен күнә болып табылады. Сонымен қатар, сол айыптауы орынсыз болса өзіне оралатындығы жайында сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде ескерткен.

Ибн Омар (р.ғ.)-дан жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.):

 «أَيُّمَا امْرِئٍ قَالَ لِأَخِيهِ: يَا كَافِرُ، فَقَدْ بَاءَ بِهَا أَحَدُهُمَا، إِنْ كَانَ كَمَا قَالَ وَإِلَّا رَجَعَتْ عَلَيْهِ»

«Егер қандайда бір адам бауырына: «Ей, кәпір!» десе, бұл олардың біреуіне қайта оралады». (Хадисті имам Бухари риуаят етті).

Әбу Зар (р.ғ.)-дан жеткен хадисте:

«مَنْ دَعَا رَجُلاً بِالْكُفْرِ أَوْ قَالَ: عَدُوَّ اللَّهِ، وَلَيْسَ كَذَلِكَ إِلَّا حَارَ عَلَيْهِ»

«Кім бір кісіні күпірлікте айыптап: «Кәпір», немесе «Алланың дұшпаны», – десе, ал ол олай болып табылмаса, онда айтылған сөз оны айтқан иесіне қайта оралады!». (Хадисті имам Муслим риуаят етті).

Жаратушы Хақ Тағала:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَتَبَيَّنُوا وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَى إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا

«Әй, мүміндер! Алла жолында шықсаңдар, өте анықтаңдар. Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып: «Сен – кәпірсің», – демеңдер»,-деп айтты. (Ән-Нисә сүресі, 94 аят).

Тәпсірші сахаба Ибн Аббас (р.ғ.) осы аяттың тәпсірінде: «Алла Тағала мүминдерге «лә иләһә илләлла» – деп куәлік айтқандарға: «Сен – кәпірсің!» деп айтуды, оларға өлексені тыйым салған сияқты, тыйым салды!»,-деп айтқан.

Имам Заркәши (р.х.): «Күпірлікте айыптағыштың өзі, мұсылманды такфир жасауның себебінен, күпірлікке кіріп кетуден қорықсын!» дейді. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:

                "تَكْفِيرُ الْمُسْلِمِ كَقَتْلِهِ"

«Мұсылманды күпірлікте айыптау – оны өлтірген секілді».

«Іштен шыққан жау жаман» демекші бұл турасында Омар ибн Хаттаб (р.ғ.) былай деген екен: «Мен бұл үммет үшін оны иман ұстап қалатын муминнен, немесе оның бұзақылығы айқын болған бұзақыдан қауіптенбеймін. Алайда, мен Құранды оқуын кемелдендіргенге дейін оқитын, ал содан соң оны шынайы мағынасына қарсы тәпсірлейтін адамнан қорқамын!».

Имам Әбу Аббас әл-Қуртуби (р.х.): «Күпірлікте айыптау – адамдардың көбі келіп сүрінген қауіпті есік, ол есіктің алдында таңдаулылар ғана тоқтап, құтылады. Қандай іс құтылумен теңдесе алады десеңізші!», деген.

Нағыз мұсылман пенде тырнақ астынан кір іздеп, басқаларды күпірлікте айыптаумен айналыспайды. Керсінше өзінің бойындағы кемшіліктермен күреске түседі.

Израйл әулетінде ағайынды, тетелес екі кісі болды. Ол екеуінің бірі ылғи күнә жасайды екен, ал екіншісі құлшылығына берік, ыждаһатты діндар еді. Ыждаһатты діндар өзінің тетелес бауырының күнә істеп жатқанын көрген сайын: «Доғарсайшы»,- дейтін еді. Бір күні әлгі діндар өзінің  тетелесінің күнә істеп жатқанын көріп қалып, оған: «Доғарсайшы»,- деді. Сонда әлгі кісі: «Сен маған тыныштық берші, менің тағдырымды Құдай шешеді, сен маған бақылаушы болып келдің бе?»,- деді. Ыждаһатты діндар оған: «Аллаға ант етейін! Алла сені кешірмейді де, жәннәтқа да кіргізбейді»,- деді. Екеуінің ажалдары жетіп қайтыс болған кезде екеуінің жаны бүкіл әлемнің Жаратушы Иесінің алдына келеді. Құдай Тағала ыждаһатты діндарға: «Менің ішімдегіні біліп қойдыңба, әлде Мені райымнан қайтара алатындай құдірет иесі ме едің?»,- деді.

Ал күнәһарға: «Бар, сен Менің рахымшылығыммен жәнәтқа кір»,- деді. Сосын тозақ періштелеріне діндарды меңзеп:  «Ананы тозаққа апарыңдар»,- деді.

Әбу Хұрайра: «Жанымды қолына ұстаған Алламен ант етемін! Ол бір-ақ ауыз сөз айтты, сол сөз оның бұл дүниеде де, ахиретте де түбіне жетті»- деді. (Хадисті имам Мүслим, Әбу Дәуіт, имам Ахмад риуаят етті).

Нұрлан Рамазанов,

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Бөлісу: