Бүгінгі күні рухани түлеу басты ұстанымға айналды. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру идеясының аясында өрістеп отыр. Бұл істе қасиетті дініміздің алатын орны ерекше. Имандылыққа баулитын, ізеттілікке үйрететін Құран хадистерінің жөні бөлек. Біз осындай жаңғыру жолына түскен мемлекетіміздегі діни ұғымдарымыздың жайын Астана қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы саналатын «Шейх Құнта қажы» мешітінің бас имамы Яхия қажы Исмайловпен тілдескенде әңгімемізге арқау еткен едік.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жөніндегі мақаласы бізді де жұдырықтай жұмылдыра түсті. Бүгінімізді біліп қана қоймай, өткенімізді тануға даңғыл жол ашты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері ол мақаламен танысып қана қоймай, иманды істің ұйытқысы болуға күш салып отыр. Көп ұлтты Қазақстан халқының басын біріктіру мақсатында тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Президент әртүрлі елдік институттар ашып, оған бәрімізді топтастырды. Солардың ішінде бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ұйымшылдықпен елдікке қызмет етіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы дер едім. Елімізде қандай да бір маңызды оқиға болса, қол ұстасып, достасып шыға келеміз. Бұл іске қасиетті дініміздің де қосып отырған үлесі баршылық. Ақиқатына келсек, имандылыққа бастайтын дін – ұлт пен ұлысты қалыптастыруда әлеуеті бар мықты ұстаным екені рас. Алланың ақ жолы адалдыққа, адамдыққа жетелейді. Жат ағымдарға ұрынбай жақсы жаққа қарай өзгеруді ислам діні бірінші кезекке қойған. Әр ұлттың адамы өз салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға ешқандай тосқауыл қоймайды. Өйткені тіл, дін, мәдениет бір-бірімен тығыз байланысқан. Ал діннің орталығы мешіт десек, мешіт руханияттың барлық озығын жинап, тозығының кемшілігін көрсетіп отырады.
Діннің шын мәніндегі бағытын білген жамағат ешуақытта адаспайды. Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне де он екі ғасырдан асты. Біздің елімізде бұл дінге деген құрмет артып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмыс істеп жатуы сөзіме мысал бола алады. Министрлік қасиетті дініміздің отанымызда сауатты жүргізілуін, адал ниеттің орындалуын, кейбір теріс пиғылдардың іс-әрекетіне заңдық тұрғыдан тосқауыл қоюды қамтамасыз етуде. Осы арада мына бір ойды да ортаға сала кетсем деймін. Еуропа халқына, бүкіл Араб әлеміне аты мәшһүр ғұлама ғалымдар туралы тереңнен әңгіме қозғап, олардың өмір жолын зерттеп, зердеден өткізсек еш артықтығы жоқ. Сол ұлы ғұламалар қай елден, қай жерден екендігін нақтылап, олардың ерекше болмысын, ғылым-білімге қосқан үлесін, еңбектерін көрсетіп отырсақ, Орталық Азия жұртының да дін саласында алыптары болғанын дәйектер едік. Егер біз бұл жұмысты дәл қазір қолға алмасақ, кейінгі жас оларды мүлде білмей қала ма деген қаупім бар. Біздің министрлік осыны қолға алып дін саласында мықтылардың болғанын жан-жақты зерттейтін институт ашып, сонда ата тарихымызбен қатар, ислам тарихын зерделеп, өзіміздің ғұламалар ілімін бүкіл дүниеге танытсақ ұтылмаймыз. Өз ғұламаларымыз, ғалымдарымыз жарқырап шығып жатса, ұлт тарихы үшін абырой болары ақиқат. Әрине бұған қаржы керектігі белгілі. Дегенмен ұлт тарихы үшін қажет іске қаржы табылар деген үміттемін.
– Жалпы, бүгінгі күні дін саласындағы жұмыстар жүйелі жолға түсіп, өзекті мәселелер шешімін таба бастағанын көріп отырмыз. Дегенмен бұл бағыттағы іс-қимылды күшейте түсу керек деген пікір бар. Бұған не дейсіз?
– Айтары жоқ. Бүлінген елдер берекесінің болмай жатқанын көріп те, біліп те отырмыз. Қазақ мына өмірді қамшының сабына теңейді. Қарапайым естілгенімен керемет философиялық астар жатыр. Мен әр азаматқа осы қанатты қағиданы танып-білсе, тар көңіл кеңіп, жаратқан берген жан өлшеулі уақытында армансыз болар еді. бұл жердегі біздің басты міндет әділ дінді бұрмалайтын идеялардан қорғану – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұр. Бұл – алдыңғы толқын бізге жүктелген іс. Шындығына келгенде басты байлығымыз да, құндылығымыз да елдің ынтымағы мен бірлігі, татулығы, тұрақтылығы. Бүгінгі таңда өздерін салафиміз дейтін кейбір мұсылман бауырларымыздың жүріп-тұруына киім үлгілеріне қарап бұл қандай мұсылмандық деп ойланасың. Жүздеріне қарасаң суық, мейірімсіздеу көрінеді. Ғұламалар тиянақтаған қағидаттарға сүйенсең, мұсылман адамдар талас-тартыстан аулақ жүру керек. Оны орындамағандар елдің ынтымағына нұқсан келтіру деп түсінемін. Кейбіреулерінің жүректерінен мейірім кеткендіктен болар, ешкімге жаны ашымайтындай, қатыгездеу көрінетінін несін жасырамыз. Мұндай жат қылықтан, әсіресе кейінгі ұрпақты сақтандырсақ екен. Оған ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналар алдымен күш салуы керек.
– Біздің елімізде таяуда Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтті. Онда қандай мәселелер талқыланғанын айта отырсаңыз.
– Діні бір мұсылман жұртының ғұламалары айбынды Астанамызда басқосуы біз үшін абырой болды. «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» атты тақырып аясында болған алқалы жиынға Еуразияның 21 елінен 35-тен астам делегат, сол секілді еліміздің беделді дін ғалымдары мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері, жалпы 250-ден астам адам қатысты. Бұл жиынды тарихи күн деуге болады. Бұл басқосуды да Елбасының рухани жаңғыру идеясының аясындағы іс-шара деуіміз керек. Форумның басты мақсаты туралы еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз баяндама жасап, ислам дінінің арғы-бергі тарихына тереңдеп барып форумның мақсатын атап айтты. Жаңа замандағы мұсылман қауымының жа-
уапкершілігі, өзара түсіністікте жұмыс істеу, әлемдегі сын-қатерлерге байламдарын білдіріп, мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қашанда қосылмайтынын, зиянды әрекеттерден аулақ болу басты міндет саналатынын тілге тиек етіп, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру, рухани қауіпсіздікті басты бағытта ұстау, жат діни ағымдардың идеологиясына төтеп беру жолында бір болу, бұған қоса тарихи орындарды қадірлеу ісі де қозғалды.
Дүние құбылып тұрған тұста діні бір халықтардың түсінікте қатар жүруі, әсіресе кейінгілерге үлгі екені сөзсіз. Қасиетті дініміздің адамдыққа баулитын қасиеттерін жалғастыра білсек, оны кейінгі жастардың санасына таза күйінде сіңірсек, бізге кімнің тісі батады? Жалпы, дін ісін жүргізушінің өзі сауатты болуы керек. Көп нәрсені бүлдіретін осы сауатсыздық. Бірден айтайын, ислам діні догма емес. Жағдаймен есептеседі, мүмкін дегенді үзілді-кесілді жоққа шығармайды. Егер сауатың шамалы болып, Құран қағидаларына тереңдей алмай тұрып болжаммен кесіп-пішсең жұртты адастырасың. Ислам діні, жоғарыда айттым, тағы қайталаймын, білім мен ғылымға шек қоймайды. Қайта оқы, біл дейді. Оған талпынған адамға ұзынды күн мешітте отыр демейді. Бес уақыт намазыңды жиып оқуға да кеңшілік береді. Алла тағала Құранда «Егер білмесеңдер ілім иелерінен сұраңдар. Ғалымдар халықтың ішінде көп емес, олар санаулы, сондықтан білмейтін шариғат үкімдерін ғалымдардан, білімі бар адамдардан сұраңдар. Бұл – Алла тағаланың әмірі, бұйрығы» дейді. Міне, алдағы пікірімізге осы дәйек болады деп ойлаймыз. Алла жолынан адаспау үшін дін ғұламасы Әбу Ханафи мәзһабын терең білуің керек.
Тәңірім әр кез қолдасын, көп көрмесін, қазақ жерінде, шүкір дейін, діни негіздегі қақтығыстар болған емес, болмасын да. Дегенмен әртүрлі бөлінушіліктер байқалады. Кері бағыттар аңғарылады. Фанаттар елес береді. Осыдан сақ болсақ екен. Әсіресе аңғал жастардың жат діннің жетегінде кетпеуін барша жұрт қадағалауы керек-ақ. Жаратқан иемізге мың да бір шүкір. Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөлдеген халқымыз уақыт өткен сайын имандылыққа бет бұруда. Қазақ елінде ислам діні қанат жайып мешітке келушілердің саны артуда. Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды. Керісінше күнәға ұрынады. Ислам – діні нағыз халықтық дін. Ешкімге, жауына да жамандық тілемейді. Тек жақсылық сұрайды. «Дінге зорлық жоқ» дейді Құран хадистерінде. Алда айтқанымыздай дін «... иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір алысыңдар», дейді тағы да Құран қағидасы. Бұл дана халқымыздың «Еркіндік қайда болса, елдік сонда, бірлік қайда болса, ерлік сонда» деген аталы сөзімен ұштасып, тұғырымыз – тыныштық, тірлігіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық секілді ұлы мақсатқа жалғасып, ол мақсатта мәңгілігімізге айналсын дейік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»