21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Уағыз бен ғылымның айырмашылығы

Күдікпен күрес
Жарнама

Бұл шектен шыққан ағымның әдістемелік проблемаларының, тудырған түйткілдерінің бірі - қандай да бір мәселені терең түсінбей жатып, оны таратуға тырысу және айтылған уағыз бен негізі берік қаланған ғылымның аражігін ажырата алмау.

Олар Алланың ақ жолына шақыратын уағыз бен мәжілістерді пәтуа беру алаңы ретінде қолданады. Міне, осыдан барып, надандық, сауатсыздық тарап, мұсылмандардың ауызбіршілігі бұзылады. Шынымен-ақ сауатсыздық белең алып, ғалымдар азайып бара жатқаны ма? Жоқ әлде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқан: «Алла Тағала құлдардан ғылымды бірден жұлып алмайды. Алайда ғылым ғалымдардың жанының алынуымен жойылады. Осылайша ешбір ғалым қалмай, адамдар надандарды (сауатсыздарды) көшбасшы етіп алады. Сонымен, әлгілерден (шариғи) сауалдар сұралып, олар ғылымға негізделмеген пәтуалар береді. Міне, осылай әуелі өздері адасады әрі өзгелерді де адастырады»  (Бухари, Муслим) деген сөзінің уақыты жақындап қалғаны ма?

Төменде ғылым және ғалымдардың мәртебесі жайлы баяндаймыз. Жалған уағызшылар мен шынайы ғалымдардың айырмашылықтары жайлы сөз қозғайтын боламыз.

Құран Кәрімде Алла Тағала ғалымдарды өзгелерден артық көріп, ерекше бағалаған. Ғалымдардың ұлық мәртебесі жайында былай дейді: «Алла өзінен басқа ешбір тәңірдің жоқ екендігіне куәлік етті. Періштелер мен ғалымдар әділ түрде Алладан өзге Тәңір жоқ екендігіне куә болды» (Әли Имран 18). Аятқа ғибрат көзімен назар салып қарайықшы! Әуелі Алла Тағала өзінен бастады. Кейін періштелерді келтірді, артынша ғалымдарды айтты. Иә, бұдан артық мәртебе, ұлықтық, қадір, қасиет жоқ шығар?! (Ихя улумид-дин)

Екінші бір аятта Алла Тағала: «Оларға: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» - деп айт» (Зумәр 9) деген. Аяттағы сұраулы сөйлем әуелгілердің, яғни білетіндердің (ғалымдардың) жақсылық атаулының жоғары шыңында екенін көрсетеді. Ал, өзін білмейтіндердің (сауатсыздар, надандар) жамандық атаулының ең төменгі сатысында екендігін білдіреді. Міне, осылайша кімнің ынсапты, әділ жан екендігі, ал кімнің даукес, бәлеқор екендігі құпия қалмайды (Рухул-Мағани).

Демек, Алла Тағала иман келтірген құлдарының дәрежелерін өзге кұлдардан, иман келтірген мүмин құлдардың арасынан ғалымдардың дәрежесін жоғары қойып, оларды үстем еткен. Бұл жайында Алла Тағала: «Алла сендердің араларыңнан иман келтіргендерді және ғылымға берілгендердің дәрежелерін көтереді» (Мужадала 11) дейді . Әйгілі ғалым сахаба Абдұлла ибн Аббас аталмыш аяттың тәпсірінде: «Ғалымдардың Аллаға иман келтірген құлдардан жеті жүз есе дәрежесі артық. Екі дәрежесінің арасында бес жүз жылдық ара қашықтық бар» дейді (Ихя улумид-дин).

Алла Тағала екінші бір аятта: «Шын мәнінде құлдарының арасында Алладан тек ғалымдар қорқады» (Фатыр 28) деген. Осы аяттың тәпсірінде Таһир ибн Ашур: «Бұдан шығатын қорытынды - ғалымдардан өзге жандардың бойында Алладан шынайы қорқу сезімі болмайды. Демек, адам баласы жүректің жай-күйі мен түйсік-сезім жағдайларында бірдей бола бермейді» дейді (Тафсир әт-Тахрир уат-тануир).

Ұлықтығы шексіз Алла Тағала бір аятында пайғамбарына білімін арттыруды сұрауды бұйырады. Ол мынадай мағынадағы аят: «Уа, Мұхаммед! «Раббым, білімімді арттыра гөр!» - деп айт» (Таһа 11). Яғни, «Раббым маған үйреткен ғылымыңнан бөлек, ғылымның беймәлім сырлы тұстарын үйретіп, білімімді одан сайын арттыра гөр!» деп айт дегенді білдіреді!

Ал, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Кімде- кімге Алла Тағала жақсылық, игілік қаласа, оған дінді терең түсінуді нәсіп етеді»(Бухари, Муслим) дейді . Әйгілі ғалым имам Ажурри аталмыш хадисті түсіндіре келе: «Демек, Алла Тағала оларға жақсылық, игілік қалап, олардың дінді терең түсінулерін нәсіп етті. Оларға Құран Кәрім мен сүннеттің барша қыр-сырын тәлім етті. Міне, осындай қамқорлықтың арқасында олар уақыт өте келе, Алланың құлдарына жол көрсетіп, мұсылман жұртшылығына сәулесін шашар шамшыраққа айналды» деп тұжырымдайды (Ахлақул-Ғұлама).

Танымал сахаба Әбу Умама әл-Бәһили былай риуаят етеді: «Алла елшісінен (с.а.с.) біреуі көп құлшылық жасаушы, екіншісі ғалым екі адамның қайсысының артық екендігі туралы сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Ғалымның көп кұлшылық жасаушы (қатардағы) адамнан артықшылығы - менің сендердің араларыңдағы ең төменгі жаннан артықшылығым секілді» деп жауап берді. Артынша: «Расында, Алла Тағала, оның періштелері, жеті қабат көк пен жерді мекендеген жаратылыс атаулының барлығы, тіпті илеуінде жүрген құмырсқа, суда жүзген балыққа дейін адамдарға жақсылықты үйретуші ғалымдардың тілеуін тілейді» (Тирмизи) деді .

Пайғамбарымыз (с.а.с.) екінші бір хадисінде: «Ғалымдар пайғамбарлардың мирасқорлары» (Әбу Дәуіт) дейді. Адамзаттың ішінде пайғамбарлықтан артық мәртебе жоқ екендігі белгілі. Әрине, сол мәртебеге мирасқор болудан асқан абыройдың да болмасы анық (Ихя улумид-дин).

Алла Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Мұнафықтың болмысымен мына екі қасиет мүлдем қабыспайды. Олар: тартымдылық және дінді терең түсіну (фиқһ)» (Тирмизи) дейді . Басқа хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Үлкенді сыйлап, кішіні аялай білмеген және ғалымдардың қадірін білмеген менің үмбетімнен емес» (Ахмад) деген.

Имам Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, «Адамдардың ғылымға деген мұқтаждығы, тамаққа немесе сусынға деген мұқтаждығынан артық. Себебі, тамақ пен сусынды адам баласы күніне екі немесе үш мәрте қажетсінуі мүмкін. Ал, ғылымға деген қажеттілік әрдайым жалғаса береді» (Иғламул-муаққиғин).

Абдулла ибн Ахмад ибн Ханбал әкесіне мынадай сауал қойғанын айтады: «Бір күні әкемнен: «Мен сенің оған көп дұға жасайтыныңды естіп жүрмін. Сонда Имам Шафиғи қандай кісі болды екен?» деп сүрадым. Әкем: «Әй, балам-ай! Ол мына дүниеге нүрын төккен күн, адамдардың дертіне шипа секілді еді ғой. Сенің ойыңша осы екі қасиеттің орнын басатын немесе орны- на жүретін нәрсе бар ма?!» деп жауап қатты (Сияр ағламин-нубалә).

Ғалым мен уағызшының айырмашылығы

Соңғы кездері ғылымға ешбір қатысы жоқ адамдардың есімдерінің көптеген кісілердің санасын жаулап алғанын байқап жүрміз. Дей тұрғанмен, қандай да бір адамның есімі санаға берік орнығуының сүйіспеншілікте, оның соңынан еруде үлкен әсері бар. Мұның басты себебі, әлгі ғалымсымақтардың уағыз, хүтпа айтудағы қабілеттеріне қарапайым жүрттың алдануында жатыр. Міне, осындай қабілеті барларды былайғы жүрт асқан білімді ғалым ретінде қабылдап жүрген жайы бар. Сондықтан, жалпы қалың көпішіліктің (шариғи саланың маманы еместер) ғалымның мәжілісінен гөрі уағызшылардың мәжілісіне асығатындығын байқайтын боларсыз.

Сахаба Абдулла ибн Масғұд (р.а.) бір мәжілісте: «Сендер уағызшылары аз, фақиһтары көп заманда ғұмыр кешіп жатырсыңдар Сендерден кейін фақиһтері аз, уағызшылары көп заман келеді» деп айтқан екен (Әдәбул-муфрад).

Әйгілі ғұлама Ибн әл-Жаузи әл-Ханбали  былай дейді: «Бұрынғы заман уағызшылары ғалымдар, фақиһтер болатын. Ұбайд ибн Ұмайырдың  уағыз мәжілісіне сахаба Абдулла ибн Омар келеді екен. Халифа Омар ибн Абдулазиз  де оның мәжілісіне келіп қатысады екен. Кейін бұл мамандық, ғылым бірте- бірте өлді. Нәтижесінде бұл істі, яғни уағыз айтуды сауатсыздар қолға алды. Сауаттылар мұндай уағыз мәжілістерінен алыстай бастады. Ал, қарапайым жұртқа сауатсыз уағызшылардың уағыздары қызықты бола бастады. Уағызшылар ғылыммен айналысуды қойды. Оның орнына сауатсыз халыққа ұнайтын алуан түрлі аңыз-әңгімелер мен хикаялар айтуға құлшына кірісіп кетті» (Тәлбисул-Иблис).

Өкініштісі сол, біздің заманымыздағы уағызшылар да алған білімдері аз болғанына қарамастан, уағызшы атануға құмбыл тұрады. Өздерін ғылымды меңгерген жандай сезінеді және солай көрсеткісі келеді. Әсіресе, хадис ғылымын меңгердік деп менменсіп пәтуа беруге, сабақ оқытуға кірісіп кеткендер де аз емес. Міне, осылайша олар адамдардың ақиқаттан жырақтауының, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан негізі берік ғылыми әдістемеден, жүйеден ауытқуының негізін қалауда.

Атақты имам әз-Заһабидің төмендегі сөзі осы сипаттағы ғалымсымақтарға арналған: «Олар - сыртқы бейнесімен ғана ғылымға қатысы бар адамдар. Діни ғылымға қол жеткізгендерінің өзі ауыз толтырып айтуға келмейтін, болмашы нәрсе. Сол болмашы дүниесімен асқан ғұламамыз деп қарапайым халықты алдап сендіріп жүр. Олардың басына «алған біліммен Аллаға жақындаймыз» деген ой кіріп те шықпайды. Себебі, олар ғылымға лайықты бір ғалымның тәлімін көрмеген. Осылайша қашқан-пысқан тобырға айналған. Олардың арасынан шыққан мұдарристің ең ұлы мақсаты - бағалы кітап жазу және оны сақтау. Күндердің күні туғанда әлгі жазған кітабына көз жүгіртіп, келтірген хадистерді бұрмалайды. Үкімдерді (имамдар тарапынан хадистерге берілген үкімдерді) растамайды. «Мұндай сорақылықтан Алла сақтасын» деп кешірім тілейміз! (Сияр ағламин-нубалә).

Танымал ғалым, мухаддис, имам әл-Хатиб әл- Бағдади  де осыларға ұқсас ғалымсымақтар жайында былай дейді: «Қазіргі таңдағы адамдардың арасынан «хадис» ғылымына қатысы бар секілді көрініп жүрген, әрі хадисті естуде өзгеге жеткізуде өздерін осы істің маманымын деп жүргендерді көзім көріп жүр. Ең жанға бататын жері, олар - бұл ғылымнан мүлдем бейхабар жандар. Әрі маманбыз, осы саланың өкіліміз деп жүргендер ғылымның сол саласынан мүлдем хабары жоқтар. Олардың арасынан біреу аздаған хадис жинақтарын жазса әрі болмашы уақыт хадис тыңдаумен шұғылданса болды өзін кәміл хадисшімін деп есептейді. Ол міскін хадис алуда осы уақытқа дейін табаны тозып шаршап, тер төгіп көрмеген. Хадистердің түрлерін, тарауларын жаттау машақатының дәмін татпаған адам. Олар хадис ғылымы жайлы жазған кітаптары аз, мағлұматтары жоқ бола тұра адамдардың ең тәкаппары,ең қатты адасқаны, ең қатты менменшілі. Олар ешбір шейхқа, ғалымға титтей де құрмет көрсетпейді. Ешбір білім алушы шәкіртті қорғауына, панасына алмайды. Хадис рауилеріне тіл тигізіп, ғылым үйреніп жүргендерге дөрекілік көрсетеді. Мұның барлығы - өздері тыңдаған ғылымға әрі орындауға тиісті, міндетке қайшы істер» (әл-Жамиғ ли ахлақир-рауи уас-самиғ).

Көптеген жандардың ғалымдар мен өзгелердің парқын нақты ажырата алмаулары - ғалымсымақ дүмшелердің абыройының артуына басты себеп. Олар мұнымен шектелмей, пәтуа беруге жеңді түріп тастап кірісіп кетті. Төрт мәзһабтың фиқһи мәселелерге берген үкімдеріне өздерінің көзқарастарын білдіруге құлшынды. Міне, осыдан қандай да бір мәселені терең түсінбестен, оны елдің арасына жаюға тырысу, ғылым іздеуден бұрын амал ету, дінді өз деңгейі мен дәрежесіне сай жеткізе алмау үрдісі туындауда.

Пәтуа беруге және ғылыми пікірталасқа тек сол саланың нағыз маман ғалымы ғана лайықты

Біз ғұмыр кешіп жатқан ғасырда кімнің пәтуа беретін ғалым, кімнің уағызшы екендігі нақты белгісіз. Осы екі бөлек ұғым бір-бірімен араласып, шатасып, олардың аражігін ажырату қиындап кетті. Нәтижесінде адамдар кімге сенерін білмей, дағдарып қалды.

Негізінде, пәтуа мәселелеріне, салыстырмалы фиқһи мәселелерге тек ғылыми тұрғыдан арнайы маманданған ғалым ғана кірісуі қажет. Бұл маман фиқһ, фиқһ негізі, фиқһ қағидалары ғылымдарын терең меңгергеруі тиіс. Сондай-ақ, ғылыми, фиқһи тұрғыдан тартысты мәселелерді талқылауда мол тәжірибесі болуы керек. Сонымен қатар, жалпылай түрде хадис ғылымын, ал жекелей алғанда «әл-жарх уәт-тағдил» ілімі бойынша білім алып, соған машықтанғаны абзал. Ең бастысы араб тілі ғылымдарына қатысты: тіл, сарф (морфология), наху (синтаксис) және балағат (көркем сөз) ғылымының негізгі үш саласын жалпылай терең меңгерген болуы қажет. Пәтуа берілетін кезеңнің шартын, жағдайын жан-жақты терең бағамдай алатын қабілеті, дін саласында белгілі бір салмағы бар оқу орнында жоқ дегенде магистрлік қорғаған дәрежесі болуы тиіс.

Бұл - фиқһ, усул әл-фиқһ ғылымын игермей жатып ғалым атанып, ана тұстан, мына тұстан бір пәтуа беріп жүрген ғалымсымақтардың бассыздығын тоқтату үшін қажетті шарттар. Олар фиқһтық ұстаным, фиқһ негіздерінен бейхабар бола тұра өздерінше нағыз ғалымдар шығарған пәтуаларға қатысты ескерту жасап, пікірталасқа түсіп жүр. Өткен ғалымдар «фиқһ» ғылымының маманы болудың маңыздылығына ерекше тоқталған.

Ғалымдар арасында бұрыннан келе жатқан мынадай бір сөз бар: «Кімде-кім ғылымды меңгермей, пәтуа беруге кіріссе, піспей жатып мейізге айналған жүзіммен бірдей».

Әйгілі әдебиетші Али ибн Зәйд әл-Бәйһақидің бұл жайында жазған «Тәнбиһул-Улама ала Тәмуиһил- Муташаббиһина бил-Улама» атты арнайы еңбегі бар.

 

Ғұламаларға тіл тигізу мен сынап-мінеудің харамдығы жайлы

Ғалымсымақтар пәтуа беруге, үкім шығаруға аталған саланың маманы болмаса да, белсене араласа бастады. Ғалымдарға тіл тигізуден де тайынбауда. Себебі, алған білімдері аз бола тұра, фиқһ және пәтуа мәселелеріне батыл кірісіп, пәтуа беру секілді мәртебелі іске жылдам қол жеткізіп, сондықтан да өздеріне қарсы шыққандардың мысын басуға күш салады. Соңында мазаққа айналдырып, «надан» деген айдар тағып, ғалымдарды қаралауға, тіл тигізуге себеп болды.

Шектен шығушылардың бұл әрекеттері ислам әдебіне сай келмейтін, жағымсыз қылықтар болып табылады. Мұны ғалымдарға қатысты қолдануға шарғи тұрғыдан қалайша рұқсат бола қойсын?!

Кез-келген кісінің лайықты ғылыми деңгейі болса, қандай-да бір көзқараста немесе ижтиһади мәселеде бір ғалыммен, яки уағызшымен келіспеуінде шариғи тұрғыдан күнә жоқ. Алайда, көзқараспен келіспеуді аталмыш ғылымның мәртебесін төмендетуге, қадірін кетіруге, келеке етуге, әдепсіздік жасауға пайдаланбау керек. Бұл - шариғи тұрғыдан үлкен күнә.

Кейбіреулер ғалымның берген пәтуасын толық зерттеп, білмей жатып ғалымға қарсы шығуы мүмкін. Яғни, ғалымның аузынан немесе кітабынан «мужмал», яғни бірнеше ықтималды білдіретін сөзді естуі яки оқуы мүмкін. Осы «мужмал» сөздің нені меңзеп, неге сүйеніп айтылғанын білмейді. Сондай-ақ, көзі анық жетпеген соң, оны ғалымдардың бірінен сұрайын, түсініктемелерін оқиын деген ой қаперінде болмайды. Керісінше, естіп алған нәрсені дереу жүзеге асыруға асығып, адамдардың арасына кіріп аталмыш пәтуаның үлкен қателік екендігін, үлкен күнә екендігін жар салып таратуға күш салады.

Бір шайыр бұлар жайында былай деген екен: «Біздің ойымызша бұл шариғи тұрғыдан дұрыс емес» деп айтады. «Біздің ойымызша» деп айтатындай сендер кім едіңдер?!»

Сөйтіп, сабаздар бұның қауіпті іс екендігіне немкұрайдылық танытып, алуан түрлі айыптауларға, бидғат жасауға, билікті жақтап шығуға белді буып кіріседі. Негізінде терең ойлап қарасақ шариғатта мұның мүлдем негізі жоқ немесе мүлдем дұрыс іс емес. Алайда қарсылық танытып жүрген сабаз бұл туралы бас қатырып та жатпайды.

Мұндай іске қазіргі таңда біз көп зардабын көріп жүрген ғалымсымақтар ғана кіріседі. Егер ол арлы ғалым болса, аталмыш іске кіріспес еді. Себебі, ғалым кісі, өзінің ғалым бауырының ақысын, қадірін біледі. Және ғылыми мәселедегі түрлі көзқарастарға негіз болған мәселелерге қалай ғылыми түрде жауап беру керек екенін, ғылыми пікірталастың қандай негізде, деңгейлерде болу керектігін жақсы түсінеді.

Имам әз-Заһаби (р.а.) Мұхаммед ибн Наср әл- Маруазидің өмірбаянына қатысты жазған еңбегінде былай дейді: «Егер біз қандай да бір имамның, ғалымның қателігіне бола тырнақ астынан кір іздесек, соған бола оған қарсы шықсақ, бидғатшы деп айыптап, оны тәрк етсек, онда Ибн Наср мен Ибн Мандаһ, тіпті бұл екеуінен үлкен ғалымдар да мұндай айыптаулардан құтыла алмас еді. Ақиқатқа барша адамды жетелейтін - бір Алла ғана. Ол - рақымдылардың ең рақымдысы. Нәпсіге еруден және тұрпайылықтан, дөрекіліктен Аллаға сыйынамыз» (Сияр ағламин-нубалә).

Имам әз-Заһаби (р.а.) Әбу Камил әл- Басридың былай деген риуаятын келтіреді: «Мен кейбір шейхтарымнан мынадай бір оқиғаны өз құлағыммен естідім. Біз Әбу Ханабтың хадис мәжілісінде отырған едік. Ол бізге үш халифаның артықшылықтары мен асыл қасиеттеріне байланысты хадистерді жаздырғаннан кейін әзірет Әлидің артықшылықтарына қатысты хадистерді жаздырып жатқан болатын. Дәл сол уақытта Әбу Фадл әс-Сүлеймани орнынан атып тұрып: «Уа, адамдар! Мына адам Дәжжалдың тап өзі. Бұдан хадис жазбаңдар!» деп айқай салды. Артынша мәжілісті тастап шығып кетті». Себебі, ол бұған дейін айтылып кеткен үш халифаға қатысты хадистерді естімеген еді. Имам әз-Заһаби бұл қиссаға мынадай түсініктеме берген: «Бұл қисса әс-Сулейманидің қаттылығын, қызбалығын көрсетеді. Алла оны кешірсін!» (Сияр ағламин-нубалә).

Ғалымдар бірауыздан ілімсіз адам мен ижтиһад жасауға қабілеті болса да ижтиһад дәрежесіне жетпеген ғалымдардың «тақлид»  етуі керектігін қүптаған. Ең бастысы мәзһабтың мұжтаһид имамына еріп, оның пәтуасымен, үкімімен жүргеннен кейін, өзара шарги мәселелерде дауласудың қажеті жоқ. Олай болса, ғылымды меңгермеген ғалымсымақтардың ғылым тарихында орны бар беделді галымдарға қарсы шығулары қалайша дұрыс бола қойсын?!

Бұл жерде имам әз-Заһабидың сөзінен артық сөз айтуымыздың қажеті жоқ шығар. Ол кейбір сауатсыз надандардың имам Ахмад ибн Ханбалды мұхаддис, алайда фақиһ емес дегендеріне жауап ретінде былай дейді: «Өзінің дәрежесін білмейтін сауатсыз надан, өзгенің дәрежесін қалайша білсін?!» (Сияр ағламин-нубалә).

Демек, осындай ғалымсымақтарға арналар сөздің мазмұны былай болуы қажет: «Әуелі өзіңнің деңгейіңді біл! Шамаң жететін мәселеге ғана аралас! Себебі, кісінің білім деңгейі, алған ғылымының үлесімен өлшенеді. Ақиқатты мойындамай, адамдарды менсінбеуге жетелейтін тәкаппарлықтан аулақ бол! Ислами орталарда кейінгі кездері жиі орын алатын ғылыми сипаттан іргесі алыс талас-тартыстан аулақ болған жөн. Имам әл-Ғазалидің төмендегі мына сөзі қандай ғибратты, қалай дәл айтылған десеңізші?! «Білмейтін кісі жағын ашпаса, талас-тартыс тоқтар еді».

Сөзімізді әйгілі имамдарымыздың бірінің сөзімен тәмамдауды жөн көріп отырмыз. Ол кісілер ғалымдарға тіл тигізіп, мәртебесін түсіріп, жаман атты қылудың соңы немен аяқталатынын ескерткен. Белгілі ғалым - Хафиз Әбул-Қасым ибн Асакир  (р.а.) өзінің танымал еңбектерінің бірі - «Тәбиину Кәзибил-Муфтаридің» кіріспесінде былай дейді: «Уа, бауырым! Мына нәрсені біліп ал! Алла Тағала саған да, маған да разылығына сай жетістік нәсіп етсін! Бізді лайықты түрде сақтанатын, лайықты түрде қорқатын құлдарының қатарынан етсін! Ғалымдардың еті улы болады әрі Алла Тағаланың ғалымдарға тіл тигізіп, кемсіткендердің абыройын қалай төгетіндігі белгілі. Кімде-кім ғалымдарды даттайтын сөз айтар болса, Алла Тағала көзі тірісінде-ақ жүрегін өлтіретін бәле береді» .

Алла - ең ұлы! Алла ең дұрысын білуші!

(Материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: