21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Пайғамбармен (с.а.с.) тауассул жасауға бола ма?

Күдікпен күрес
Жарнама

Шектен шыққан бұл ағымның тағы бір қатерлі көзқарастарының бірі Алладан дұға тілегенде Пайғамбарымызбен (с.а.с.) тауассул жасауды харамға шығарулары. Бұл фақиһтар бірауыздан келіскен мәселе болғандығына қарамастан, кім оны істесе, серік қосты деп айыптайды.

Төрт мазһаб ғұламалары да бір ауыздан Пайғамбарымызбен (с.а.с.) тауассул жасаудың рұқсат екендігіне келіскен. Тіпті мұндай амалды мұстахаб санаған. Ең бастысы, ғалымдар аталмыш әрекетті пайғамбардың (с.а.с.) көзі тірісінде жасауға болады, дүниеден өткеннен кейін жасауға болмайды демеген.

Бұл мәселені ғалымдар арасынан тек ибн Таймия бөліп қарастырып, негізден ауытқып кеткен. Ол: «Пайғамбарымызбен (с.а.с.) көзі тірісінде ғана тауассул жасауға болады, ал дүниеден өткеннен кейін жасалмай- ды» деп шешкен. Алайда оның бұл көзқарасы негізге алынбайды және оның ғылыми құндылығы жоқ.

Ғұлама Тажуддин әс-Субки «Шифа әс-сиқам» кітабында былай дейді: «Раббымызға жалбарынып, Пайғамбармен (с.а.с.) тауассул жасап, шапағат тілеу - жақсы нәрсе, оны жасауға болады. Тауассулдың рұқсат және оның жақсы нәрсе екендігі кез-келген дін адамына мәлім.

Тауассулдың Алла елшілерінің амалдары, сәләф са- лихтар, ғұламалар мен көптеген тақуа мұсылмандардың өмірлерінде орын алғаны белгілі. Мұны діндар адамдардың ешқайсы жоққа шығармаған. Ислам та- рихында, мұсылмандар арасында тауассулдың дұрыс еместігі жайлы ешқандай мәлімет жоқ. Тек ибн Таймия ғана қарапайым, діни сауаты төмен халыққа түсініксіз тәсілмен тауассул турасында сөз қозғады. Осылайша ғасырлар бойы ешбір мұсылман баласы жасамаған бидғатты (дінде негізі жоқ жаңа нәрсе) шығарды».

Мұсылман үмбетін ғұлама имамдарымыз бірауыздан келіскен нәрсені ұстануға шақырамыз. Төменде бұл мәселе жайлы Құран Кәрімнен, сүннеттен, фақиһтердің мәзһабтары бойынша жазылған сенімді кітаптардан дәлелдер келтіріледі.

Бірінші: Құран Кәрімнен дәлел: Алла Тағала былай дейді:

«Әй, иман келтіргендер, Алладан қорқыңдар! Оған жететін уәсиланы іздеңдер. Екі дүниеде мұратқа жетулерің үшін, Оның жолында күресіңдер» (Мәида 35) .

«Олар дұға еткенде Раббыларына өзгелерден гөрі жақынырақ болудың жолын іздейді. Сондай-ақ, Оның рақымынан үміт етеді әрі азабынан қорқады. Негізінде, Раббыңның азабы өте қатты» (Исра 57).

«Пайғамбар атаулыны Алланың нұсқауымен бойұсынуы үшін ғана жібердік. Егер олар өздеріне зұлымдық жасаған сәтте саған келіп, Алладан жарылқау тілесе, әрине олар Алланы тәубелерді қабыл етуші, ерекше мейірімді түрде табар еді» - деген (Ниса 64).

Алғашқы аятта момындарды Алла тағалаға жетудің барлық түрін пайдалануға бүйырады. Сондай-ақ, дұғада пайғамбармен (с.а.с.) тауассул - Аллаға жетудің сүннет дәлелдерін егжей-тегжейлі қарастырған кезде анықталатын бір жолы.

Бір тауассулдан екінші бір тауассулды ерекшелейтін ереже жоқ. Аяттағы бұйрық жалпылама түрде келген. Аятта Алла Тағала разы болатын барлық тауассулды пайдалануға болатындығы көрсетілген. Дұғаның өзі ғибадат, туыстық қарым-қатынас үзілмесе, күнә істелмесе немесе ақида негіздеріне, ислам қағидаларына қайшы келетін сөздер айтылмаса қабыл етіле береді.

Екінші аятта Алланың шақыруын қабыл еткен және дұғада Өзіне тауассул арқылы жетуге әрекет еткен момындарды Хақ Тағала мақтаған. Төменде сүннеттен дәлелдер келтіре отырып мұсылман адамның дұғасында Аллаға қалай тауассул жасау керектігін баяндаймыз.

Ал, үшінші аятта: «Пайғамбарларды Аллаға бойұсынуы үшін ғана жібердік. Егер олар өздеріне қиянат жасаған сәтте, саған (пайғамбарға келіп, Алладан жарылқау тілесе, әрине олар Алланы тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді түрде табар еді» (Ниса 64) делінген. «Саған келіп» деген сөз жалпылама тауассулды білдіріп тұр. Мұнда ақыл тұрғысынан да, шариғат тұрғысынан да ешқандай шектеу жоқ. Яғни, аятта пайғамбарды (с.а.с.) тек тірі кезінде тауассул етуге болады дейтін қағида жоқ. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тіршілігі Қияметке дейін жалғасады. Құран аяттарында әрдайым сөздің жекелеген себепке қатыстылығы емес, оның мағынасының жалпыға тән екендігі негізге алынады. Кімде-кім «бұл аят пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзі тірі кезіне немесе Оның өзіне ғана қатысты» десе, онысына дәлел келтіруі керек. Ал, сөздің жалпылама ұғымы дәлелді қажет етпейді. Өйткені сөздің жалпылама ұғымы негіз болып саналады, ал, сөздің шектеліп келуі дәлелді қажет етеді.

Міне, бұл - тәпсіршілердің түсінігі. Тіпті, бұл Хафиз ибн Кәсир (р.а.) секілді хадиске сүйенген тәпсіршілердің басым көпшілігінің ұстанымы. Хафиз ибн Кәсир (р.а.) осы аятты келтіре отырып былай дейді: «Бір топ ғұламалар оның ішінде Әбу Насыр әс-Сибағ  «Әш-Шамил» атты кітабында «әл-Ғатабиден  (р.а.) мынадай бір қиссаны келтірген. Әл-Ғатаби: «Бірде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) раудасының (мінбері мен қабірінің арасындағы жәннат бағы) жанында отыр едім, бір бәдәуи келіп: «Уа, Алла Елшісі (с.а.с.) саған Алланың сәлемі болғай!» деген соң Алла тағала былай деген: «Егер олар өздеріне бір қиянат жасаған кезде, саған келіп, Алладан жарылқану тілесе, әрі пайғамбар да олар үшін жарылқау тілесе, әрине, Алланы тәубелерді қабыл етуші, ерекше мейірімді түрде табар еді»  деп осы аятты оқыды да «Міне, мен Раббымнан күнәм үшін кешірім тілеп, сен арқылы шапағат сұрап келіп тұрмын» деді. Сосын мына өлең жолдарын оқыды:

Уа, мына жерде жерленгендердің ең хайырлысы,

Жерленген жеріңнен дала мен қыр көркейді.

Сен жерленген қабірге жаным пида,

Онда кеңшілік пен жомарттықтың бары сөзсіз.

Содан кейін әлгі бәдәуи кетіп қалды. Мен үйықтап кетіппін. Түсімде Пайғамбарымызды (с.а.с.) көрдім. Маған Ол (с.а.с.): «Әй, Ғатаби, бәдәуиді қуып жет те, Алла Тағаланың оған кешірім жасағанын хабарла»  дегенін келтіреді. Сол сияқты аталмыш қиссаны Байһақи да риуаят еткен .

Фиқһ ғалымдарының басым көпшілігі осы аятқа сүйене отырып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабіріне зиярат етудің мұстахаб екендігін айтқан. Сондай-ақ, Оның (с.а.с.) шарапатты раудасын (мінбері мен қабірінің арасына) зиярат еткен кезде осы аятты оқуды мұстахаб санаған. Ханафи ғалымдары да Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабірінің басында аталмыш аятты оқуды мұстахаб деген. «Әл-фатауа әл-һиндия» кітабында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабірін зиярат ету әдептері туралы: «Кейін Пайғамбар (с.а.с.) қабірінің басында тұрып: «Аллаһым расында сен: «Егер олар өздеріне бір кесір істеген кезде, саған келіп»  дедің. Сенің сөзің - ақиқат»  деп айтады».

Мәлики ғалымдарының ішінде Ибн әл-Хаж әл- Абдари  былай деген: «Пайғамбарымызбен (с.а.с.) тауассул жасау қиыншылықтарды мойыннан түсіретін әрі күнәлар мен қателіктердің зілінен арылтатын себеп. Өйткені, Оның (с.а.с.) шапағатының берекесі - Раббысының қүзырында ұлы. Күнәлар оның қасында кішкентай болып қалады. Себебі, Оның (с.а.с.) шапағаты барлығынан да үлкен. Пайғамбарға (с.а.с.) зиярат жасаған адамды сүйіншіле, ал оған зиярат жасамаған адам Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шапағаты арқылы Алла тағаладан пана іздеуге ұмтылсын. Аллаһым Өзіңнің құзырыңда қасиетті болған, Оның (с.а.с.) шапағатынан бізді мақұрым қалдыра көрме. Уа, әлемдердің Раббысы, дұғамызды қабыл ет!

Кім бұған қайшы ұстанымда болса, ол шапағаттан мақұрым қалмақ. Ол Алла тағаланың: «Егер олар өздеріне бір қиянат жасаған кезде саған келіп, Алладан жарылқау тілесе, әрі пайғамбар да олар үшін жарылқау тілесе, әрине, тәубелерді қабылдаушы Алланы ерекше мейірімді түрде табар еді» дегенін естімеді ме? Кімде-кім Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабіріне келіп, есігінің қасында тұрып, онымен тауассул жасаса, Алла Тағаланың жарылқауы мен рақымын табады. Өйткені, Алла уәдесін бұзбайды, Ол ондай нәрседен пәк. Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп, Алладан кешірім тілегеннің тәубесін қабыл алуға уәде берген. Бұған дінді жоққа шығарушы, Алла мен Оның Елшісіне (с.а.с.) қарсы шығушы ғана күмән келтіреді. Шапағаттан құр қалмау үшін Алладан пана тілейміз» .

Шәфиғи ғалымдарының ішінде Имам Науауи (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабіріне зиярат жасаудың әдептерін баяндау барысында: «...Содан кейін қайта орнына барып, Алла Елшісінің (с.а.с.) қабіріне қарап түрып, Пайғамбарымызбен (с.а.с.) тауассул жасайды. Раббысына жалбарынып, Оның (с.а.с.) шапағат етуін тілейді. Осы мәселеге қатысты айтылған ең жақсы мәлімет әл-Мауарди және Қазы Әбу әт-Таийбтың келтірген риуаяты (р.а.), сондай-ақ барлық ғұламалардың әл-Ғатабидің (р.а.): «Бірде пайғамбардың (с.а.с.) қабірінің жанында отыр едім, сонда бір бәдәуи келіп: «Уа, Алла Елшісі (с.а.с.) саған Алланың сәлім болсын!» деп, Алла Тағаланың: «Егер олар өздеріне бір қиянат жасаған кезде, саған келіп, Алладан жарылқау тілесе, әрі пайғамбар (с.а.с.) да олар үшін жарылқау тілесе, әрине Алланы тәубелерді қабылдаушы, ерекше мейірімді түрде табар еді»  деп айтқанын естіп едім. Міне, мен Раббымнан күнәм үшін кешірім тілеп, сен арқылы шапағат сұрап келіп тұрмын...»  - деген сөзін құптаулары. Кейін ол ибн Касирдің (р.а.) келтірген қиссасын баяндаған.

Ханбали ғалымдарынан Ибн Қудама (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шарапатты қабірін зиярат жасау әдептері тақырыбында аталмыш аятты оқып, осы аят арқылы Пайғамбарымызбен (с.а.с.) тілдесуге және Одан (с.а.с.) өзі үшін кешірім сұрауға болатынын айтқан. Алланың Елшісіне (с.а.с.) сәлем беріп, дұға тілеп, салауат айтқаннан кейін былай деп айту керек: «Аллаһым, расында, сенің сөзің хақ, Сен: «Егер олар өздеріне бір қиянат жасаған кезде, саған келіп, Алладан жарылқау тілесе, әрі пайғамбар да олар үшін жарылқау тілесе, әрине Алланы тәубелерді қабылдаушы, ерекше мейірімді түрде табар еді» деп айттың. Уа, пайғамбар! Саған өзімнің күнәларым үшін кешірім тілеп, Раббымның құзырында маған шапағат етуіңді сұрап келдім. Уа, Раббым! Сенен көзінің тірісінде Пайғамбарымызға (с.а.с.) келген адамдарды жарылқағаныңдай мені де жарылқауыңды тілеймін. Аллам, оны шапағат етушілердің ең алғашқысы қыл және сұраушылардың ішінде жолымды болдыр, алдыңғылар мен кейінгілердің ең ардақтысы қыл! Уа, Рақымдылардың Рақымдысы» - деп, кейін ата-анасына, бауырларына, барша мұсылмандар үшін дұға тілейді» деген.

Ханбали ғұламаларының бірі әр-Рахибани (р.а.) пайғамбарымыздың (с.а.с.) шарапатты қабірінің басында Құран аятын оқудың мустахаб екендігін айтып, зиярат барысында: «Аллаһым, расында, Сенің сөзің хақ, Сен: «Егер олар өздеріне бір қиянат жасаған кезде, саған келіп, Алладан жарылқау тілесе, әрі пайғамбар да олар үшін жарылқау тілесе, әрине, Алланы тәубелерді қабылдаушы, ерекше мейірімді түрде табар еді»,  - деп айттың. Уа, Пайғамбар! Саған күнәларым үшін кешірім тілеп, Раббымның құзырында маған шапағат етуіңді сұрап келдім. Уа, Раббым! Сенен көзі тірісінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдына келген адамдарды жарылқағаныңдай мені де жарылқауыңды тілеймін. Аллам, оны шапағат етушілердің ең алғашқысы және сұраушыларадың ішінде жолы болған, алдыңғылар мен кейінгілердің ең ардақтысы қыл, Уа, Рақымдылардың Рақымдысы!» деп, кейін ата-анасына, бауырларына, барша мұсылмандар үшін дұға тілейді», - деген.

Екінші: Хадис шәрифтен дәлел:

  1. Осман бин Ханифтен (р.а.) соқыр адам ту- ралы хадис келіп жеткен: «Бірде бір соқыр адам пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Алла мені сауықтырсын деп тілеңізші» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер қаласаңыз дұға тілеймін, қаласаңыз сабыр етіңіз, сабыр ету сіз үшін хайырлы» дейді. Сонда әлгі адам: «Дұға тілеңіз» - деп өтінеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған дәрет алуды бұйырып, дәрет алып болғаннан кейін, мына дұғаны айтсын дейді: «Аллам, мен Сенен жарылқау тілеймін, Пайғамбарың Мұхаммедті себепкер ете отырып кешіруіңді сұрап жалбарынамын. Уа, Мұхаммед, менің қажетімді өтеп беруің үшін сен арқылы Раббыма жалбарындым. Аллаһым, Оны (с.а.с.) мен үшін шапағатшы қыл!».

Бұл хадис аталмыш түрдегі дұғаның мұстахаб екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, оны Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларының біріне үйреткен. Алла Тағала соқыр адамның дұғасын отырған жерінде қабыл ету арқылы Пайғамбарының (с.а.с.) мұғжизасын көрсетті. Егер Алла Елшісі (с.а.с.) өзінің сахабаларының біріне осы үлгідегі дұға тілеудің әдісін үйретсе әрі хадис бізге дұрыс тізбекпен келген болса, бұл хадис Қиямет қайымға дейін Алла Тағала Жер мен оның бетіндегілерді толық жоқ еткенге дейін барлық уақытта аталмыш дұға түрін айтудың мұстахаб екендігіне дәлел болады. Және де аталмыш дұға әлгі сахабаның өзіне ғана қатысты деуге келмейді. Сондай-ақ, бұл дұға Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тірі кезіне ғана қатысты дейтін де тосқауыл жоқ. Үкім беруде және шариғатта сөздің жалпылама мағынасы жалқылауға немесе шектеуге келмесе, негіз болып саналады.

  1. Жоғарыда айтылған хадистің хикаясы: Осман бин Ханифтың (р.а.) осы хадисті риуаят етуіне себеп болған оқиға мынадай: «Бірде бір кісі Осман бин Аффанға (р.а.) бір қажетін сұрап келген еді. Осман (р.а.) оған көңіл аудармайды әрі оның қажетіне мән бермейді. Сөйтіп, әлгі адам Осман бин Ханифты кездестіріп, оған болған жайтты айтып шағымданады. Сол кезде оған Осман бин Ханиф (р.а.): «Дәрет алатын жерге барып, дәрет алып, кейін мешітке бар да, екі рәкағат намаз оқы. Содан кейін: «Аллам, расында мен Сенен қажетімді сұраймын және Сенен кешірім тілеп, пайғамбарың Мұхаммедпен (с.а.с.) жалбарынамын. Уа, Мұхаммед, менің қажетімді өтеп беруің үшін сенімен Раббыма жалбарынамын» дегеннен кейін қажеттілігіңді айт» дейді. Әлгі адам мешітке барып өзіне айтылған нәрсені жасайды. Кейін Осман бин Аффанның (р.а.) есігіне келеді. Оны қызметшісі қарсы алып, қолынан жетелеп, Осман бин Аффанға (р.а.) кіргізіп, кілемге отырғызады. Осман (р.а.) одан: «қандай мәселеңіз бар?» деп сұрайды. Ол мәселесін айтады. Осман (р.а.) айтқан өтінішін орындайды. Әрі оған: «Осы уақытқа дейін қажетіңді ескермедім енді қандай да бір қажет тілегің болса, бізге келіп тұр» дейді. Кейін әлгі адам Османның (р.а.) алдынан шығып кетеді де, жолда Осман бин Ханифті (р.а.) кездестіріп, оған: «Алла сізге разы болсын! Сіз мен үшін онымен сөйлескенге дейін ол менің мәселеме мән бермейтін әрі назар да аудармайтын» дейді. Сонда Осман бин Ханиф (р.а.): «Алланың атымен ант етемін, мен онымен сіз үшін сөйлеспедім. Бірақ, Алла Елшісіне (с.а.с.) соқыр адамның келгенін көрдім...» дейді. Кейін соқыр адамның хадисін айтып береді. Бұл оқиғадан кейін аталған хадис тауассул Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тірі кезіне ғана қатысты деп есептейтіндердің жолын жабуға дәлел болады.
  2. Намаз оқу үшін мешітке бару хадисі. Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) келген хабарда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім мешітке қарай шыққан кезде: «Аллам, расында мен Сенен Өзіңе жалбарынушылардың және мешітке басқан қадамымның ақысы үшін сұраймын. Расында мен жамандық қалап, өзімді жоғары санап, көзбояушылық қылып, атақ іздеп шықпадым. Сенің азабыңнан қорқып, разылығыңды мақсат тұттым. Мені тозақ отынан құтқаруыңды, күнәларымды кешуіңді сұраймын. Расында күнәларды Сенен басқа ешкім кешпейді» деп айтатын болса, намаздан шыққанша Алла Тағала ол адам үшін кешірім тілейтін 70 мың періште жібереді және Алла Тағаланың өзі оны панасына алады» деген. Бұл хадис - сахих. Хадисті Хафиз ибн Хажар әл-Асқалани, әл-Хафиз әл-Ирақи, әл-Мунзиридың шейхы Әбу әл-Хасан әл-Мақдиси, әл-Хафиз әд-Димяти, әл-Хафиз әл-Бусайри дұрыс деп бағалаған. Аталмыш хадис дұға тілегенде ізгі амалмен Аллаға тауассул жасаудың рұқсат екендігіне дәлел болады. Бұл жердегі жақсы амал - дәреті бар адамның намазға шығуы және Аллаға жалбарынушылардың ақысы үшін сұрау секілді әрекеттің бірі.
  3. Хазіреті Омардың (р.а.) кезінде орын алған Пайғамбардың (с.а.с.) қабірінің басында тұрып, жауын тілеу оқиғасы. Бұл хадис Мәлик әд-Дардан келген. Ол сол кездегі мемлекет қазынасына жауапты адам екен. Ол: «Омардың (р.а.) заманында қуаңшылық жұты болды. Сонда бір ер кісі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабіріне келіп: «Уа, Алла Елшісі, үмбетіңіз үшін жауын сұраңызшы, расында олар қырылуға шақ қалды» дейді. Сол кезде Алла Елшісі оның түсіне кіріп былай дейді: «Омарға барып, менен сәлем айт. Үмбетіме жауын жауатындығын хабарла және Омарға парасаттылық қылсын деп айт. Әлгі адам Омарға келіп түсін айтады. Сонда Омар (р.а.): «Уа, Раббым, шамам келген нәрседе аянбадым» деген. Бұл - дұрыс хадис. Ибн Хажар әл-Асқалани (р.а.) бұны дұрыс хадис дей келе: «Ибн Әби Шайба  (р.а.) бұл хадисті Әбу Салих әс-Самманның  жолымен жеткізген. Ол Малик әд-Дардан (р.а.) жеткізген. Ол: «Омардың заманында адамдарды қуаңшылық жайлайды. Сонда бір кісі Пайғамбардың (с.а.с.) қабіріне келіп былай дейді: «Уа, Алла Елшісі, үмбетіңіз үшін жауын сұраңызшы, расында олар қырылуға шақ қалды». Сол кезде Алла Елшісі (с.а.с.) оның түсіне кіріп былай дейді: «Омарға бар да...» деп басталатын жоғарыдағы хадисті келтіреді. «Сейф әл-футух» кітабында: «Аталмыш түсті көрген сахабалардың бірі - Біләл бин әл-Харис әл-Музани» делінген. Хафиз ибн Касир да аталмыш риуаятты дәл осылай келтіріп: «Бұл хадистің иснады (тізбегі) - дұрыс» деген. Хадисті хафиз (хадис ілімін терең меңгерген) дәрежесіндегі үлкен ғұламалар дұрыс деп бағалаған. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеден өтсе де, ол (с.а.с.) арқылы дұға жасап, жауын сұрауға болатындығын бұл хадис тікелей дәлелдейді.
  4. Мұсылмандар халифасы әл-Мансур мен имам Мәликтің (р.а.) арасында орын алған оқиға: «Бірде Мәликтен Аббасилердің екінші халифасы Әбу Жағфар әл-Мансур әл-Аббаси: «Уа, Әбу Абдулла, Алла Елшісіне (с.а.с.) қарап дұға тілейін бе, әлде қыблаға қарап дұға тілейін бе?» деп сұрайды. Сонда Имам Мәлик (р.а.) халифаға: «Жүзіңізді Пайғамбарымыздан (с.а.с.) неге бұрасыз? Ол Қиямет күні сіздің және арғы атаңыз Адамның (ғ.с.) Аллаға уасила жасайтын сүйеніш емес пе? Керісінше, Пайғамбарға (с.а.с.) бет бұрыңыз әрі Оның шапағатын тілеңіз. Сонда Алла Онымен шапағат етеді» дейді. Бұл оқиғада имам Мәликтің (р.а.) Адам Атаның (ғ.с.) тауассул жасайтындығы туралы хадис есепке алынатынына және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабіріне қарап, одан шапағат тілеуді ізгі істерден деп есептейтіндігіне ишарат жасап тұр.

Бұл дәлелдердің барлығы Раббымыздың Кітабында, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетінде дұрыс жолмен әрі мағынасы анық түрде келген. Төрт мәзһабтың ғұламалары Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзі тірісінде және дүниеден өткеннен кейін де Онымен тауассул жасаудың рұқсат етілгендігіне және мұстахаб екендігіне, сондай-ақ, бұл істің кесімді түрде харам еместігіне бірауыздан келіскен. Пайғамбарымызбен (с.а.с.) тауассул жасау - мұстахаб, сондай-ақ Аллаға жалбарынуда дұға тілеудің рұқсат етілген түрлеріне жатады. Үлкен ғұламалардың бірауыздан келіскен келісімінен тыс ерекше пікір білдіргені Ибн Таймия және одан кейін оның сөзін қайталаған адамдардың пікірлері негізге алынбайды. Алла Тағала аса Ұлы, толық білуші.

(Материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: