20
Сенбі,
Сәуір

һижри

«Алланы аспанда» деу дұрыс па?

«Алланы аспанда» деу дұрыс па?

Күдікпен күрес
Жарнама

Бұл мәселе төңірегінде Жаһмия* ағымы Алла барлық жерде десе, Уахабия* ағымы Алла аспанда деп түсінеді. Әһлу сунна уәл жәмәға көзқарасы бойынша, Алла Тағаланы мекенге тәуелді ету дұрыс емес.

Имам Матуриди: «Дұға кезінде қолды көкке көтеру – құлшылыққа тән сипат. Алла құлдарына құлшылықтың қалаған түрін міндеттеп, қалаған жағына бағыттай алады. Сондай-ақ, адамның дұғада көз ұшын аспанға қаратуы «Алланың аспанда» екендігін білдіреді деп ойлауы, намаздағы адам маңдайын сәждеге қойған кезінде «Алла жер астында» деп ойлағаны тәрізді. Тура сол сияқты құбыланы табу үшін намазда шығысқа немесе батысқа бетін қаратқан, қажылық үшін Меккеге бетін бұрған адамның «Алла осы жақта» деп ойлауының да айырмашылығы жоқ. Олар қажылықта сағи (Сафа мен Мәруа арасына жүгіру) жасау кезінде құдды жоғалтқан затын немесе дұшпанды іздеген адам сияқты жүреді. Ұлы Алла мекенге тәуелді болу кемшілігінен пәк»[1] деген.

Шайх Ахмад әл-Мағриби (1380 һ): «Егер Хақ Тағала бір жақта болмаса, дұға жасағанда қолды көкке көтерудің мәнісі не?», - делінген сұраққа имам Тартуши, мынандай екі жолмен жауап берді. Біріншісі: Дұға жасағанда қолды көкке көтеру құдды Алланы Қағбада деуден пәктей отырып, намазда құбылаға бет бұру және Алланы сәжде қылынған жерде деген ойдан тазара отырып, сәжде кезінде маңдайды жерге тигізу тәрізді ғибадаттық сипат. Екіншісі: Расында, аспан – ризықтың, уахидің, рахмет және берекеттің төгілетін орны. Әрі көктен жаңбыр жерге жауу арқылы өсімдіктер өседі. Аспан – құрметтілердің (періштелердің) мекені. Алла бір іске үкім етсе, оларға тапсырады. Олар жер бетіндегілерге жеткізеді. Сол сияқты жердегі амалдар көкке көтеріледі, онда пайғамбарлар бар және игілердің мұрат еткен жәннәті бар. Сондай-ақ, аспан әлемі осындай ұлы істердің және қаза мен қадардың (тағдырдың) білінетін кені. Мұң-қайғылар оған көтеріліп, сонда дұға-тілектер орындалады»[2] деп, адам санасында Алланы бір тарапқа тән етудің, белгілі бір мекенмен өлшеудің дұрыс еместігін ашық айтады.

Ал, Алла Тағалаға мекен теліп, Оны жаратылыс тәрізді мұқтаждық сипатын таңатын ағымдардың бірі бүгінгі сәләфизм (уахабизм) ағымы. Олардың түсінігінде, «Алла аспанда» демегендер адасқандардың санатына жатады. Олар, көзқарастарын растау үшін «Хадисул жәрияны (күң әйелдің хадисін)» дәлел қылады. Мұғауия Ибнул Хакам әс-Сулами жеткізген бұл ұзын хадис сахих Муслимің жинағында келіп, соңғы бөлігі былай әңгімеленеді: «...Алла Елшісінің (с.ғ.с): «Алла қайда?», - деген сұрағына, күң қыз: «Аспанда», - деп жауап берді. Содан кейін: «Мен кіммін», - деген сұрағына, «Сен Алла елшісісің», - дегенінде, Алла Елшісі (с.а.с): «Бұл қыз мүмін екен, оны азат ет», - дейді»[3].

Енді, осы «Хадисул жәрия» Аллаға мекен тәуелді етуде қуатты дәлел болып табыла ма, жоқ ба? деген сұрақ төңірегінде хадис ғалымдары, аталмыш хадистің дәрежесін «Мудтараб»[4] әлсіз хадистің санатына жатқызады. Имам әл-Бәйһақи (р.а.) бұл хадис туралы: «Мүслимде жеткен бұл хадис – мудтараб хадис. Өйткені, хадистерде Алла Елшісінің (с.а.с.) күңге қойған сұрағы әртүрлі келеді. Аталмыш риуаятта: «Алла қайда?» деп сұралса, Абдур-Раззақтың мұсаннафындағы сахих хадисте: «Алланың бір екендігіне куәлік етесің бе?» деп келеді. Ал, Ибн Хиббанның сахихында: «Раббың кім?» деп риуаят етілсе, Ата ибн Иасар жеткізген риуаятта: «Аспандағы кім» деген сұрақпен келеді»[5] деген. Сондай-ақ, дәрежесі «мудтараб» болған әлсіз хадиске сүйене отырып, Әс-Самад (Алла ешнәрсеге мұқтаж емес, керісінше барлық нәрсе Оған мұқтаж) болған Алла Тағалаға қалай мекен телуге болады?!   

Бұған қоса «күң оқиғасына» қатысты хадистердің ішінде Абдур-Раззақтың мұсаннафындағы «Алланың бір екендігіне куәлік етесің бе?» деген сөзбен жеткізілген хадисті қуаттайтын басқа да қисынды факторлар бар. Себебі, кісінің иман келтіріп, келтірмегендігін анықтау үшін оның Алланың – бір, Мұхаммедтің – елші, өлім мен қайта тірілудің хақтығы һәм жұмақ пен тозақтың ақиқат екендігіне сеніп, сенбегендігін сұрап білу қажет. Міне, бұл қисынға келеді. Себебі, мұсылмандықты енді қабылдаған адамға айтқызатын алғашқы имани куәлік, «Алладан басқа тәңірдің жоқтығына һәм Мұхаммед оның елші екендігіне куәлік етемін» деген сөз емес пе? Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өз елшілерін түрлі тайпалар мен қауымдарды дінге шақыру үшін жібергенде, оларға «Алланың бір және Мұхаммедтің елші екендігіне кәуелік келтіруге шақырыңдар» дегені көптеген сахих хадистерде айтылған. Оның ешбірінде Алланың аспанда екендігіне куәлік етуге шақырып әрі оны иманның белгісі ретінде қабылдауды айтпаған. Сонымен қатар, «Алла қайда?» деген сұраққа, «Аспанда» деп жауап берген хадисті «мудтаруб» деп танымай-ақ, сахих хадис ретінде қабылдағанның өзінде ешбір Ислам ғұламасы бұл хадис арқылы «Алла аспанды мекен тұтады» деген шешімге бармаған[6].

Араб тілінде «аспан» сөзінің негізгі мағынасы «жоғары» дегенді білдереді. Міне, біз «Алланың жоғарыда (аспанда)» екендігін меңзеген аят, хадистерден осы мазмұнды түсінуіміз қажет. Яғни, Оның мәртебесінің жоғарылығы, даңқының асқақтығын. Мәселен, біз күнделікті өмірде «бұл мәселені жоғарыдағы адамдар шеше алады» десек, ол адамдардың денелерімен жоғарыда емес, мәселені шешуге ықпалы бар биік мансап, жоғарғы лауазым иелері екендігін түсінеміз. Әрі Алланы төбеміздегі аспанда деп пайымдау астрономия ғылымы тұрғысынан да қате. Себебі, жер шары домалақ болғандықтан, аспан да салыстырмалы түрде әр жақта болады. Яғни, жердің мына бетіндегі адамның аспан деп көрсеткен жоғарғы жағы жердің арғы бетіндегі адам үшін төменгі жақ болып саналады[7].  

Қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбар хадистеріне зер салып қарайтын болсақ, Алла Тағалаға жоғары және төмен жақты тәуелді етіп, орын берудің дұрыс еместігін көреміз. Содан бірер мысал келтірер болсақ, имам Матуриди Құрандағы: «Сендер қайда болсаңдар да, Ол сендермен бірге» («Хадид» сүресі, 4-аят) яғни, сендер Алланы сүйіп, Одан жалбарына сұрасаңдар көмек көрсетуге дайын, ал Оған қарсы келсеңдер, жазасы да дайын»[8], «Ол – күллі аспан әлемінде де, жерде де жалғыз Алла!» («Әнғам» сүресі, 3-аят) яғни, Алла аспан, жерді жаратып, билігін жүргізуде ортағы жоқ» деген мағыналарды береді»[9], - дейді.

Имам Матуриди тағы да: «Алланың құлына жақын болуы дұғасын қабыл етуімен жүзеге асады деп біледі. Қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын» («Бақара» сүресі, 186-аят) яғни, құлына жәрдем етуінде өте жақын, «Расында, Алла азабынан қорыққан және әрдайым игі іс жасаған ізгі жандармен бірге» («Нахл» сүресі, 128-аят) яғни, құлының дәрежесін көтеруі, «Раббыңа сәжде ет һәм әрдайым Оған жақындататын жолда бол» («Әлақ» сүресі, 19-аят), «Кімде-кім Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір сүйем жақындаймын...» [10] деген хадис және «Оған жақындай түсудің жолын (себебін) іздеңдер» («Мәйда» сүресі, 35-аят) деген аяттарында Алланың (бәле-қазадан) сақтауы мағынасында келді...»[11] деген.

Демек, Алла мекен мен заманды жаратпай тұрып қалай болған болса, қазір де дәл солай. Ол мекенге мұқтаж емес. Алла Тағаланы мекенге және бір тарапқа тәуелді ету Әһлу сунна уәл жәмәға ұстанымына қайшы. Тарихта Мүшаббиһа және Мүжассима ағымдары Алла Тағаланы жаратылыс тәрізді мекенге тәуелді еткен болса, бүгінде өздерін сәләфиміз деп жүргендер хадистің мәніне үңілместен, «Алла аспанда» деп даурығып, мұсылмандар арасына іріткі салып жүргенін теріс ағымда болғандарын байқауға болады.

                                                           Самет Оқанұлы

                                                            Исламтанушы

 

* Құрушысы Жәһм ибн Сафуан. Һижри ІІІ ғасырда пайда болған. Олар Алланың сипаттарын жоққа шығару және Құран жаратылған деген сынды пікірлерімен Әһлу сүннет уәл жәмағатқа қарсы болған топ.

* Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың (1703-1792) көзқарасында қалыптасқан діни, саяси ағым. Бұлар Құран мен сүннеттегі мәліметтерді тіке мағынасында қабылдайды. Сол себепті көп мәселелерде Әһлу сүннет уәл жәмағаттың көзқарасына қайшы.   

[1] Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут Тәухид, «Дәрус-Садр» баспасы, Бәйрут. – 2007. 538 бет. 139-бет.

[2] Әл-Минәхул матлуба (Димна китәби сәләси расәийл фи истижабид дұға) 61-62 бб; Итхафус садатил муттақин, 5-том, 34-35 бб.

[3] Сахих Мулсим, 1-том, 381-бет. 538-хадис.

[4] «Мудтараб» (الحديث المضطرب) хадис дегеніміз – дәрежесі тең болғанына қарамастан, бір-біріне қайшы жолдармен жеткен хадис. Әртүрлілік мәтінде немесе иснәдта (тізбекте) болуы мүмкін. Мұндай хадистер дәрежесі жағынан тең болғандықтан дұрыстығын таңдау қиын. Сол себепті, әлсіз хадистің санатына жатады.

[5] Ибн Хажар әл-Асқалани, Талхисул-Хабир, «Дарул-Мишкат» баспасы, 1995 ж.448-бет.

[6] http://taglym.kz/component/k2/item/672-k-o-i-asy-khadisine-taldau.html

[7] http://muslim.kz/kk/question/44-jalpy-alla-aspanda-dep-aitu-durys-pa.html

[8] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2005-2010. 17 томдық тәпсір кітабы. 5-том, 10-бет.

[9] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2005-2010. 17 томдық тәпсір кітабы. 14-том, 336-бет.

[10] Бұхари, «Тәуид», 15, 50; Мүслим, «Зікір», 20-22, «Тәуба», 1.

[11] Әбу Мансур әл-Матуриди, Китәбут Тәухид, «Дәрус-Садр» баспасы, Бәйрут. – 2007. 538 бет. 140-бет.

Бөлісу: