26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Асқар Мұқанов: Деструктивті ағымдардың белгілері

Асқар Мұқанов: Деструктивті ағымдардың белгілері

Сұхбат
Жарнама

- Асқар Әбітайұлы, сіз теолог маман ретінде еліміздің бірқатар өңірінде түзету мекемелерінде отырғандармен түсіндірме жұмысын жүргіздіңіз. Оларды көп мазалайтын діни сауалдары қандай? Ортақ белгілері мен айырмашылығын айтып беріңізші?

—Жалпы теріс ағымға қарсы теологиялық жұмыстар нәтижесінде көп жайттар түйінделді. Соның бірі – түзету мекемелерінің жұмысы. Расында, ол жерде отырған теріс ағым өкілдерінің діни түсінік деңгейі, қазіргі қалпы сырттағы өкілдерінен әлде қайда өзгеше. Оның себебін бірнеше фактілермен, себеппен түсіндіруге болады. Бірінші, түзету мекемелеріндегі тұрақты сабақ беру. Оның тиімділігі жоғары. РАНТ жұмысымен жүргенде, бір-екі кездесулер ұйымдастырылады. Мұндай кездесулердің нәтижесі жоғары деп айта алмаймын. Өйткені, бір-екі рет қана кездесу адамды танып білуге де жеткіліксіз.  

Тәжірибемнен байқағаным түзету мекемесінде арнайы теолог бекітіліп, тұрақты жұмыс жүргізу екі тараптың бір-бірін жіті тануына және ортада өзара сенім қалыптасуына ықпал етеді. Бұл кездесулерде барлығымен жалпы әңгімелесу және әрқайсысымен жеке сөйлесудің маңызы зор. Жалпы сұхбаттасу барысында араларындағы «ұстазы, шейхы» болады. Өздері сайлап қойған. Барлығы оның сөзіне тоқтайды. Айтпағым, ол жердегі отырғандардың діни білімі таяз. Рухани азығын өз араларындағы «ұстаздарынан» алады. Міне, осы жалпы кездесуде теолог олардың «ұстазы» кім екенін білгені жөн. Көпшілік ортасында сол «ұстазымен» диалог орнатуы қажет. Бұл көпшілікті дұрыс діни тәлім алудың жолына жетелеген болады. Олардың «ұстазы» мен теологтың қайсыбірінің діни тәлімі дұрыс екеніне көздері анық жетеді. Ал, мұның кейінгі кездесулерге тигізер әсері жоғары. Ерекше мән беретін жайт, теологтың іс-әрекеті мен сөзінің бір арнадан шығуы. Осыған қарап сотталушылар алдында оның ұстаз ретінде беделі қалыптасады. Басқаша сөзбен айтқанда, шынайылық қажет. Теолог мұндай кездесуге сотталушыларға дұрыс діни ақпарат беруді өзінің азаматтық және ұстаздық борышы екенін түсініп, өз еркімен сұранып баруы құба-құп. Кезекті жұмыс ретінде қарауға болмайды. Бұл сотталушылардың тағдырымен ойнаумен пара-пар. Сондықтан, ұстаздың (теолог) әрбір діни сөзі дәлел-дәйекке негізделуі қажет. Пікірталас барысында сотталушылар екі ұстаздың қайсысының білім жоғары, ұстанымы дұрыс екенін өздері айқындайды. Қорыта айтқанда, түзету мекемелерінің жұмысы тұрақты жүргізілгенде және «ұстазымен» көпшілік ортасында пікірталас өткізумен оңды нәтижеге қол жеткізуге болады.

Ал, енді ортақ белгілеріне келсек, кеше олардың сырт бейнесіне қарап ажырататын болса, бүгінде оларды тек киім кию үлгісіне қарап анықтау деген жоқ. Менің пайымдауымша, олардың бейнесі көпшіліктен оқшаулануы, имам немесе теологпен кездесу ұйымдастырылса өз ой-пікірін айтпай бүгіп қалуы, ұстанымдары көбінесе жаттанды сөздерге құрылған деп ажыратуға болады. Ал, шынайы асыл дін құндылығын жоғары қоятын азаматтар ұстаздан өзін мазалаған сауалдарын қойып, қызығушылық таныта бастайды. Оларда дінге деген ықылас пен ынта байқалып тұрады.    

- Деструктивті ағымға қатысты «Жат ағымнан қайтқан адам жоқ. Барлығы бекер» дейтіндер бар. Сіз, мешіт мінберінде ғана емес, олармен етене жұмыс істеген білікті маман ретінде осыған не айтар едіңіз?

—Иә, осындай сөз бар. Қазақта «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дегендей мұндайлар көбінесе, жетекшілік міндетін атқарушылар және фанатизм танытқандарында кездеседі. Бірақ, жат ағымдар ықпалымен діни сауатын ашса да бірбеткейлік танытпайтын мешіт имамдарының уағызын тыңдайтын, керек кезде сұрағына да мешіт ұстаз-имамдарынан жауап іздеп барып теріс райынан қайтқандары өз тәжірибемде жеткілікті. Райынан қайтуы оңай шаруа емес, ондай азаматтармен жиі кездесіп әңгімелесіп тұру қажет. Ең бастысы, шынайы қарым-қатынас орнату маңызды. Оларды мешіт дәрісінен бөлек, басқа да іс-шараларға тарту қажет. Бұл әдіс олардың мешіт және имамдар туралы естіген сөздері шынайылықпен жанаспайтындығын өз көздерімен көруге таптырмайтын мүмкіндік. Айтпағым, «қайтқан адам жоқ» деген сөз негізсіз. Ең маңызды жайт, осы бағытта жұмыс істейтін теолог ол азаматтарды да бауырым деп білуі керек. Жұмыс объектісі деп емес, «әрбір қазақ жалғызым» деген ұстанымда болуы тиіс. Исламның басты принцептерінің бірі – бауырмашылдық. Осы ұстанымды олар сізден мешіт мінбері мен михрабында көргені сияқты күнделікті етене араласу барысында сезінуі көп айтылған уағыздан әлде қай әсері мол. Бауырластық қарым-қатынас орнатыңыз. Оларға берілген бұрмаланған ақпараттардың жалған және жала екенін көрсін, білсін. Бір мысал, Алматы қаласында мешітте қызмет етіп жүрген кезім. Жамағат ішінде теріс ағым өкілдері мешіттің тазалық жұмыстарына және басқа да шараларға өздері келіп қолғабыс жасайтын. Имамдармен дастарқанда бірге отырып, Құран үйреніп, сәлемі түзу бола бастады. Мазалаған сұрақтарын қойып, келіспейтін мәселелерін талқылауға бірте-бірте бойы үйрене бастады. Бұл тек менің тәжірибемде болған көп жағдайлардың бірі ғана. Ал, басқа да имамдарда мұндай мысалдар көп.

- Деструктивті ағымға кімдер түседі?

—Деструктивті ағымға кімдер түседі? Әлсіз адамның ағзасына әртүрлі вирус тез жұғады. Ата-баба дәстүрінен алшақ, ұлтымыздың рухани құндылықтарынан мүлде бейхабар, қала берсе жеке психологиясы әлсіз адамның деструктивті ағым жетегінде кету ықтималы жоғары. Екінші фактор: діни мәселеге, сұрақтарда имам немесе ұстаздан емес, жақын адамы – әріптесі, туысы немесе досынан сұрап, сонымен қанағаттану. Қала берсе, сол ақпарат ең сенімді деп қабылдау. Демек, көкейіндегі діни сауалға жауап іздеу барысында сауатсыз немесе қате түсінік алған адамдар деп түйсек болады. Үшіншісі, ең сорақысы, өз сенім-нанымы дұрыс екенін көрсету үшін біреуді жамандау, айыптау арқылы өзінікі «ақиқат» екенін көрсеткісі келеді. Қала берсе, үрейлендіріп, сақтандырып, қауіпті етіп көрсету деген сияқты. Нәтижеде, тыңдаушысы қалай зомби болғанын да аңғармай қалады. Яғни, тек біздікі дұрыс, қалғандары адасып жүр деген түсінік. Басқаны тыңдасаң адасасың, кәпір боласың деген сияқты шектеулерге салып қояды. Керісінше, шектеу, айыптау, даттау арқылы ілесушілеріне агрессиялық көзқарас қалыптастырады. Ислам ілімінде уағыз-насихат деген үлкен сала бар. Насихаттау барысында жамандау, қаралау және бірбеткейлік ету дұрыс емес. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам құндылықтарын насихаттағанда «мүшріктерді тыңдамаңдар, пұтқа табынушыларға құлақ аспаңдар, маңайына жоламаңдар» деген сияқты сөз айтып, елді екі шепке бөлу үгітін жүргізген емес. Исламның тәлімдерін жеткізумен айналысқан адамдар болса ақыл-парасатына салып, таңдауларын жасады. Бұған қоса, басқа діндегілерді жек көріп кеткен жоқ.

- Осыдан 10 жыл бұрын имам Әбу Ханифаны (р.а.) мойындамайтын, кейіннен «Әбу Ханифамен жүреміз, бірақ,  Матуридиді айтпаңыз» дейтін болды. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

—Бұл – өте нәзік және қауіпті мәселе. Олардың осы сөздері бағыттарының басты қателіктерін айқын көрсетеді. Айтпағым, жат ағым елдегі ахуалға қарап құбылып отырады. Расында, сол жылдары ханафи мазхабы бидғат, адасқан, сүннетке сай емес деген уағыздар жүргізді. Муфтият имамдары мен ұстаздары ханафи мазхабының ілімін, атап айтқанда ғұламаларының ғылыми шежіресін (силсилә), мазхабтағы ақидалық және фиқһ мәселесіндегі ұстанымдарын жоғары деңгейде үйретудің нәтижесінде жалпы мұсылман жамағаты мазхабтың Құран және сүннеттен нәр алатынын түсінді. Ал, жат ағым өкілдері мұны шарасыздықтан ойындауға мәжбүр болды. Осылайша, «ханафи – дұрыс, матуриди – бидғат» деп ойларын өзгертті.

Сенім, ақида саласында жазылған классикалық еңбектер Әбу Ханифа мен имам Матуридидің ақидалық еңбектері негізгі бір екенін көрсетеді. Жалпы, имам Матуридидің ұстаздары Әбу Ханифаның шәкірттері екені мәлім. Сондықтан, жат ағымдағылар екі ғұламаның арасын бөлу арқылы, ілесушілерін тағы да жаңсақ түсінікке жетелейді. Кеше «мазхабпен жүресің бе, сүннетпен бе» деген ұранмен жүрсе, бүгін «Әбу Ханифа дұрыс, имам Матуриди бидғатшы» деумен қарапайым ислам құндылықтарын үйренуді қалайтын адамдар арасында жаңсақ ұран тастап жүр. Екі ғұламаның еңбектерін зерттеген, зерделеген ғалымдар олардың тәлімі бір екенін біледі. Алайда, қарапайым жамағат оны танып білу үшін Муфтият ұстаздары және имамдарының екі ғұлама еңбектеріне қатысты тізбекті дәрістеріне қатысып, сауалдарын қоюы қажет.

- Жоғарыдағы сұрағымның жалғасы іспетті, «сәләфи» бауырлар неге имам Тахауи кітабын оқиды. Айтпағым, олар ханафи ғалымы имам Тахауидің ақида тақырыбындағы еңбегін оқиды бірақ, ханафи мектебінде қалыптасқан жолға қарсы. Сонда, Тахауидің екі түрлі кітабы болғаны ма?

—Имам Тахауи – шынайы сәләф ғалымдар дәуіріне кіретін ғалым. Ол – төрт мазхабта бірдей мойындалған ғұлама. Бір ескере кететін жайт, имам Тахауи – ханафи мазхабын ұстанған тұлға. Имам Тахауи өзінің ақида еңбегінің басында «Бұл сенім – имам Әбу Ханифаның және оның екі серігі имам Әбу Юсуф және имам Мухаммед сеніміндегі ұстаным. Мен соны баяндаушымын» деп бастайды. Бұл сөзден артық не айтуға болады?! Имам Тахауидің ақида тақырыбында жат ағымдар оқып жүрген кітабы мен біздің оқып жүргеніміз сол бір кітап. Алайда, жат ағым көсемдері ол еңбекті талдау барысында біршама өзгертулер мен түзетулер енгізген. Қала берсе, имам Тахауидің кейбір сөздерін сынап, өз пікірлерін насихаттайды. Тахауи ақидасын оқыдық дегенде олар ол кітапты өз шейхтарының талдауы негізінде оқып шығады. 

- Баланы теріс жолдан аман алып қалудың тәсілі бар ма? Бала Исламды дұрыс үйрену үшін не істеуіміз керек?

—Ең бастысы, ата-ана перзентінің бойына бесіктен бастап ұлттық құндылықтарды сіңіруі ауадай қажет. Тым болмаса, баланың үйренуіне мүмкіндік жасауы тиіс. Басқаша айтқанда, салдарымен күрескенше, проблеманың алдын алған дұрыс. Адам өз тарихы, тілі және дәстүрінен жұрдай болса, басқаша айтқанда руханиятқа шөліркеген жастар бейім келеді. Бұл тәрбиедегі осалдық және немқұрайлықтың салдары деп білемін. Жастардың тілдегі шорқақтығы, дәстүрінен алшақтығы және отбасындағы тәрбиеде имандылықтың айтылмауы, мұның барлығы жат ағымға тез илануына өзіндік септігін тигізеді. Байқасаңыз, жат ағымдағылар өз ұлты, тілі және салт-дәстүрінен намыстанады. Оның бірден-бір дәлелі мешіттен діни сауатын ашпаса да, ауылда қазақи тәрбие көрген жастар жат ағым арбауына түсуі былай тұрсын, оларға қарапайым қазақи санамен төтеп бере алады. Тағы ескере кететін жайт, көптеген ата-аналар баласына дін туралы ешбір мағлұмат бермей өсіреді. Алайда, мектеп қабырғасынан түлеп шыққан жастар үлкен қалаларға оқуға түскенде осы проблемамен бетпе-бет жалғыз қалады. Осы кезде, діннен бейхабарлығының зардабынан теріс ағым қармағына түседі. Бұған ғаламтордағы қаптап жатқан ақпаратты қосыңыз. Нәтижесінде, «соқыр тауыққа бәрі бидай» кебінін киеді. Сондықтан, ата-ана баласына имандылық тәрбиесін беруі ләзім. Айтпағым, баласын молда ету емес, оған имандылық тәрбиесін беруі керек. 

- Асқар Әбітайұлы, салиқалы сұхбатыңызға рахмет, Алла разы болсын!

Сұхбаттасқан – Руслан Қамбар

Бөлісу: