28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Ізгі адамдардың заттарымен табаррук жасау

Күдікпен күрес
Жарнама

Шектен шығушылардың үмбетті бөліп, үмбетке қарсы шығуларына себеп болған тағы бір мәселе — «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) және ізгі адамдардың заттарымен табаррук жасау - серік қосу, оларды исламға жатқызуға болмайды» деумен қатар, оларды мұсылман жұртшылығынан бөлулері. Олар мұны адасушылық деп есептейді.

 

Төменде «табаррук» сөзіне анықтама беріп, оның негізгі мағынасын түсіндіріп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) және ізгі адамдардың заттарымен табаррук жасаудың қаншалықты рұқсат етілген іс екендігін баяндаймыз.

Табаррук сөзінің тілдік мағынасы - береке іздеу. Береке сөзінің мағынасы - өсу, арту дегенді білдіреді. Әр-Рағиб әл-Исфаһани (р.а.): «Береке дегеніміз - Иләһи жақсылықтың бір нәрсеге даруы» деген. Ибн Манзур (р.а.): «Береке дегеніміз - өсу, арту мағынасын береді және «ат-табрик» адам үшін дұға тілеу немесе береке тілеуді білдіреді. «Барракту алейһи табрикан» десе, ол: «Саған Алланың берекесі болсын!» деген тілекті: «Барака Аллаһу аш-шайа» және «барака фиһи уә алейһи» дегенде: «Оған береке қойылды» мағынасын білдіреді. «Тағамун барикун» десе, «берекелі тамақ» деген ұғымды білдіреді» дейді.

Мұсылман адам ырыс-берекені беретін Алла Тағала екеніне сенеді. Кез-келген нәрсеге береке беруші - Алла Тағала. Жаратылған нәрселер өздігінен берекелі болмайды. Демек, береке тек Алладан келеді, кімге қаласа соған береді. Мәселен, Хақ Тағала Өзінің хикметімен уақыттардың бірін таңдап, оған береке береді. Құран Кәрімде: «Біз Құранды берекелі түнде түсірдік. Расында, біз ескертушіміз» (Духан 3), «Сондай езілген халықты біз берекелі қылған жердің шығысына да, батысына да мұрагер қылдық» (Ағраф 137), «Ол құлын бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін харам мешітінен біз айналасын берекелі қылған Ақса мешітіне апарды. Ол естуші, білуші» (Исра1) - деген. Мына аятта: «Лұтты құтқарып, әлемдер үшін берекелі болған жерге жеткіздік» (Әнбия 71) деп баяндайды. Алла Тағала Харам мешітін де берекелі етті. Ол жайында: «Негізінен адам құрылған үй (Қағба) - баласы үшін Меккеде алғаш бүкіл әлемге береке және тура жол» (Әли Имран 96) деген аят бар.

Хақ Тағала адамдардың ішінен кейбірлерін арнайы таңдап, оларға да береке берген. Олар - Пайғамбарлар (р.а.) және олардың әулеттері. Осыған қатысты Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сен Алланың әміріне таң қаласың ба? Алланың рахымы, берекеті сендерге болсын. Алла - мақтауға лайық, аса ұлық» (Худ 73) деген.

Пайғамбарлардың артынан ергендерге және оларға ілескендерге де береке берген. Ол жайында: «Әй, Нұх! Саған және сенімен бірге болған қауымға бізден амандық, беркеттер болған күйде кемеден түс! Біз талай топты дүниеде жүргіземіз. Содан кейін олар біздің күйзелтуші азабымызға ұшырайды» (Худ 48). Алла Тағала пайғамбарларды (а.с.) қайда жүрсе де берекеге бөлеп қойған. Ол турасында мынадай аят бар: «Сондай-ақ, мен қайда болсам да берекелі етіп қойды де». Тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырады» (Мариам 31). Тағы бір аятта Жаббар Хақ Өзінің түсірген шариғатымен жүрген момындарға береке бергені айтылады. Ол жайында Құран Кәрімде: «Егер бір ел иман келтіріп, тақуалық жасаса, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік. Бірақ, олар жасынға шығарады. Сондықтан қылмыстары себепті оларды қолға алдық» (Ағраф 96) делінген. Хақ Тағала сөзге де береке берген және Өз сөзінің де берекелі екенін айтқан: «Бұл Құран - біз түсірген берекелі насихат. Енді соған да қарсы келесіңдер ме?» (Әнбия 50). Момындардың бір- біріне берген сәлемі де берекелі. Мұны Құран Кәрім: «Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе Алла тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер. «Түсінерсіңдер», деп осылайша Алла сендерге аяттарын ашық баян етеді» (Нұр 61) деп баяндайды.

Алла Тағала тарапынан берекелі деп айтылған нәрселердің берекесін іздеу момын мұсылмандар үшін - мұстахаб. Сондықтан мұсылман адамға Пайғамбарымыздың (с.а.с.) және оның заттарымен табаррук ету - мұстахаб. Аталмыш табаррукты сахабалар Алла Елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде жасаған. Оларды бұл істері үшін Пайғамбарымыз (с.а.с.) сөкпеген болатын. Керісінше жауап ретінде пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға береке тілеген. Имам Бұхари (р.а.) өзінің кітабында Уруадан мынандай хадисті келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) дәрет алған кезде сахабалар оның дәретінен қалған су үшін бір-бірімен таласып қала жаздайтын» (Бухари).

Имам Бұхаридың кітабында келген Хұдайбия келісімі туралы хадисте Уруа бин Масғудтың Құрайышқа оралғаннан кейінгі оқиғасы баяндалған: «Уруа өз серіктеріне оралып: Ей, адамдар, Аллаға серт! Мен - патшалардың алдын көрген адаммын. Қайсар мен Кисраның, Нажашидің де алдында бол- дым. Алланың атымен ант етемін, өзге халықтардың өз патшаларын дәл Мұхаммедті (с.а.с.) сахабаларының құрметтегеніндей құрметке бөлегендерін көрмедім. Алланың атымен ант етемін! Егер пайғамбар (с.а.с.) түкіріп, түкірігі сахабаларының бірінің қолына түссе, түкірігін бетіне, денесіне жағатын. Егер сахабаларына бұйырса, оны орындау үшін асығатын. Егер дәрет алса, дәретінен қалған суы үшін бір-бірімен таласатын. Егер ол (с.а.с.) сөйлесе, қасындағылар дауыстарын көтермейтін. Және Оған құрмет ретінде тесірейіп қарамайтын. Ол сендерге тура жүрудің жолын көрсетті. Енді сол жолды ұстаныңдар»- деген болатын. (Бухари)

Тағы бір сахих хадисте: «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдына сәби балалар әкелінсе оларға береке тілеп, құрмамен ауыздарын ысқылайтын» - деп келеді (Муслим).

Әсмадан келген басқа бір хабарда: «Әсма Меккеде Абдулла бин әз-Зубайрға жүкті болатын. Әсма: «Мен жолға шықтым. Толғақ уақыты таяған болатын. Сөйтіп, Мәдина қаласына келе жатып, жолда Қуба деген жерге аялдадым және сонда босандым. Кейін Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп баланы қолына бердім, пайғамбарымыз (с.а.с.) құрма сұратып, оны шайнап, кейін баламның аузына түкірді. Баламның аузына түскен ең бірінші нәрсе Алла Елшісінің (с.а.с.) түкірігі болатын. Кейін құрмамен оның аузын ысқылап, балаға дұға мен береке тіледі. Балам ислам тарихында дүниеге келген ең бірінші нәресте еді»-делінген. (Бухари,Муслим)

Әсма бинт Әби Бәкір (р.а.) әл-Хажажға: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) қан алдырып, қанын менің ұлыма (Абдулла бин әз-Зубайрға) бергенде, ол оны ішіп қойды. Сол кезде Жебрейіл (а.с.) келіп, Пайғамбарымызға (с.а.с.) хабар береді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сен не істедің?» дейді. Сонда Абдулла: «Қаныңызды төгуді қаламадым» деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сені от шалмасын» деп басынан сипайды да: «Сенен адамдар күш-қуат, батырлық көреді, сен олардан алдау мен өтірікті көресің» - деген. (Хаким,Даруқутни)

Умайра бинт Масғудтан (р.а.) келген хадисте: «Бірде Умайра Пайғамбарымызға (с.а.с.) бауырларымен (сіңлілерімен) бірге келіп ант береді. Олардың саны бесеу еді. Сол кезде олар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кепкен ет жеп отырғанын байқайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға кепкен еттен шайнап берді әрі маған да кепкен еттен ұсынды. Сөйтіп, олардың әрқайсы кепкен еттен үзіп жейді. Дүниеден өткенде, олардың ауыздарынан жағымсыз иіс шықпады» деп келеді. (Табарани, Әбу Нуғайм)

Бұл - Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзінің тірісінде заттарымен табаррук қылғаны жайында келген деректер. Ал, ізгі адамдардың заттарымен табаррук жасауға келер болсақ, бұған дәлел ретінде Пайғамбарымыздан (с.а.с.) мұсылмандардың қолы тиген нәрсемен табаррук жасауға қатысты жеткен хадисін келтіре аламыз. Ибн Омар (р.а.): «Уа, Алла Елшісі, сізге жаңа құмырадан дәрет алған ұнай ма, әлде мұсылмандар дәрет алатын ортақ ыдыстан дәрет алған ұнай ма?» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мұсылмандар дәрет алатын ортақ ыдыстан дәрет алған ұнайды. Негізінде, Алланың діні - жеңіл, тура» - деп жауап береді. Ибн Омар (р.а.): «Алла Елшісі (с.а.с.) мұсылмандар дәрет алатын ортақ ыдысты алып келуді бұйыратын. Сөйтіп, су құйылған ыдысты алып келетін. Одан су ішіп, мұсылмандардың қолдары тигендіктен берекесін тілейтін дейді. (Табарани, Байхақи, Әбу Нуғайм) Бұл хадис дәрежесі жоғары адамның, дәрежесі өзінен төмен адаммен табаррук жасауына болатынын көрсетеді.

Бұл тақырыптағы дәлелдердің негізі пайғамбардың (с.а.с.) заттарымен табаррук қылуға қатысты хадистерге сүйенеді. Пайғамбардан (с.а.с.) келген берекенің орны жоғары бола тұрса да, берекенің пайғамбарға (с.а.с.) ғана қатысты емес екенін көреміз. Міне, бұл мәселені пайғамбарымыздың (с.а.с.) таза сүннетін түсіндірген Имам Науауи, ибн Хажар (р.а.) сынды үлкен ғұламалар осылай түсінген.

Имам Науауи (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) шапанымен шипа тілеу туралы хадисті келтіріп, былай деген: «Бұл хадисте ізгі адамдардың заттары және киімдерімен табаррук қылудың мұстахап екендігіне дәлел бар».

Имам Науауи (р.а.): «Бірде Біләл (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәрет алған суын алып шыққан кезде адамдардың бірі оны тәбәрік етіп одан қолымен алып, енді біреулері оны үстіне шашып жатты». Басқа хадисте: «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәрет алып болғаннан кейін қалған суынан адамдардың алып жатқандарын көрдім», - дегені анық баяндалған. Бұл хадис ізгі жандардың заттарымен тәбәрік ету және дәрет суының қалдығын, сарқыттарын, киімдерін пайдалануға болатындығын білдіреді».

Сонымен қатар имам Науауи (Алла оны рақымына бөлесін) жаңа туған нәрестенің аузына құрма жағу туралы хадисін келтіріп, былай деген: «Бұл хадистен біраз пайда алуға болады. Соның бірі - дүниеге жаңа келген шақалақтың аузын құрмамен ысу. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл ғалымдар келіскен сүннет амалы болып саналады. Тағы бір пайдасы - ізгі ер немесе әйел кісінің нәрестенің аузын құрмамен ысуына болады. Тағы бір пайдасы құрметті кісілердің заттарымен, түкірігімен және олардың барлық нәрсесімен табаррук қылуға рұқсат етіледі».

Имам Науауи тағы былай деп айтқан: «Бұл тақырыпқа қатысты үкімдерге келер болсақ, тақырып бойынша жаңа туылған сәбидің аузын құрмамен ысу және ізгі әрі парасатты адамдармен табаррук қылу мұстахаб екенін байқаймыз. Сондай-ақ, сәби балаларды ізгі адамдарға апарып, олармен табаррук жасау да – мұстахаб. Мейлі бала туысымен немесе одан кейін болсын, мұстахаб саналады».

Пайғамбардың (с.а.с.) адамдарға жақын болуы, олардың пайғамбармен (с.а.с.) тәбәрік қылулары, сондай-ақ, пайғамбарымыздың (с.а.с.) оларға кішіпейілдікпен қарауы жайлы тақырыпта былай деген: «Мұнда ізгілердің заттарымен тәбәрік қылудың рұқсат екендігін көреміз. Сахабалардың пайғамбардың (с.а.с.) заттарымен тәбәрік қылулары, сондай-ақ, пайғамбарымыздың (с.а.с.) мүбарак қолын салған ыдыс арқылы тәбәрік жасаулары, мүбарак шашымен тәбәрік етулері сахабалардың пайғамбарға (с.а.с.) деген құрметі еді. Егер қандай да бір сахабаның қолына пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір заты түссе, басқалары оны алуға асығатын».

Ғитбан бин Мәликтің (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) намаз оқыған жерін өзіне намазхана етіп алу үшін Алла елшісін (с.а.с.) үйіне арнайы намаз оқуға шақырғандығы туралы хадисті келтірген Ибн Хажар (р.а.) былай деген: «Бұл хадис Пайғамбарымыздың (с.а.с.) намаз оқыған немесе басқан жерлерін тәбәрік етуге болатындығын көрсетеді. Және бұл хадистен ізгі адамдардың бірі тәбәрік ету үшін шақырса, жолда қауіп-қатер болмаса, оған бару керек екендігі түсініледі».

Ибн Хажар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шапанын сұраған кісі әрі оны сол үшін сахабалардың жазғырғаны жайлы хадисті келтіріп: «Бүл оқиғада сыйлы кісілердің заттарымен табаррук қылуға ишарат бар» деген.

         Ибн Хажар (р.а.): «Хадисте ізгі адаммен және оның кейбір ағзаларымен әсіресе оң қолымен тәбәрік қылуға белгі бар». Сол секілді басқа бір хадисте тәбәрік және жақсылыққа жору мақсатында ізгі адамдардың заттарын қолданып, киімдерін киюге де дәлел бар», – деген.

Ибн Хиббан (р.а.) өзінің «сахих» кітабында: «Ізгі адамдардың нәрселерімен тәбәрік етудің мустахаб екендігі» жайлы тақырып келтіреді. Әрі осы тақырыпта Әбу Мұсадан (р.а.) келген мына хадисті келтіреді: «Бірде мен Мекке мен Мәдинаның арасындағы Жағрана деген жерге барғанымды, ол жерде Алла Елшісі (с.а.с.) және қасында Біләл бар еді.. Сол кезде Алла Елшісіне (с.а.с.) бір адам келіп: «Уа, Мұхаммед, сен маған уәде еткеніңді орындамайсың ба?» дейді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.) оған: «Сүйіншілеймін» дегенде әлгі адам: «Маған сүйіншіні көбейттіңіз ғой!» - дейді. Алла Елшісі (с.а.с.) ашулы түрде Әбу Мұса мен Біләлға қарайды да: «Мынау расында, сүйіншіні қайтарды, сен екеуің қабыл алыңдар» дейді. Екеуі: «Қабыл алдық, уа, Алланың Елшісі» дейді. Сонда: «Алла Елшісі (с.а.с.) суы бар бір ыдысты алдырып, оған дұға жасайды да, ол екеуіне: «Мынадан ішіңдер және беттеріңе әрі мойындарыңа құйыңдар» дейді. Ол екеуі ыдысты алып, екеуіне Алла Елшісі (с.а.с.) бұйырғандай істейді. Сол кезде бізге перденің артынан Уммү Сәлама (р.а.) дыбыстап: «Екеуің аналарыңа ыдыстарыңдағыны қалдырыңдар», - дейді. Ол екеуі суды мұсылмандардың анасына (Уммү Сәламаға) қалдырады».

 Ғалымдар ізгі адамдарды табаррук қылудың рұқсат екендігіне Пайғамбарымыздан (с.а.с.) қалған мұрамен табаррук етуге болатын хадистерді дәлелге келтірген. Ахмад бин Ханбал Яхия бин Яхияның шапанын табаррук еткендігі жайлы риуаят келген. Бұны ибн Муфлих (р.а.) былай жеткізеді: «әл-Уарағ» кітабында әл-Маруази Ахмад ибн Ханбалдың: «Маған Яхия бин Яхия (р.а.) қайтыс боларында шапанын өсиет етіп қалдырыпты. Кейін оны баласы маған алып келді. Мен оған «Яхия жақсы адам еді әрі осы шапанмен Аллаға құлшылық ететін. Сондықтан мен бұл шапанмен табаррук қыламын» дегенін айтады.

Ал, енді Пайғамбарымызбен (с.а.с.) және қалдырған мұрасымен дүниеден өтіп кеткеннен кейін табаррук ету мәселесіне келер болсақ, мұсылмандар бұл мәселені «тірі кезінде, дүниеден өткеннен кейін» деп бөліп қарамаған. Өйткені, көптеген сахабалардың (р.а.), сәләф салих имамдардың Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мұрасымен дүниеден өтіп кеткеннен кейін де табаррук жасағанына қатысты мәліметтер анық келген: «Омар бин Абдул Азизге (р.а.) өлім сәті жеткен кезде, Алла елшісінің (с.а.с.) шашынан бір тал шаш, тырнақтарынан бір тал тырнақ алдырып: «Егер мен өлетін болсам, осы шаш пен тырнақты кебінімнің ішіне салыңдар» деп бұйырған».

Сәһілден бір әйелдің пайғамбарды танымай, оған (с.а.с.) «Сенің жамандығыңнан Алладан пана тілеймін» деп жеткен хадисте: «...Күндердің бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) Сәһілді жолықтырады да, сөйтіп, Бану Сағиданың сақифасында (шатырында) сахабаларымен жиналып отырады. Кейін (Алла елшісі (с.а.с.)): «Уа Сәһіл, бізге су бер» - дейді. Сәһіл: «Мен оларға осы ыдысты алып шығып, су бердім» дейді. Әбу Хазм айтады: «Сәһіл бізге сол ыдысты алып шығып, біз одан су іштік. Кейін оны Омар бин Абдул Азиз сыйға сұрады, Сәһіл оны оған сыйға берді» деп келеді. (Тирмизи, Ибн Мажа)

Имам Науауи (р.а.) аталған хадистің соңында: «Осы хадисте Пайғамбардың (с.а.с.) ұстаған, киген немесе соған қатысы бар мұрасынан тәбәрік етуге дәлел бар. Міне, осы дәлелдерге сүйенген сәләф пен хәләф ғалымдары Алла Елшісінің (с.а.с.) раудасында (мінбері мен қабірінің арасында) намаз оқу арқылы тәбәрік жасауға бір ауыздан келіскен. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) адамдарға таратып беру үшін Әбу Талхаға (р.а.) шашын беруі, қызын кебіндеу үшін киімін беруі, екі қабірдің басына тал егуі осыны аңғартса, сондай-ақ пайғамбарымыз (с.а.с.) кірген үңгірге кіру сияқты өзге де амалдар осыған жатады. Мұлхан деген кісінің қызы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) денесінен шыққан терін жинаған. Ал, сахабалар Оның (с.а.с.) дәрет суымен үстерін сипаған, түкірігін беттеріне ысқылаған. Жалпы осыған ұқсаған нәрселер сахих хадистерде көп кездеседі. Еш күмәнсіз, осының бәрі тәбәрік жасаудың рұқсат екенін анық көрсетіп тұр» деген.

Әбу Бәкірдің қызы Әсмә (р.а.) бірде етек-жеңі жібекпен қапталған қалың шапанын шығарады да: «Бұл Айша анамыздың (р.а.) дүниеден өткенше киген шапаны еді. Қайтыс болған соң оны мен алдым. Шапанды Пайғамбарымыз да (с.а.с.) киетін. Біз бұл шапанды жуып, суымен ауырған адамды емдейміз» деген. (Муслим)

Сәһіл бин Сағыдтан (р.а.) келген хабарда: «Бір әйел пайғамбарымызға (с.а.с.) шапан алып келеді. Сәһіл сол жердегі қауымға: «Шапанның не екенін білесіңдер ме?», - дегенде, олар: «Жүннен жасалған шапан ғой», - дейді. Сонда Сәһіл: «Иә, бұл етек-жеңі тігілген жүн шапан», - деді. Әлгі әйел: «Уа, Алланың Елшісі, мына шапанды сізге кигіземін», - деп Алла елшісіне (с.а.с.) береді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұқтаж болғандықтан, оны қабыл етіп, үстіне киіп алады. Сахабалардың бірі Алла Елшісінің (с.а.с.) үстіндегі шапанға қызығып: «Уа, Алланың Елшісі! Мынау неткен керемет, маған кигізіңізші», - деп өтінеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Иә» - дейді. Пайғамбар (с.а.с.) орнынан тұрған кезде айналасындағылар: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұқтаждықтан алып тұрған- дығын көре тұра, оны сұрауың дұрыс болмады. Оның елден еш нәрсе сұрамайтынын, өзінен сұраған нәрсені бермей қоймайтынын білесің ғой», - деп оған ескерту жасайды. Сонда ол: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны киген кезде, оның берекетін тіледім. Бәлкім онымен кебінделермін» дейді» (Бухари). Ол Пайғамбардан (с.а.с.) бұрын не кейін қайтыс болатынын білмейтін. Бірақ, сахабалар оның бұл ісіне қарсылық білдірмеген еді.

Имам Заһаби (р.а.): «Сәбит әл-Бунани Анас бин Мәликті (р.а.) көрген сайын оның қолынан сүйетін де: «Бұл Алла Елшісінің (с.а.с.) қолын ұстаған қол» дейтін. Ал біз: «Алланың жердегі құрметтісі болған қара тасқа Алла Елшісінің (с.а.с.) ерні тиген, егер сен қажылыққа бара алмай қалсаң, қажылық жасаушыны жолықтырып, ернін сүйіп тұрып «Пайғамбарымыз (с.а.с.) сүйген қара тасты сүйген ауыз де»- деп айтамыз», - деген.

Имам Заһаби (р.а.) Абдулла бин Омардан оның пайғамбар (с.а.с.) қабірін сипауды ұнатпайтындығын жеткізген. Себебі оны әдепсіздік деп білсе керек. Ахмад бин Ханбалдан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабірін ұстау әрі оны сүю жайында сұралғанда, одан қандай да бір жамандық көрмейтінін айтқан». Бұл риуаятты баласы Абдулла бин Ахмад (р.а.) жеткізген.

Егер: «Осы нәрсені сахабалар істеді ме?» деген сұраққа келсек, онда олар көзі тірісінде Пайғамбарды (с.а.с.) жақсы көріп қолын сүйетін. Тіпті, дәрет алған суына таласып та қалатын. Қажылық кезінде мүбәрак шашын да бөлісіп алатын. Тіпті, түкірігі де жерге түспей сахабалардың бірінің қолына түсіп, ол онымен бетін сипап алатындығы айтылады. Ал, қазір әдеппен, құрметпен, сәлем берумен, сүюмен қабіріне жақындауымызға неге болмасын?» деп, сұраққа сұрақпен жауап береміз.

Жоғарыда келтірілген Құран аяттары мен пайғамбар (с.а.с.) хадистері, әһлі-сүннет уәл жамағаттың білгір имамдарынан жеткен деректер Пайғамбарымыздан (с.а.с.) және Оның отбасынан бізге қалған мұрамен тәбәрік етудің рұқсат екендігін қуаттайды. Бұл мәселеде Оның тірі болуы мен дүниеден өтуінің арасында еш айырмашылық жоқ. Сондай-ақ, жақсы адамдардың мұрасымен де тәбәрік жасауға рұқсат етіледі. Тірі болсын, мейлі дүниеден өткен болсын ешқандай айырмашылық жоқ. Алла Ұлы әрі Білуші.

(Материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: