Бала тәрбиесі дегеніміз – дүние есігін енді ашқан кішкентайдың тұлғалық «Менін» бұзып алмай, үлкен өмірге дайындау. Көптеген ата-ана дұрыс деп табылған кей іс-әрекеттерді баланың бойына сіңіреміз деген оймен оның «Менін» қысымға алады. Ал өзіне қысым жасалып жатқанын байқаған әрбір бала қорғануға тырысады.
Негізі тұлғалық «Менге» қауіп үнемі сырттан келе бермейді. Баланың «Мені» іштен келетін қауіптен де өзін қорғауға тырысады. Мұны психологияда «Ид» деп атайды. Яғни адамның ішкі үрейлері мен қалаулары да «Менін» шаршатады. Бұл күресте де ішкі «Мен» абыройы мен қадірін сақтауға тырысады.
Ал «айтқан тілден шықпайтын бала» моделі көп жағдайда өзін қорғай алмайтын жағдайға жеткізілген жеткіншектер. Енді ғана ес біліп келе жатқан өскін сана қысым көрсету, күштеп жасату арқылы немесе «мынаны жасасаң мен үшін ең керемет баласың», «осы үшін сені жақсы көремін» деп «сатылатын» сүйіспеншілік арқылы ғана ата-анасының көзінде құны бар екеніне сенсе, онда жігерсіз, тұлғалық «Мені» жоқ ұрпақ өсіп жатқаны.
Баланың рухын кішкентайынан күш көрсету немесе қарыздар сезімін ұялату арқылы жаулап алған ата-ана оның ішкі «Менін» өз қадағалауына алғаны. Мұндай жастың келешегі көп жағдайда жан ауыртарлық болады. Өйткені көз қуанышының «Менін» басқару арқылы ересектер оның ішіндегі «Ұждан» механизмінің тізгінін де қолдарына алады. Яғни ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бала өз түйсігімен түсініп, ұжданымен сезінетін халден алшақтап, бірте-бірте ата-анасы үшін не дұрыс, не бұрыс деп ойланатын болады.
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадисте «Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді» (Табарани) дейді. Яғни жас өскіннің келешекте кім боларына, оның тұлғалық қасиеттерінің дамып, дамымауына ата-ананың әсері зор. Әрине, бала тәрбиесіне ата-ана араласуы керек, бірақ бұл оның тұлғалық «Менін» тізе бүктіріп, жаншу арқылы жүзеге аспағаны жөн.
Егер жеткіншек өзін басқара алса, онда арлы және мінезді болады. Себебі, адамның ішкі «Мені» өзі үшін өте қадірлі. Ешбір кісі өзінің жаманатпен аты шыққанын қаламайды. Осы жерде кететін қателік – көптеген ата-ана баласының кеудесінде кішкене кезінен ұжданы бар екенін білмеуі.
Көбі баланың «Менін» өздері басқарып, оның «Ұжданы» болғысы келеді. Мұндай күйге түскен жеткіншек дұрыс пен бұрысты ұжданының дауысынан емес, ата-анасының дауысынан естиді. Бірақ күндердің күнінде ата-анасының дәм-тұзы таусылғанда әлгі жас жетекшісіз, бағдарсыз қалады. Себебі, ішкі жетекшісі, бағыт-бағдарын айқындап тұратын ұжданының үні әлдеқашан өшкен еді.
Бұл жайында Абайдың 10-қара сөзінде былай дейді: «Хош, Құдай Тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» Демек, жастайынан мінезін бұзып алған соң, қауқарсыз, жігерсіз етіп тәрбиелеген соң, «мына жүгірмек қайдан шықты?» деп аһ ұрып, өкінгеннен пайда жоқ.
Ақылды ата-ана баласына күштеп іс-әрекеттер жасатудың орнына оның «Менін» күшейтуге тырысқаны абзал. Баланың «Мені» мен Рухының үйлесім табуына жол берілсе ғана одан мінезді, адамгершілігі бар кісі шығады.
Индира Жұмабекқызы