23
Сенбі,
Қараша

һижри

Сейтқасым Серік: Олардың арманы – анасы екеуімізді қажылыққа жіберу

Сейтқасым Серік: Олардың арманы – анасы екеуімізді қажылыққа жіберу

Сұхбат
Жарнама

17

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігінде Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан VII республикалық Құран байқауына іріктеу сайысында «10 пара» аталымы бойынша 1-орынды 8 жасар Ерқанат Сейітқасым иеленді. VII республикалық Құран байқауына Астана қаласының атынан жолдама алған жас қаридың 9 жасар әпкесі де, 5 жасар інісі де Құран жаттаған. Діндар отбасынан шыққан балалардың имани жетістікке жетуіне себепкер болған ұстаздары - өз ата-аналары. 

«Ислам және отбасы» жылына орай, балаларын Құран құндылықтарымен сусындатқан отбасынан өнеге алу мақсатында отағасын сөзге тарттық.

 - Ерғанат бауырымыздың жүлдесі құтты болсын! Балаңыз қанша жаста, қай жерде білім алады?

Рахмет. Бар қазақтың баласына жұғысты болсын. Ерғанат 8 жаста. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы №145 мектептің 1-сынып оқушысы.

Құран жаттауы қалай басталды?

Балам кішкентайынан білімге деген, Құранға деген құштарлығын көрсетті. 3-4 жасында әліпбиге түсіп, «Муғалим сәни» оқыды. Ал, 6 жасынан Құранды жаттай бастады. Сол жылы 29-30 параларды жаттап қойды. Сонымен ары қарай дамыта бастадық. Жылына 5-6 пара жаттаймын деген жоспары бар.

«Муғалим сәниді» кімнен үйренді?

Оны өзіміз үйреттік.

Сіздер өздеріңіз қайдан сабақ алғансыздар?

Жұбайым екеуіміз де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттің ұстаздарынан сабақ алғанбыз.

Қай мешітnен сабақ алдыңыздар?

4-5 жыл бұрын Алматы қаласындағы «Төле би» мешітінің жанындағы сауат ашу курсынан «Муғалим сәниді», «Тәжуид», «Құран» сабақтары бойынша арнайы курсты бітіріп, сертификат алғанбыз.

Үйде Құран сабағын жүргізуге не түрткі болды?

Біз өзіміз тәжуидті бітіріп, Құранға түскен кезде ұстазымыз өткен сабақтарды ұмытып қалмас үшін біреуге үйретудің жақсы пайдасы болатынын айтты. Міне, біз ақылдаса келе балаларымызға Құран әліппесін үйретуді қолға алдық.

Құран – қасиетті аяттарда айтылғандай тура жол бастаушы, нұр және шипа. Ол қонған көкіректерді нұрландырып, жарықтатады. Надандық пен рухани-тәндік дерттердің дауасы. Өмірдегі дұрыс пен бұрысты ажырататын, ең ұлы жетістік болған Алланың ризалығына бөлену, жәннат нығметтеріне апаратын ең тура жолды көрсететін жол бастаушы. Мен балаларымның дәстүрлі діни ұстанымымызда яғни тура жолда болуын, көкірек көздері ашық, саналы, білімді адам болмағын қаладым.

Сонымен бірге, хадистерде баяндалғандай Құран қай жерде оқылса, сол жерде берекет болады. Оқушының жүрегіне тыныштық ұялайды. Қарилар яғни Құран хафыздары көп жерде Алланың берекеті мол болады.  Содан бастау алған үрдіс әлі күнге жалғасып келеді.

Отбасында балаларға Құранды кім үйретеді. Анасы ма, сіз бе?

Құранды анасы жаттатады. Жұбайым балалардың тәрбиесімен айналысып үйде болады. Оның өзі үлкен жұмыс қой. Ал, мен отағасы ретінде сырттағы жұмыс адамы болғандықтан балалардың жаттауын тек қадағалап отырушымын.

18

Қанша балаңыз бар?

Екі қыз, бір ұлымыз үйленген. Бір ұлымызды енді үйлендірсек пе деп отырмыз. Одан кейінгі кішкентайлар осылар (Құран жарысына ерте келген үш баласын көрсетті). Аналары кішкентаймен үйде. Құдайға шүкір, Алланың бергені. Көп балалы отбасылардың қатарындамыз.

Қанша балаңыз Құран жаттап жатыр?

Қазір үш баламыз он парадан жаттап қойды. Ең кішісі 5 жаста. Ортаншысы бүгінгі 1-орынды алған Ерғанат – 8 жаста. Одан бір жас үлкен Жанел деген әпкесі бар.

Балаларыңыз бұған дейін Құран жарыстарына қатысты ма?

Ерғанат осыған дейін Кентау қаласында өткен республикалық Құран жарысында «5 пара» аталымы бойынша 1-орынды алған. Алматы қаласында және басқа да қалаларда Құран байқауларына қатысты. Құдайға шүкір, балаларым Құран жарыстарынан жүлдесіз оралған емес.

31

Құранды қай уақыттарда жаттатасыздар?

Алла Тағаланың әр уақыты сәтті ғой. Бірақ, белгілі бір жүйе болғаны дұрыс. Кейде таң намазынан кейін қайталап оқып, жаттап қоятындары болады. Көбіне балаларым екінті намазынан кейін көп қайталап оқып, құптан намазына дейін жаттап қояды.

Сонда, балаларыңыз таң намазынан кейін ұйықтамайтын болып тұр ғой...

Жоқ, балалар кішкентай ғой, ұйықтауы керек. Тек мектепке бармайтын күндері өздері жарысып ерте тұрады.

Құпия болмаса қандай тәсіл қолданасыздар?

Жарайды, айтайын. Біздің басты методымыз мынау. 100 рет бетіне қарап оқиды. 100 рет оқып жаттайды. Жаттаған соң тағы 100 рет оқып бекітеді. Сонда жалпы 300 рет оқиды. Бірақ, осымен тоқтап қалмайды. Ары қарай жаңа сүрелерді жаттағанда бұрынғы жаттаған сүрелерді де қайталап, еске алып тұрамыз. Балаларды бір-бірімен жарыстырамыз. Сыйлықтар тағайындаймыз.

Балалар Құран жаттау үшін күніге қанша уақыт бөледі?

Таңғы шайдың алдында, екінті намазыннан кейін және ұйықтар алдында, жалпы күніне 2-2,5 сағат арнауға тырысамыз.

Бала болған соң кейде еріншектеніп қалады ғой. Оны қалай жеңдіңіздер?

Үй ішімізбен Құран оқитын болғандықтан балалар да бей-жай қарамайды. Кім бірінші 100 мәрте оқиды, кім бірінші жаттайды, соған сыйлық береміз. Кішкентай күндерінде түрлі ойыншықтар алып беретінбіз. Ал, үлкейе келе киім, басқа да керекті заттар алып беретін болдық. Бүгінде аттракциондарға, тарихи-мәдени орталықтарға баруға мүмкіндік жасаймыз. Осылайша, жиі шабыттандырып отырамыз. Онсыз болмайды.

Кішкентайлардың қандай арманы бар?

Олар Алланың кәләмі болған Құранды толық жаттағысы келеді. Сонымен бірге, Құран жарыстарынан қажылық ұтып алып, анасы екеуімізді қажылыққа жіберсек деген риясыз армандары бар.

Өздеріңіз сияқты ұрпақтарына Құран жаттатқысы келетін ата-аналарға не айтар едіңіз?

Балаларды дұрыс жолда тәрбиелеу, жақсы адам ретінде қалыптастыру әрбір ата-ананың парызы ғой. Жас шамасына қарай қабылдай алатын әдістердің бәрі жақсы. Тек бір ғана айтарым – жүйе болуы керек. Бір күн оқып, бір күн оқымау деген дұрыс емес. Жаттамаса жаттамасын, бірақ Құран оқуды тоқтатпаған жөн. Дана халқымыз «сабыр – білімнің атасы, қайталау – білімнің анасы» дейді. Сондықтан, ата-аналар Құранды көп қайталатып тұруы керек.

Салихалы сұхбатыңыз үшін рахмет! Балаларыңыз алдағы уақытта да биік белестерден көріне берсін. Алла тіл-көзден сақтасын! 

Сұхбаттасқан Оразбек САПАРХАН

ummet.kz

Бөлісу: