26
Сс, Қырқ
35 Жаңа

Мекен берген, халық қылған Ол–лә мәкән

Күдікпен күрес
Құралдар
Шрифт

Кей адамдар осы ғасырда Алланың заты туралы айтылған мәтіндерге қатысты қате ашықтамалар жасаулары кең тарап кетті.

Оған себеп болған негізгі фактор – дін мен сенім мәселесінде қиял мен елестеріне сүйенулері. Олар физиканың тысындағыны физикалық өлшеммен бағалады. Аллаға орын беріп, Оны мекеннің ішінде деп бекітті. Әйтсе де «Оған ұқсаған ешнәрсе жоқ» екенін де бекітеміз дейді. Осылайша бір сөздері екіншісіне қайшы келіп түсініксіз нәрселер айтатын болды.

Бұл адамдар Алланың орны, мекені бар деп Құранның:

الرَّحْمَٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَىٰ

«Рахман аршқа истиуа жасады» (Таһа 5),

ثُمَّ اسْتَوَىٰ عَلَى الْعَرْشِ

«Сонан кейін аршқа истиуа жасады» (Ағраф 54) деген және осыған ұқсаған аяттарға сүйеніп айтады. Бұл аяттардың саны жетеу.

Алайда бұл аяттарды «бұл Алланың орны, мекені» деп тәпсірлеу дұрыс емес. Себебі бұл аяттардың Алла Тағаланы мекеннен пәктейтін, Алланың ұлы затына сай, нұқсансыздығына лайық, дәл осы аяттардың басы мен жалғасының мағыналарымен ұштастырылған басқа да көптеген тәпсір-ашықтамалары айтылған. Оған қоса Алла Тағаланың не нәрседен де пәк екенін қуаттайтын

لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ ۖ وَهُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Оған ұқсаған ешбір нәрсе жоқ, және де Ол Естуші, Көруші» (Шура 11) және де

وَلَمْ يَكُن لَّهُ كُفُوًا أَحَدٌ

«Әрі оған ешкім тең емес» (Ықылас 4) деген аяттардың да жоқ еместігі қаперіңізден шықпасын...

Жалпы мекен, орын деген – дененің орналасқан кеңестігін білдіретін ұғым. Ол әлгі дененің шеттерімен ұштасып тұрады. Ал терминдегі анықтамасына келсек, Байжуридің айтқанындай: «Ахлу сунна қауымында мекен ұғымы – елестетілген кеңестік» дегенді білдіреді. Анықтамада «кеңестік» деген сөзді қолдануы онда дененің орналасатындығынан, әрі ол сол дененің үштік өлшемімен айқындалады. Ал «елестетілген» деген сөзді қолдануы болса, ол кеңестікте белгілі дене қойылмайынша нақты мекен болмайтыны үшін, ол тек елесте ғана суреттеледі.

Осы анықтамаға ұқсас басқа да анықтамалар айтылған. Мысал ретінде Зәркашидің «Жамғул-жауамиғ» деген кітапқа жасаған ашықтамасынан қарасаңыз болады.

Осындай мағына беретін мекен сөзі Алла Тағалаға қатысты әсте қолданылмайды. Себебі Алла Тағала қандай да бір мекенде десек, онда Алла Тағаланы дене деген боламыз, ал Ол дене болса жаратқан жаратылыстары іспеттес болады. Бұл ақылға қонымсыз. Себебі Ол –

لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ ۖ وَهُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Оған ұқсаған ешбір нәрсе жоқ, және де Ол Естуші, Көруші» (Шура 11) және де

وَلَمْ يَكُن لَّهُ كُفُوًا أَحَدٌ

«Әрі оған ешкім тең емес» (Ықылас 4).

Алланың мекені жоқ деуіміз Оның шетінің де, тарапының да жоқ екенін көрсетеді.

Белгілі болғандай, Алла Тағала оу бастан бар. Ол бар кезде мекен де, заман да болмаған. Ол екеуін де жаратқан Алла Тағала. Ал енді не нәрсенің мекені бар десек, ол нәрсенің әлгі мекеннің ішінде, мекен оны қоршап тұр деген боламыз. Әлгі мекен ішіндегі зат өлшеніп, шектелуге қолжетімді болады. Ал Алла Тағала болса шектелмейді де, өлшенбейді. Ол бір нәрсеге қамтылып, қандай да бір өзгеріске ұшыраудан тым пәк. Расында Алла олардың айтқан сөздерінен де, сипаттаған сипаттарынан да әлде қайда пәк, тым жоғары.

Қазы Абу Яғла Ханбали «Муғтамад» атты кітабында былай деді: «Расында Алла Тағала мекен сипатымен сипатталудан пәк. Егер біреу: «Алланың мекені жоқ десек, онда тарапы да жоқ дегенді білдіреді, ал тараптың жоқ болуы Өзінің де жоқ екенін білдірмей ме?» десе, оған: «Егер ол нәрсе бірге болу мен бөлек болу сынды сипаттарды қабылдаса айтып тұрғаныңдай болуы мүмкін. Алайда ол тараптармен сипатталмайтын болса онда тарапы жоқ деген ақылға қонымсыз емес. Ол мына мысалмен түсініктірек болады: әрбір нәрсе не ақылды, не ақылсыз болуы керек деп осы екі сипатты қабылдайтын нәрсеге қолдансаң, онда сөзіңнің жаны бар. Ал егер ол нәрсе бұл екі сипатты да қабылдамайтын – дуал сияқты – нәрсеге айтылса, онда ол ақылды, не ақылсыз болуды қажет етпейді,» –деп жауап бер.

Имам Фахруддин Рази айтты: «Алла Тағаланың:

قُل لِّمَن مَّا فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ ۖ قُل لِّلَّهِ ۚ

«(Оларға) айт: «Көктердегі және жердегі нәрселер кімдікі?», «Алланікі» де» (Әнғам 12) деген аяты мекеннің де, әрі оның ішіндегінің бәрі де Алланың иелігінде екенін білдіреді. Ал:

وَلَهُ مَا سَكَنَ فِي اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ

«Күндіз және түнде тұрақтаған нәрселер де Онікі» (Әнғам 13) деген аят болса заманға тәуелді, уақытқа бағынатын нәрселердің де барлығының Алланың мүлкі екенін көрсетеді.

Осылайша бұл екі аят мекеннің және мекенге қатысты болған нәрселердің, уақыттың және уақытқа тәуелді нәрселердің барлығы да Алланың иелігінде екенін көрсетеді. Бұл Алланың мекеннен де, уақыттан да пәк екеніне дәлел. Бұны Әбу Муслим Асфахани (р.а) өз тәпсірінде келтіргені.» («Әсәс әт-тақдис» кітабынан)

(Материал «Әл-инсаф фима усира хаулаһу әл-хиләф» кітабынан қысқартылып алынды)

Ummet.kz

e-max.it: your social media marketing partner