30
Сәрсенбі,
Қыркүйек

һижри

Алла мекенге мұқтаж ба? (1)

Алла мекенге мұқтаж ба? (1)

Күдікпен күрес
Жарнама

Әһлу сунна уәл жәмәға ғалымдары, Аллан Тағаланың есім-сипаттарын дұрыс түсіндіру мақсатында ақидалық қағидалар түзіп, «Әл-Ұжуд» (Алланың бар болған Затын) мынандай негіздер аясында түсіндіреді.

Олар: «Әл-Қидам» (әулден бар), «Әл-Бәқа» (мәңгі бар болу), «Әл-Уахдания» (Алланың жалғыздығын мойындау), «Әл-Мухалифату лил хауадис» (Алланың затын жаратылысқа ұқсатпау) және «Әл-Қиям би Нәфсиһи» (Өзі бар болып тұрады. Мекен және тарапқа мұқтаж емес). Мұнымен қоса, Алланың күллі жаратылысты жаратып, мүлткісіз бір жүйемен басқарып тұруын білдіретін есім-сипаттарын «Хаят» (тірі болу), «Ғылым» (барлық істен хабардар), «Құдірет» (әр нәрсеге күші жетуші), «Басар» (көріп, бақылап тұрушы), «Сәмиғ» (естіп, білуші), «Ирада» (қалау еркі бар), «Кәлам» (сөйлеу, тілдесу) және «Тәкуин» (бар қылу) деген субути сипаттары негізінде қарастырады. Бұл иләһи сипаттық қағидалар арқылы Алла Тағаланы күллі кемшіліктер мен нұқсандардан пәктей отырып, Алланы Затына лайық түрде танудың жолын көрсету – сенім мәселесінде қателеспеудің бірден-бір жолы болып табылады.
Мүтәшабиһ (ауыспалы мағынасы бар) аяттарда Алла Тағаланы пәктей отырып, ұлықтығына сай мағынасын ашып түсіндіру үлкен жауапкершілік. Һижри III ғасырда Ислам жағрафиясы кеңейіп, көне діндер мен мәдениеттер едәуір ықпал ете бастаған болатын. Міне, осындай кезде Ислам ғалымдарының адамзатты Құран, хадистың тұнық бұлағынан сусындату мақсатында мүтәшабиһ аят, хадистерге кеңінен жорамал жасауға мәжбүрлік туды. Құран және хадис мәтіндеріне терең үңіле отырып, мәнін мұсылман үмметіне дұрыс жеткізу, бірізділікке түсіру мұрат етілді. Бұған мәжбүрлеген басты себеп түрлі ағымдардың шығуы еді. Солардың арасында Жәһим муъаттила (Алланы пәктейміз деп Алланың сипаттарын толықтай жоққа шығарушылар) мен Мүшаббиһа және Мүжәссима (сөздің тура мағынасын негізге алып, Алланы басқа жаратылғандарға ұқсататындар) ағымдарының қатері ерекше болды. Мұндай қатерлі пікірлерге қарсы Әһлу сунна уәл жәмәға ғалымдары: «Мұхалафатул лил-хауадис» (Алла жаратылысқа ұқсамайды) деген ақидалық қағиданы бекітті . Араға бірнеше ғасыр салып, Мүшәббиһа және Мүжәссима ағымдарының көзқарастары һижри VII ғасырда Ибн Тәймия (1263-1328 ж.ж.) қалыптастырған теориясы негізінде қайта жаңғырса, бұл теория Мұхаммад ибн Абдулуаһһабтың (1703-1792 ж.ж.) кезеңінде «Уахабизм (Сәләфизм)» деген атпен әлемдік деңгейде жүзеге асырылып, кең тарала бастады.
Уахабизм ағымы, мүташабиһ аят, хадистердің заһири (сыртқы) мағынасын тікелей қабылдап, астарлы мағынасына үңілуді адасушылық деп білді. Сол себепті, олар Құрандағы: «Рахман Аршыға истиуа етті» («Таһа» сүресі, 5-аят) деген аяттағы «Истәуә» сөзінің заһири мағынасын алып, Алла Аршыны мекен етті, мекенге тәуелді деп түсінеді. Олардың көрнекті ғалымдарының бірі Ибн Баз: «Алла Тағала Аршының үстінде, жоғары жақта. Күллі жаратылыстың үстінде...» деу арқылы Алланы мекенге тәуелді етіп, жаратылысқа мұқтаж етіп көрсетті. Яғни, Алланың Затын, есім-сипаттарын физикалық әлем тәрізді қарастырып, ашық жаратылысқа ұқсатып отырғанын көруге болады. Оның бұл теориясының дұрыс еместігін Әһлу сунна уәл жәмәға ғалымдарының көзқарасы негізінде дәлелдеп көрелік.
Матуриди мәзһабы бойынша, Алла Тағаланы жаратылысқа тән сипаттармен сипаттап, Оған мекен және тараптарды тән ету дұрыс емес. Имам Матуриди, «Истиуа» сөзінің үш түрлі мағынасы бар. Әуелгісі: билік жүргізу мағынасында. Яғни, «Истилә» сөзі бір адамның бір елді мекенге билік етуін білдіреді. Екіншісі: көтерілу, жоғары шығу мағынасында. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Қасыңдағылармен бірге кемеге мінгеніңде (шыққаныңда)...» («Мүминун» сүресі, 28-аят) делінеді. Үшіншісі: шегіне жету, толу мағынасында. Қасиетті Құранда: «Сөйтіп, ол ер жетіп, (тәндік һәм рухани жағынан) толғанда» («Қасас» сүресі, 14-аят) делінген. Сонымен қатар, «Истиуа» сөзінің «ниет қылу», «жарату» мағыналарын береді дегендер де бар...» деп, «Истиуа» сөзінің бірнеше мағынасы бар екендігін айта келіп, «Истиуа» сөзіне Аршыға және онымен бірге күллі жаратылысқа билігін, үкімін жүргізу мағынасын беруді лайықты санайды. Өйткені, Алла Тағаланы жаратылысқа ұқсатпай пәктей отырып, ұлылығын дәріптеу Құран және сүннеттің мәніне сай түсінік болып табылады.
Мәшһүр тіл ғалымдарының бірі, Ибраһим ибн әс-Сари әз-Зужаж (311 һ) Алланың есімдерін түсіндіру барысында: «Әл-Ғәли» сөзі – жоғары, үстем мағынасында. Алла Тағала жаратылыстан құдіретімен үстем, жоғары. Жоғарылықты мекенмен өлшеу дұрыс емес. Алланың сипаттарын зейінге салып суреттеуге келмейді. Алла Тағала мекеннен, суреттеуден пәк» деп, имам Матуридидің көзқарасын құптағанын көреміз.
Имам Матуридидің «Китәбут Тәухид» атты еңбегінде, қасиетті Құрандағы: «Рахман Аршыға «истиуа» етті (яғни, Аршқа шексіз билігін жүргізді, Аршпен бірге күллі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп, шексіз үкімін жүргізді)» («Таһа» сүресі, 5-аят) деген аятқа қатысты «Аршының баяны» деген арнайы бір тақырып арнап, «Истиуа» сөзіне қатысты айтылған түрлі көзқарастарды келтіре отырып, әрбіріне жеке-жеке тоқталады. Олар:
Біріншісі: «Алла әуелде Аршыда болмады, Оған кейін келіп орнықты», - деп сипаттайды. Олардың бұл көзқарасы дұрыс емес. Себебі, «Аршы» дегеніміз – періштелер көтеріп алып жүретін және солардың қорғауында болатын тақ. Ал, олардың Құрандағы: «Сол күні күллі жаратылыстың үстінде Раббыңның Аршын сегіз (періште) көтеріп алып жүреді» («Хаққа» сүресі, 17-аят), «(Сол күні) періштелердің Аршты қаумалап, Раббыларына мадақ жаудырғанын көресің» («Зүмәр» сүресі, 75-аят), «Аршты арқалаған және оны айнала қоршаған (періштелер)...» («Мүмін» сүресі, 5-аят) және Құрандағы: «Содан соң Аршыға «истиуа» етті» («Ағраф» сүресі, 54-аят) деген аяттар Алланың әуелде Аршыда болмағанын, адамдар Алладан жақсылық күтіп, қолдарын көкке жәйіп дұға еткеннен кейін Аршыға жайғасты деген дәлелдері аяттың мәнін бұрмалау және Алланы жаратылысқа ұқсату болып отыр.
Екіншісі: «Алла барлық жерде» деп біледі. Олар, Құрандағы: «Үш кісі жасырын бас қосып құпия сөйлессе, сөзсіз олардың төртіншісі Алла болмақ...» («Мүжәдәлә» сүресі, 7-аят), «Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз» («Қаф» сүресі, 16-аят), «Біз оған сендерден де жақынбыз, алайда, сендер көрмейсіңдер» («Уақиға» сүресі, 85-аят), «Ол көкте де (табынуға лайық) жалғыз Құдай, жерде де (табынуға лайық) жалғыз Құдай» («Зұхруф» сүресі, 84-аят) деген аяттарды дәлел ретінде келтіріп, Алланың мекенін белгілі бір мекенмен шектеуге келмейді. Алланы бір мекенде, екінші мекенде жоқ дейтін болсақ, Оны шектеу (кішірейту) болады. Бұл – қатесу болып табылады. Сонымен қатар, бір заттың өзі сыймайтын мекенде болмайтыны да белгілі. Демек, Оның заты мен мекенінің шегі бірдей» деген сынды уәж айтады. Алайда, олар айтқандай Раббымыздың ұлылығын жаратылыспен өлшеп, пішіндеу дұрыс емес. Алла мұқтаждық, кемшіліктерден пәк .
Имам Матуриди, аталмыш ағымдардың көзақартарының дұрыс емес екендігіне былай жауап береді. Қасиетті Құрандағы: ««Күллі аспан әлемі мен жердегі бар биліктің бір Аллаға тиесілі» («Бақара» сүресі, 107-аят), «Күллі аспан әлемі мен жердің Раббысы» («Рағыд» сүресі, 16-аят), «Шүбәсіз, сендердің Раббыларың Алла» («Әнғам» сүресі, 10-аят), «Күллі әлемнің Раббысы» («әл-Фатиха» сүресі, 1-аят) және «Ол құлдарын бір Өзі билеп-төстеуші» («Әнғам» сүресі, 18-аят) деген сынды жалпы мағынадағы нәрселердің Аллаға тиесілігін білдіретін аяттармен қатар, «Расында, Алла азабынан қорқатындармен бірге» («Нәхл» сүресі, 128-аят), «Шүбәсіз мешіттер Аллаға тиесілі» («Жын» сүресі, 18-аят), «Алланың түйесі» («Шәмс» сүресі, 13-аят) және «Алланың үйі» («Хаж» сүресі, 26-аят) деген сынды жалқы мағынадағы Аллаға тиесілі етілген заттар туралы айтылған аяттарда да Алланың ұлылығын пәш етуде. Ал, кейбір жаратылыстың аты ерекше аталуы болса, оның өзге заттардан артықшылығын білдіреді» . Сондай-ақ, мекен жоқ кезде Ұлы Алла (әуелден) бар еді. Мекендер жоқ болып кеткен күннің өзінде Ол әуелдегідей бар болып қала береді. Алла әзәлда қандай болған болса, қазірде дәл солай. Ешқандай өзгеріске, жоқ болуға және жойылуға ұшырамайды. Өйткені, мекенге мұқтаждық, өзгеріске бір түрден екінші бір түрге өзгеруде жаратылысқа тән сипат. Жаратушы Алланың затында бір түрден екінші түрге ауысу статусы болмайды. Яғни, «Алла әуелде Аршыда болмады, Оған кейін келіп орнықты» деу да дұрыс емес. Құдірет-күш тек Аллаға ғана тән)» десе, тағы бір сөзінде: «Алланы бір мекенге телу немесе Оны барлық жерде деу арқылы құтты бір күйден екінші бір күйге ауысып тұратын, мекенге мұқтаж денелерге ұқсату болып тұр. Егер Алла Тағаланы мекенге тәуелді етілетін болса, онда Ол әлемнің бір бөлшегі тәрізді болғаны. Алла мұндай кемшіліктен пәк» . Яғни, «Алла Аршыға «истиуа» етті» аяты Алланың мекенге орныққанын білдірмейді, керісінше өзге аяттар тәрізді Алланың құдіреттілігін, ұлылығын білдіретін бірден-бір айғақ. (Жалғасы бар)

Самет Оқанұлы

                                       Phd доктор, Исламтанушы

Бөлісу: