21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с) жасамаған істің барлығы бидғатқа жата ма?

Күдікпен күрес
Жарнама

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйғаны белгілі. Алайда кей нәрселер бар, олардың жамандығы да, жақсылығы да айтылмаған. Бағзы біреулердің пайымдауынша Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасамаған барлық нәрсесі дінде бидғат болып саналады-мыс.

Себебі ол  жақсы болғанда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) міндетті түрде оның жақсы екеніне сілтеме жасар еді дейді. Расында солай ма? Бұны Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен және де дінді тереңінен зерттеген ғалымдардың баяндамасынан қарастырып көрсек.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір нәрсені істемеуі ол істің бидғат немесе харам болғандығынан деу шарт емес. Себебі, оның басқа да себептері болуы мүмкін:

►Әдет

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адам ретіндегі әдеттегі жағдайы мен табиғатына тура келмеуі. Оған дәлел:

أُتِيَ النَّبِيُّ بِضَبٍّ مَشْوِيٍّ، فَأَهْوَى إِلَيْهِ لِيَأْكُلَ؛ فَقِيلَ لَهُ إِنَّهُ ضَبٌّ فَأَمْسَكَ يَدَهُ، فَقَالَ خَالِدٌ أَحَرَامٌ هُوَ؟ قَالَ لا، وَلَكِنَّهُ لاَ يَكُونُ بِأَرْضِ قَوْمِي فَأَجِدُنِي أَعَافُهُ، فَأَكَلَ خَالِدٌ وَرَسُولُ اللَّهِ يَنْظُرُ

«Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отқа қақтырылып пісірілген үлкен кесіртке ұсынылды. Ол (с.ғ.с) оны жегісі келіп қолын созған кезде оның үлкен кесіртке еті екені айтылды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолын қайта кері қайтарып алды. (Бұны бақылап отырған) Халид (р.а): «Бұл (яғни үлкен кесіртке еті) харам ба?»–деп сұрады. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, харам емес, алайда ұнатпады дейтіндей ол қауымымның жерінде жоқ қой,» – деді. (Харам емес екенін естіген) Халид етті жеді, ал Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса, бақылап отырды» (Бухари, Муслим).

►Ұмытқандығынан жасамауы

Мысалға: Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде намазда бір нәрсені ұмытып жасамай кетті. Сонда сахабалар: «Намазда өзгеріс болды ма?» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

إِنَّمَا أَنَا بَشَرٌ مِثْلُكُمْ أَنْسَى كَمَا تَنْسَوْنَ ، فَإِذَا نَسِيتُ فَذَكِّرُونِي

«Расында мен де өздерің секілді адаммын, сендер сияқты мен де ұмытамын. Егер ұмытқан болсам есіме салыңдар,» – деді (Бухари, Муслим).

►Үмметтіне парыз болып қала ма деп қорқып жасамауы

Сахабалар (р.а) тарауихты Пайғамбарымызбен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге оқуға жиналғанда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тарауихты (сахабалармен мешітте) оқымаған (Бухари, Муслим).

►Ой жүгіртпеуі

Алғашқыда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұма хұтпасын пальма ағашының діңгегінде тұрып айтатын, ол кезде мінбер жасау туралы ойына келмеген ді. Кейіннен мінбер жасау туралы пікір айтылған кезде ол ойды құптап қабылдаған. Себебі, мінберде айтылған хұтба жақсырақ естіледі.

►Аяттар мен хадистерде жалпылай айтылғаны үшін (жеке тоқталып) жасамауы

Мысалға дұха (сәске) намазы және басқа да мәндүп амалдар. Себебі, жақсы деп білінген амалдардың барлығы да Құранның аяттарында жалпылай білдірілген. Мысалға:

وَافْعَلُوا الْخَيْرَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«...Жақсылық жасаңдар, бәлкім жеңіске жетерсіңдер,» («Хаж» сүресі, 77-аят) деген секілді. Бұл сынды аяттар көптеп келеді.

►Кей сахабалардың жүректерін қаяу салудан қорқуы

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша (р.а) анамызға былай деді:

لَوْلَا حَدَاثَةُ عَهْدِ قَوْمِكِ بِالْكُفْرِ لَنَقَضْتُ الْكَعْبَةَ، وَلَجَعَلْتُهَا عَلَى أَسَاسِ إِبْرَاهِيمَ، فَإِنَّ قُرَيْشاً حِينَ بَنَتْ الْبَيْتَ اسْتَقْصَرَتْ، وَلَجَعَلْتُ لَهَا خَلْفاً

«Егерде қауымыңның күпірлік кезеңінен жаңа шыққандығы болмаса қағбаны бұзып (қайта) Ибрахимнің (а.с) салғанындай салар едім. Себебі құрайыштықтар үйді (қағбаны) салғандарында қысқартты (пәсейтті). Және де арқасынан есігін жасар едім.» (Бухари; Муслим)

Өстіп қағбаны қайта бұзып салуды іске асырмаған. Осылайша исламды жаңа қабылдаған меккелік сахабалардың жүректеріне қаяу түсірмеген.

Хадис кітаптарға көз жүгіртер болсақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) істемеген істерінің істемеуіне себеп болған басқа да тұстарын байқауға болады.

Сол сияқты ешбір хадисте Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) істемеген нәрсесі харам болып қабылдануы керек деген ешбір ашық келген мәтін де жоқ.

Ғалымдар арасында белгілі болған жайт–амалдардың ниетке байланысты екені, әрбір іс мақсатымен өлшенетіндігі. Егер арадағы себеп жақсылыққа жетелесе, ол туралы айтылған нақты шектеу болмаса, Алла мен оның Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  әмірлеріне көлденең келмесе онда оны жасаудың еш әбестігі жоқ. 

(Әл-инсаф фима усира хаулаһу әл-хиләф кітабынан қысқартылып алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: