27
Сейсенбі,
Шілде

һижри

Намаз оқымайтын адам кәпір ме?

Күдікпен күрес
Жарнама

Расында намазды оқып, кейіннен оқымай қойған адам айналасында ғалымдардың айтқан бірер көзқарастары бар. Ол көзқарастар намазды тастаған адам кәпір бола ма жоқ па деген мәселенің тұсында.

 

Бұл мәселеде ғұламалардың ең көп бөлігі намазын тастап қойған немесе намазды оқымайтын, бірақ иманы бар адамның кәпір болмайтынын айтты, алайда ол адам күнахар, пасық (шектен шығушы), тура жолдан ауытқыған адам болып есептеледі, оны қайа тура жолға қайтарып тәубесіне келтіру керек екенін ескерді. Мұндағы ескеретін маңызды жайт–намазды тастаған адамның кәпір болмайтындығы.

Мысалға Имам Ахмадты (р.а) алайық. Кей адамдар оның намаз оқымайтын адамды кәпір дегенін айтады, оның бұл айтқанынан хабардармыз, алайда дәл сол Имам Ахмадтан жеткен өте сенімді деректерде оның бұл көзқарасынан қайтқандығы айтылған. Оның бұл сөзін өзінің төл шәкірті Мусаддад ибн Мусархадтың риуаятынан байқай аламыз. Себебі намаз да басқа діннің негізгі бағаналары іспетті егер оны әдейілеп мойындамай, жоққа шығарып бағатын болса онда ол бұл жағдайда кәпір болады. Ал егер намазды немесе басқа парыздарды орындамауына себеп жалқаулығы мен еріншектігі болса онда оның мәселесін Аллаға тапсырамыз, қаласа кешіреді, қаласа азаптайды. Бұл сөз Құранға, сүннетке және басқа да көптеген дәлелдерге негізделген. Және де бұл ғалымдардың басым көпшілігінің сөзі.

Алайда намаз оқымайтындарды кәпір дейтіндер де бар. Олар да кей хадистерді дәлел етіп алады. Олардың дәлелдеріне де жауап берейік. Мысалға сахих деректерде: «Адам мен шіріктің арасында намазды тастау бар» (Муслим), «Олар мен біздің арамызда намаз бар, кім оны тастаса күпірлік еткен болады» (Имам Ахмад) деген хадистердің келгенін айтады, артынша «Пайғамбардың (с.ғ.с) өзі күпірлік жасағандарын айтып жатыр, сен қалайша кәпір емес дейсің?» деп таң қалып жатқандарын көресің.

Бұның жауабы мынау: күпірлік екіге бөлінеді, біріншісі: сеніммен болатын күпірлік, оны жасаған адам діннен шығады. Мысалға: Аллажалғыз емес, Құран Алланың кітабы емес т.б. деу. Алла бізді одан сақтасын. Ал екіншісі: амал, іс-әрекетпен болатын күпірлік.

Амал, іс-әрекетпен болатын күпірлік өз алдына және де екіге бөлінеді:

Біріншісі: асылы иманға теріс келетін амалдар, мысалға, пайғамбарлар заманында пайғамбарды өлтіру, әдейілеп Құранды қоқыс, лас жерге тастау, ешкім мәжбүрлемесе де барып өз еркімен пұтқа табыну т.б. бұның бәрі күпірлік болып табылады. Бұларды істеген адам діннен шығып кетеді.

Ал екіншісі болса, асылы иманға теріс келмейтін амалдар. Амалдардың бұл түрі адамды діннен шығармайды. Алайда шариғатта бұған да күпірлік делінеді. Намаз оқымау да осыған кіреді. Себебі ол адам Алланы мойындап, шахадат айтып куәлік жасап тұр ғой. Біз оны исламнан шығармаймыз. Шариғатта оны кәпір деп атаса да, онда біздің түсінігіміздегі діннен шығаратын күпірлік мағынасы емес. Түсініктірек болу үшін Ибн Аббастың (р.а)  Құранға жасаған тәпсіріне қарайық, ол (р.а) харижилерге

وَمَنْ لَمْ يَحْكُمْ بِمَا أَنزَلَ اللَّهُ فَأُوْلَئِكَ هُمْ الْكَافِرُونَ

«Кім Алланың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар күпірлік етушілер» (Маида 44) деген аятты: «Бұл сендердің айтып жатқандарыңдай емес, мұндағы күпірлік басқа күпірлік (яғни діннен шығаратын күпірлік емес)», деп түсіндірген тәпсіріне қарайық. (Ибн Аби Хатим, Хаким, Байхақи)

Ал енді Пайғамбарымыздың мына хадисіне қарайық:

سِباب المسلم فسوقٌ، وقتاله كفرٌ

«Мусылманды сөгу–пасықтық, ал өлтіру–күпірлік» (Бухари, Муслим). Бұны пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі айтуда. Демек, мұсылман мұсылманды өлтірсе кәпір болады демек. Ал енді Құранға қараңыз, онда Алла Тағала:

وَإِن طَائِفَتَانِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ اقْتَتَلُوا فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا

«Егер иман еткендерден екі топ бір-бірімен соғысса, дереу араларын жарастырыңдар» (Хужурат 9) деп бұйырып тұр. Бір-бірімен соғысып, бірін бірі өлтіріп жатқан екі топты да иман еткендер деп айқындап тұр. Ендеше, Пайғамбар (с.ғ.с) «Өлтіру–күпірлік» деп нені айтқысы келгеніне көңіл бөлу керек. Ол (с.ғ.с) мұнда амалмен болатын күпірлікті айтуда, мұсылмандардың арасындағы бауырмалдық деген нығметке күпірлікті меңзеуде, Құрандағы «Расында иман еткендер бауырлар» деген аятты меңзеуде. Әйтпесе Пайғамбар (с.ғ.с) Құранға қарсы келмейді ғой. Сонымен қатар Пайғамбар (с.ғ.с) әйелдерге байланысты айтқан хадисінде: «Жақындарына күпірлік етеді, жақсылыққа күпірлік етеді» деген. Алайда әйелдердің бұл күпірлігі біздің түсінігіміздегі сенімдегі күпірлік емес, амалдағы күпірлік. Осы мағынада Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) күпірлік деген басқа да хадистері бар. Олар да осы айтылған хадистер сынды амалға қатысты болғандар.

Имам Абу Хатим Ибн Хиббан (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұл нәрселерді күпірлік деп атауының себебі істің басын оның соңымен атауы деп түсіндірді. Себебі бастапқыда бір нәрсені тастау өрби келе басқа да парыз амалдардың тасталуына итермелеп соңында ол адамның нағыз кәпір болып кетуіне әкелуі мүмкін. Себебі намаз ғибадаттардың ұлысы. Ғибадаттың ұлысын орындамаған адам басқа ғибадаттарға да егжей-тегжей қарап, ақырында оларды да орындамай кетуі әбден ықтимал. Артынан өзі істемегеннен кейін оны жоққа шығарады. Ал жоққа шығару оны кәпір қылады.

Сонымен қатар Алла Тағала:

إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَٰلِكَ لِمَن يَشَاءُ

«Алла өзіне ширк қосқанды жарылқамайды, ал бұдан өзге қалаған кісісіне жарылқау жасайды» (Ниса 48) дейді. Яғни Алла Тағала қаласа болғаны, ширктен басқа күнәлардың барлығын кешіреді. «Барлық» дегеннің ішіне намазды оқымау деген де бар. Себебі кешірілмейтін күнә ол тек ширк қана. Ал намазды оқымаудың ширк емес екені баршаға мәлім. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

مَنْ مَاتَ لَا يُشْرِكُ بِاللَّهِ شَيْئًا دَخَلَ الْجَنَّةَ ، وَمَنْ مَاتَ يُشْرِكُ بِاللَّهِ شَيْئًا دَخَلَ النَّارَ

«Кімде-кім Аллаға еш серік қоспастан жан тапсырса жаннатқа кіреді, ал кімде-кім Аллаға серік қосып барып жан тапсырса тозаққа кіреді» (Муслим) деген.

Осы, және басқа да көптеген дәлелдерге сүйенген мұсылман ғалымдары намазды оқымайтын адамның жүрегінде иманы болса ол кәпір болмайтынын айтып, онымен мұсылманша мәміле жасалып, қайтыс болса мұсылмандардың қабірлеріне жерленіп, мирасы мұсылман туыстарының арасында таралатынын айтты.

Ummet.kz

Бөлісу: