29
Жұма,
Қараша

һижри

Тілдескім келеді...

Тілдескім келеді...

Исламдағы отбасы
Жарнама

Баламызбен тіл табысу кейде қиынның қиынына айналып жатады. Кейде неліктен ашық, айқын айтқан нәрсені түсінбейді деп ашуланатынымыз да болады. Бар мәселе баланың ойлау жүйесінде екенін ескере бермейміз.

Белгілі жасқа дейін балаларда мидың оң жақ бөлігі көбірек жұмыс істейді. Сол себепті олар сезімге, эмоцияға бейім келеді және сезімдерінің мойындалуын қалайды әрі нақты айтылған ақпаратты ғана қабылдайды.

Ұзақ жылдар ата-ана мен бала қарым-қатынасы тақырыбын зерттеген американдық психологтар Адель Фабер мен Элейн Мазлиш  баланың айтқанын тыңдауда және тыңдатқызуда ескеру керек бірнеше маңызды қағидаларды ұсынады.

Өскелең жасты тыңдау барысында ересектердің көбіне жасайтын басты қателігі ақыл айтуға үйір болуы. Баламызға ақыл айтқымыз келеді де тұрады. Бұл мәселеде асықпаған жөн. Себебі, бүлдіршіндер бізден өсиет-насихат күтпейді, жәй ғана өз сезімінің қабылдануын қалайды, өкпе-ренішін немесе қуанышын бөліскісі келеді. Ал, біз оған ортақтасудың орнына, «қойшы, сол кішкентай нәрсеге бола ренжіп» немесе «онда тұрған не бар екен»   дегендей оның сезімдерін түкке тұрғысыз етіп көрсету арқылы баланың көңіліне қаяу түсіреміз. Бұл жағдай қайталанған сайын бала мен ата-ананың арасындағы байланыс та алшақтай береді. Осының алдын-алу үшін мына бір қарапайым ғана ережелерді көзіңізге үнемі шалынатын жерге іліп қойғаныңыз абзал.

Балаңыз сізбен көңіліне жақпаған немесе ұнжырғасын түсірген жайтпен бөлісті делік. Ата-ана көп жағдайда қалай жауап қайырады.

  1. Онша маңызды емес екенін айтады яғни бала үшін маңызды болған жайтты кішірейту арқылы баланың сезімдерін жоққа шығарады.
  2. «Жаңасын жасап аласың, сатып алып береміз, басқасы бар ғой» деген сияқты шешім жолдарын ұсынып, ақылын айтады.

Ал, жас өскін жәй ғана ересек тарапынан тыңдалуды қалайды. Бүлдіршіннің өкпе-назын басу үшін бірінші қағида – балаңызды мұқият тыңдаңыз, оның сезімін сол қалпында қабылдаңыз.   

Екіншіден, ата-анаға кейде баласын тыңдап отырып, «аа, солай ма?», «иә, сосын», «одан кейін не болды?» деген сияқты кішкене ғана кеудесіне сыймай жатқан сезімдер легін шығаруға көмектессеңіз болғаны, әңгімесін айтып болған балақайдың реніші қайтып, ашуы басылып, біраздан кейін қайта күлімсіреп шыға келеді. Арасында «жарайсың», «мәссаған», «әттеген-ай», «әттең» деген сияқты одағай сөздерді айту арқылы бар ынтаңызбен тыңдап отырғаныңызды білдіріңіз.

Үшінші қағида, кейде жеткіншектің сезімін атап көрсету де жақсы көмектеседі. Ондайда «мм, сенің көңіліңе ауыр тиген екен ғой», «көңілің түсіп кетті ме», «иә, ыңғайсыз болған екен», «қуаныштысың ғой», «шынында ұнамсыз жағдай болыпты», «ашуың келген шығар» деген сияқты сезімдерін атап көрсете алсаңыз, келер жолы өзі-ақ «мына жағдай менің көңілімді түсірді, қуантты, ашуландырды» деп өзінің ішкі тебіренісін жеткізе алатын болады.

Төртінші қағида, шынайы өмірде баланың қолы жетпейтін нәрсені қиялында беруге тырысып көріңіз. Мысалы, ойыншық көжегінің құлағы сынып, көңілі түскен көз қуанышыңызға «білем, сен «абрака-дабра» дегенде мына көжектің жаңа құлағы пайда болғанын қалайсың ғо, я?» немесе «егер сенде сиқырлы таяқ болғанда ғой, оны көжектің құлағына тигізіп қалсаң, ол жап-жаңа боп шыға келер еді» дегендей ойша қолы жеткенін елестету де жабырқау көңілін сейілтіп, ештеңе болмағандай қайта ойнап кетуіне сеп болады. Бір жағынан бұл әдіс баланың ой-қиялын дамытуға оң әсерін тигізеді.

Тілдескім келеді - 2

Индира Жұмабекқызы

Бөлісу: