26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Бейбітшілік пен келісім жолында

Бейбітшілік пен келісім жолында

Сұхбат
Жарнама

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Cъезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Айқын» газетіне жарияланған сұхбаты 

10-11 қазан күндері Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі өтеді.  
«Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» тақырыбындағы форум аса өзекті мәселелерді қозғайды. Жиынға қатысушылар бүгінгі күннің сын-қатерлеріне жауап іздей отырып, мәдениеттер мен өркениеттердің жақындасуы мәселелерін талқыламақшы. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің газетімізге берген сұхбатында бірегей форумның қалыптасуы, оның міндеттері мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді. 

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, әлемнің шартарабынан жиналған әртүрлі дін басшыларының басын қосатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі он бес жыл бойы өткізіліп келеді. Алдымен форумның бастау арналары жөнінде айтып өтсеңіз.

– Съезді шақыру идеясының авторы – Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Осындай бірегей съезд өткізу туралы бастама ғасыр басындағы қырғи қабақ соғыс пен 11 қыркүйек күні әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген АҚШ-тағы террористік шабуыл оқиғаларынан кейін туындаған күрделі жаһандық ахуалға тұспа-тұс келді. Көпшіліктің үрейін тудырған бұл жағдайлар өркениеттер қақтығысының сөзсіз ықтималдығы туралы С.Хантингтонның екіұшты болжамын дәлелдегендей болды. Өркениетаралық жанжал теориясы халық­аралық аренадағы нақты әрекеттерге ұласуы мүмкін еді.

Адамзат өркениеті моральдық құнды­лықтардың созылмалы дағдарысын бастан кешуде. XXI ғасырда бұрын-соңды батыс құндылықтарына еліктеу ретінде танылып келген жаңғыру ұғымын қазіргі геосаяси жағдайдағы мемлекеттің тарихи дамуын ескере отырып, ұлттық және діни дәстүр тұрғысынан зерделеу қажеттілігі туды. Дін мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызын жоймай, керісінше, өз ықпалы мен рөлін едәуір күшейте түскендігі анық байқала бастады.

Алайда сыртқы саясат деңгейінде діни фактор рөлі әлі де өзінің лайықты бағасын ала алмай отыр. Халықаралық қатынас­тардың құқықтық негізі – БҰҰ Жарғысы да тыныштық пен бейбітшілікті нығайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және адам құқығын қорғау сынды ұйымның бірінші кезектегі мақсаттарына қол жеткізуде діндер мен діни қайрат­керлердің орнын қажетті деңгейде айқын­даған деп айту қиын.

Осылайша, ғасырлар тоғысында әлемде дінаралық қатынастарға байланысты аса қауіпті жағдай қалыптасты. Күрделі геосаяси ортада орналасқан көпұлтты және көпконфессиялы ел ретінде Қазақстанның әлемде болып жатқан осындай жағдайлардан тыс қалуы мүмкін емес еді. Сондықтан сөзден нақты іске көшетін кез келді. Атап айтсақ, 2001 жылы қыркүйек айында Рим Папасы ІІ Иоанн Павелдің Астанаға келуі мәні мен маңызы жағынан айрықша тарихи оқиға болды. 2002 жылы Алматыда Азия­дағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алғашқы саммиті, 2003 жылдың ақпан айында Халықаралық бейбітшілік пен келісім конференциясы өтті. Бұл оқиғалар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы ауқымды бастаманың туындауына себеп болды.

– Қазіргі құбылмалы уақытта әртүрлі діни конфессиялар өкілдерінің басын қосу оңай жұмыс емес екені анық. Осы диалогтар барысында нақты нәтижеге қол жеткізу қаншалықты мүмкін?

– Съезді БАҚ үшін жасалатын қара­пайым жиын ретінде қабылдау жөн емес еді. Діни көшбасшыларды Астанаға шақырып, оларды бір үстел басына жинау үшін біраз дипломатиялық күш салуға тура келді. Бұл орайда бейбітшілік, қауіпсіздіктің, қарусыздандыру мен келісімнің шынайы жақтаушысы болып табылатын Прези­дентіміздің халықаралық беделі шешуші рөл атқарды.

Бірінші съезд күрделі жағдайда өтті. Елбасымызбен жеке кездесу барысында діни көшбасшылар бір-біріне деген наразылықтарын білдіріп жатты. Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне қатысты ортақ көзқарастың жоқтығын дәлелдеді. Бұл қайшылықтарды мемлекеттер арасында орын алып жатқан саяси түйткілдер одан сайын күшейте түсті. Сондықтан, ортақ ұстанымға келу үшін Президент Н.Назарбаевқа біраз күш салуға тура келді. Орын алған кейбір қиыншылықтарға қара­мастан, қабылданған ортақ декларация діндер арасындағы диалогты ары қарай ілгерілетуге кеңінен жол ашты.

Уақыт өте келе форумға қатысушылар мемлекеттер арасындағы саяси қайшы­лықтарға қарамастан дінаралық диалогты жалғастырудың маңыздылығы туралы терең түсінік қалыптастыра бастады. Съезд құжаттарында және қатысушылары мен баяндамаларында қамтылған диалогтың жоғары мәдениеті дін басшылары ара­сындағы өзара сыйластық пен құрметті көрсететіні сөзсіз.

Қазақстан Президенті бірінші съезде сөйлеген сөзінде «Түпкі мақсатты бел­гілеудің қажеті жоқ, оны белгілеуге бол­майды. Біртұтас діни кеңістік құру да мүмкін емес. Орын алып отырған қайшы­лықтардың барлығын да еңсере алмаймыз, оның үстіне олар кейде ұлы діндердің түп негізіне қатысты болып жатады. Тұрақты диалог орнатудың басты құндылығы – көзқарастар мен түсініктердің қарама-қайшылығына қарамастан, жалпыға ортақ мәмілеге келу қажеттігінің маңызын түсіну және оған қол жеткізудің жолдарын іздес­тіру. Ең бастысы – диалог бейбітшілік пен келісім алаңын, үйлесім мен айқындық дәуірін қалыптастырады» деп, дінаралық диалогтың мәнін нақты тұжырымдады.

– Бүгінгі күні дінаралық форумның құрамы қандай?

– Форумға қатысушылардың ауқымды әрі беделді құрамы Астанада өтетін дінаралық форумның басты ерекшелігі болып табылады. Съезд жұмысына ислам, христиан, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм мен зороастризм қызметшілері, діни және қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ әлемдік беделді саясаткерлер қатысады. Съезд дінаралық кездесулермен қатар діни және саяси көшбасшылардың диалогы алаңына айналды. Бұл бетбұрыс Діни қызмет­керлердің әлемдегі жағдайға оң ықпал етуі жолында үлкен маңызға ие.

Съезд мінберінен әр жылдары БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания Патшасы II Абдалла, Финляндия президенті Саули Ниинистё, Израиль президенті және Бейбітшілік үшін Нобель сыйлығының лауреаты Шимон Перес, Малайзия премьер-министрі Мохаммед Махатхир, Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен, Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл, әл-Азхардың Жоғарғы имамы Шейх Мұхаммад Саид Тантауи, Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы Абдалла Ат-Түрки сияқты осы заманның аса көрнекті саяси және діни қайраткерлері сөз сөйледі. Форумға қатысқан белгілі тұлғалардың арасында Дүниежүзілік Ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы Аятолла Шейх Мохсен Араки, католик шіркеуінің кардиналдары Йозеф Томко және Жан-Луи Торан, Констан­тинополь Православ Шіркеуінің Патриархы I Варфоломей, Израильдің Бас раввиндері Шломо Амар және Ицхак Йосеф, «Джинджя Хонче» синтоистік жапон храмдары қауымдастығының президенті Цунекиё Танака(Жапония), Индологияны зерттеу және дінаралық диалог жөніндегі институттың төрағасы, Дін көшбасшылары кеңесінің мүшесі Сомайя Самир Шантила (Үндістан), Дүниежүзілік буддистер қоғамдастығының Бас хатшысы Фаллоп Тайиари, «Джинджя Хонче» синтоистік жапон храмдары қауымдастығының атқарушы директоры Таненори Тераи, Дүниежүзілік лютеран федерациясының президенті Муниб Юнан және басқа да көптеген тұлғалар бар.

Әлемдік және дәстүрлі діни көшбас­шыларының съездеріне ЮНЕСКО бас директорлары Коичиро Мацуура мен Ирина Бокова, ЕҚЫҰ бас хатшылары Марк Перрен де Бришамбо мен Ламберто Заньер, БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Абдул Азиз ан-Насир, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Ияд Амин Мадани да қатысты.

Бірінші съезге 13 елден келген діни көшбасшылар мен құрметті қонақтар қатысса, V съезге қатысу үшін Астанаға әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация келді. Біз, форум ұйымдастырушылары, бүгінгі таңда діни көшбасшылардың бір-бірін тыңдап және ең бастысы, өзара түсінісе алуы үшін көрнекті саясат­кер­лердің қатысуымен нәтижелі кездесулер өткізуді қамтамасыз ету маңызды деп санаймыз.

– Әрбір съездің қорытындысы бойынша декларациялар қабылданды. Осы құжат­тардың мазмұнына тоқталсақ.

– Он бес жыл ішінде әртүрлі діндердің өзара іс-қимылы мәселелері бойынша съезд шеңберінде айтарықтай салмақты құжат­тамалық қор қалыптасты. Жоғарыда айтып өткенімдей, Бірінші съездің декла­рациясы аса маңызды рөл атқарды. Себебі, бұл құжатта әлемдік және дәстүрлі діндерге ортақ құндылықтар айқындалды. Әрбір конфессияның ерекшеліктері ескеріліп, конфессияаралық айырмашылықтар негізінде пікірталас мүмкіндігін болдырмау және діндер ынтымақтастығының келешегі туралы ортақ көзқарас қалыптасты.

«Діни нанымдар мен уағыздардың әртүрлілігі өзара күмәндануға, кемсітуге және жәбірлеуге емес, дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара түсіністік пен үйлесімділікке әкелуі керек. Діндер төзім­ділік пен өзара түсіністікті барлық халық­тардың бейбіт қатар өмір сүруінің елеулі тетігі ретінде танып, үлкен ынты­мақ­тас­­тық­қа ұмтылулары керек» деп атап өтілді съездің бірінші құжатында. Басқаша айт­қанда, дін қызметшілері діндер арасындағы қайшылықтардың жоқ екенін атап өтіп, қазіргі заманның игілігі жолында диалог пен ынтымақтастықтың қажеттілігін айқындап көрсетті.

 Екінші съезде қатысушылар Дінаралық диалог қағидаттарын бекітті.

– Бұны съезд қатысушыларының Кодексі деуге бола ма?

– Әрине, әбден болады. «Диалог адалдыққа, толеранттылыққа, төзімділікке, және өзара құрметтеушілікке негізделетін болады. […]. Диалогта барлық әріптестердің құқықтары тең болуға және әрбір мәдениеттің, тілдің және дәстүрдің тұтас­тығы ескеріле отырып, пікірді, көзқарасты және сенім-нанымды еркін жеткізуге арналған кеңістік құрылуға тиіс. Диалогта басқа дінге айналдыру не басқа дінді ұстаушыны қорлау, сондай-ақ бір діннің екінші діннен артықшылығын көрсету көзделмеуге тиіс» делінген қағидаттарда. Діни көшбасшылар болашақ ұрпақ үшін конфессияаралық диалог орнатудың болашақ ұрпақтар үшін құндылығы мен бұлжымас қажеттілігін атап көрсетті.

Екінші съездің декларациясында қа­тысушылар «дінаралық және мәдениета­ралық қатынастардағы қиындықтар халықаралық саясаттағы, экономикадағы, әлеуметтік, гуманитарлық және ақпараттық ортадағы елеулі теңгерімсіздіктен, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарға пайдаланудан туындайтыны» туралы ортақ пікірлерін білдірді.

Үшінші съездің декларациясы заманауи қоғамды дамыту және қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге қарсы іс-қимылда барлық діндердің рөліне арқау болатын бірқатар ережелерді қамтиды. Қатысу­шылардың үндеуінде «әртүрлі этникалық және діни ұстанымдағы адам­дардың бейбіт қатар өмір сүруі – адамзат қауіпсіздігінің маңызды негізі» деп атап көрсетілген. Бұл ретте, «дінаралық диалог таптаурын на­нымдарды және діни жан­жалдарды бол­дырмауға жәрдемдеседі. Діни қызметшілер «жеке тұлғаның абыройы мен негізгі құ­қықтарын, әсіресе сенім және діни бос­тандығын қорғау» қажеттігін атап көрсетті. «Экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністері, әсіресе дінді өзіне «қалқан» етушілер сынға алынды.

Төртінші съездің үндеуі әлеуметтік даму, адамгершілік, иман, тәрбие және білім беру мәселелері бойынша бірқатар маңызды бағыттарды қамтиды. Діни қайраткерлер «адамның Жаратушы белгілеп берген мақсатын, оның абыройы мен ажырамас құқықтарын мойындауда» ортақ пікір танытты. Бұл ретте, форумға қатысушылар «Дін – қазіргі заманғы әлеуметтік мәсе­лелерді шешудің және бейбіт өмір сүру мен гүлденуге қол жеткізудің аса маңызды және пәрменді құралдарының бірі» деп есептейді. Қатысушылар «саяси және қоғамдық қайраткерлермен бірлесіп, дінді өзіне «қалқан» етуші экстремизм мен терроризмді қамтитын қазіргі заманғы рухани, этикалық және моральдық қауіп-қатерлерге тиісті түрде ден қоюға әзірліктерін» білдірді.

Діни көшбасшылардың пікірінше, қоғамның адамгершілік-рухани негізін нығайту және дәстүрлі отбасы құндылық­тарын жаңғырту әлемнің тұрақты дамуының міндетті шарты болып табылады. «Әйел­дердің отбасындағы және қоғамдағы жасампаз рөлінің мейлінше құрметтелуге тиістігі жөнінде» деген ортақ сенім біл­дірілді. Сонымен қатар съезде жастар қауымы үшін өзекті түйткілдер қарасты­рылып, «жастар балалық шақтан бастап өздерінің ана тілін, тарихын, мәдениетін қалай оқып-білсе, өзінің ұлттық діни дәстүрі туралы терең білім алуға құқылы болуға тиіс» деп көрсетілді. Бұл ретте, құжатта «өз дінін білетін адам ешқашан басқа дінге менсінбеушілік танытпайды» деп айқындалған.

– Діни көшбасшылар арасында келісілген шешім тұрғысынан қай съезді ең маңызды деуге болады?

– Өткізілген бес съездің де мазмұны бірегей және өзекті. 2015 жылы өткізілген съезді ерекше атап өткім келеді. Оның қорытындысы бойынша қабылданған декларация қазіргі әлемнің ең өткір саяси мәселелерін қамти отырып, форумды жаңа сапалық деңгейге көтерді.

Құжат Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың форумның ашылуында айтқан «бес үндеуін» қоса алғанда, кіріс­педен және 16 негізгі тармақтан тұрады. Атап айтқанда, қатысушылар «тұрақ­ты­лықты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қақтығыстардың алдын алу және оларды реттеу мақсатында» дін көшбасшыларының саяси қайраткерлермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғаммен диа­логына жәрдемдесу бойынша міндет­темелерді қабылдады.

Съезд әскери қақтығыс тараптарын «соғысты тоқтатуға, уақытша бітім жария­лауға және келіссөздер жүргізу арқылы зорлық-зомбылықты тоқтату, бейбіт тұр­ғындарды қорғау, барлық дау-жанжалды бейбіт түрде шешу туралы келісім жасасуға» шақырды. Діни көшбасшылар кез келген саяси және діни жанжалдарды күшпен шешу әдістеріне түбегейлі қарсы. Олар жетекші державалардың саяси көшбасшы­ларын «қазіргі заманда бір-біріне деген сенімсіздік пен қырғи-қабақтық танытудың өрши түсуіне тосқауыл қойып, өзара санкцияларды тоқтату және бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнықтыру мақсатында қарама қайшылықтарды халықаралық құқыққа сәйкес реттеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйым­дардың тетіктерін пайдалануға» шақырды.

Форумға қатысушылар «экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің діндер мен олардың жолын қуушыларға қарсы соғысқа ұласпауы» үшін айрықша қыра­ғылық таныту қажеттілігі жөнінде мәлім­деме жасады. Қатысушылардың пайым­дауынша, съезд бейбітшілік пен даму жолындағы жаһандық диалогты нығайту мақсатында БҰҰ және басқа да халық­аралық құрылымдармен өзара әрекеттесуді ны­ғайтуға мүдделі. Декларацияда БАҚ-ты ді­наралық және конфессияаралық алауыз­дықты тұтату құралы ретінде пайдалануды тоқтату туралы бұқаралық ақпарат құралдарының иелері мен оны тарату­шыларға қарата айтылған үндеу қамтылды.

Он бес жыл ішінде съездің қорытынды құжаттары әзірленіп, қабылдануымен қатар, съезд Хатшылығының деңгейінде елеулі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, делегациялардың съездер арасындағы кезеңдегі пікірталастарын қамтитын рәсімдік және ұйымдастырушылық сипат­тағы құжаттамалық жұмыс жүргізілді. 2016 жылғы 31 мамырда Астанада өткен «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық кон­ференциясының мәлімдемесі съезд жұ­мысына айрықша үлес қосты. Жан-жақты қамтылған осы құжат діни қайраткерлердің, парламентшілер мен сарапшылардың халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша ортақ көзқарасын көрсетеді. Діни қайраткерлердің съезд құжаттарын әзірлеуге тікелей қатысуы осы құжаттардың құндылығын арттыра түседі.

Діни қайрат­керлер съезд құжаттарын қабылдай оты­рып, аталған құжаттарды іске асыруға барынша күш жұмсауға міндеттеледі. Барлық негізгі құжаттар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық форумдарға уақтылы таратылды.

– Астанада өткізілетін съездің шешім­деріне жетекші халықаралық ұйымдар құлақ асады деуге бола ма?

– Әрине. Форумның дәйекті түрде институционалдық тұрғыдан дамуы – съездің он бес жылғы жұмысының нәти­жесі. Бүгінгі таңда бұл алаң барлық діндер, халықаралық ұйымдар, саяси қайраткерлер мен сарапшылардың салмақты диалог алаңы ретінде съезді «конфессияаралық Давосқа» айналдырды десек, артық болмайды. Күн тәртібінің алуан түрлілігі, қатысушылардың айрықша форматы және саяси икемділік – съездің басты ерек­шеліктері.

Қатысушылар санының артуы және күн тәртібіндегі талқыланатын тақырыптардың дамуымен бірге форумдарды өткізу бағдарламасы да едәуір кеңейе түсті. Бүгінгі күні Астанада өтетін съездер аясында пленарлық отырыстармен қатар өзге бір уақытта бірнеше секциялық отырыстар да өтеді.

 Үшінші съездің қорытындысы бойын­ша форум қатысушылары Астанадағы дінаралық саммиттің басты институт­тарының бірі, оның басқарушы органы – Діни көшбасшылар Кеңесін құрды. Кеңес құрамына әлемнің 14 дінінің өкілдері кірді. Кеңестің негізгі міндеті – әртүрлі кон­фессиялар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты тереңдете түсу, съездің диалогтық алаңының тұжырым­дамалық негізін нығайту. Бұдан басқа кеңес съезд қызметіне қатысты маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдауға, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар және форумдармен ынтымақтастық жасасуға өкілетті.

Съездің бірегей форматы халықаралық қауымдастықтың назарын аудартты. Мәселен, 2009 жылы болған үшінші съезд БҰҰ-ның техникалық қолдау көрсетумен, сондай-ақ ЕҚЫҰ хатшылығы пен инс­титуттарының белсенді қатысуымен өт­кізілді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің қарсаңында съезд аясында панеуропалық ұйымның Жерорта теңізі әріптестеріне арналған жыл сайынғы семинар өткізілді. Съезд идеяларын дамытуда БҰҰ Бас ассамблеясы 2013-2022 жылдары мәдениеттердің жақындасуының халықаралық он жылдығын жариялады. Биылғы жылдың 10 мамырында БҰҰ штаб-пәтерінде алда болатын VI съездің таныстырылымы өтті.

Съезд аясында парламенттік дипло­матияның мүмкіндіктері белсенді түрде іске қосылды. «Рухани дипломатиядағы» парламенттік өлшемнің маңыздылығы Астанада өткен «Діндер терроризмге қарсы» конференциясында аталып өтті.

Съезд хатшылығы форумның негізгі жұмыс органына айналды. Хатшылық жыл сайын шақырылып, съезд шешімдерін іске асыру мәселелерін қарастырады, күн тәртібін және форумның қорытынды құжаттарының мәселелері мен жобаларын келіседі. Сонымен қатар съездің БҰҰ Өркениеттер Альянсы, Абдалла патша атындағы Дінаралық және мәдениетаралық халықаралық орталығы және басқа да маңызды халықаралық диалогтық құрылымдармен өзара іс-қимылы мәсе­лелерін үйлестіреді. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің тапсырмасымен Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды.

– Биылғы форумның әлемдік қауым­дастыққа беретін жаңалығы қандай?

– Қазіргі уақытта съездің жұмыс органы Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Халықаралық Астана сыйлығын, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Құрмет медалін тағайындау және Бейбітшілік және келісім мұражайын құру туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын пысықтау үстінде.

Менің ойымша, халықаралық тәжі­рибеге сүйене отырып, Конфессиялар мен өркениеттер диалогы жөніндегі Н.Назарбаевтың орталығын құратын уақыт келді. Бұл бастаманы алда өтетін съезд барысында ұсынатын боламын.

Соңғы үш жыл ішінде әлемдік дін өкілдері VI съезге үлкен дайындық жұ­мыстарын жүргізді. Хатшылық алдағы форумды «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өткізу туралы шешім қабылдады. VI съездің секциялық отырыстары «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде»; «Құбылмалы геосаясат жағдайын­дағы діндер: адамзатты біріктіруге арналған жаңа мүмкіндіктер»; «Дін және жаһандану: сын-қатерлер мен жауаптар»; «Дін көш­басшылары мен саяси қайраткерлер экстре­мизм мен терроризмді еңсеру жолында» бағыттарында өтеді. Осылайша, форумның күн тәртібі халықаралық қатынастар үшін барынша кешенді және маңызды бола түсуде.

Қазақстанның көшбасшысы халық­аралық қауымдастыққа әлем ахуалын же­тілдіру үдерісі бойынша жаңа, инновация­лық тәсілдерді ұсынып отыр. Бұл күрделі міндеттің нәтижесі Президент Н.Назарбаевтың шақыруын қабыл алған барлық қатысушыларға тікелей байланысты. Олардың таза ниеті, бірлескен еңбегі, өзара төзімділігі, бір-біріне қарай қадам жасай алуы – осының бәрі ортақ істі табысты ететіні сөзсіз. Астана әлем халықтарының игілігі жолында тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу ісіне қашанда қызмет етуге әзір.

– Тұшымды да қызықты сұхбатыңызға рақмет! Алдағы съездің табысты өтуіне тілек­тес­піз!

Әңгімелескен Нұртөре ЖҮСІП

«Айқын» газеті, №150, 2018 жылғы 5 қазан

Бөлісу: