Отбасының татулығы мен берекесін арттыратын алтын діңгек – Алланың екі жасқа деген мейірімі. Алланың мейірімі болмаса, ешкім өзінің сымбатымен, не ақыл-парасатымен жанұяны ұстап тұра алмайды. Алланың мейірімділігі сондай, «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшыратылмайды.» («Әнғам» сүресі, 160 аят). «...Адамдарға Алла мейірімді екені даусыз, бірақ көпшілігі соған шүкіршілік етпейді» («Жүніс» сүресі, 60 аят).
Ақ некені қидырып, бір-біріне «ауыр серт» берген ер мен әйел ең алғашқы күннен-ақ екі дүниеде бақытты болудың жолын іздейді. Шаңырақтың баянды болуын, ортадағы сүйіспеншілік пен сыйластықтың сарқылмауын місе тұтады. Мұның кілті – Жаратушымен болған жақсы қарым-қатынаста. Себебі, барлық істің Басқарушысы – Алла, жүректердің Иесі – Алла. Ер мен әйел Аллаға жақындаған сайын бір-біріне жақындайды.
Алланы еске алушы ер мен әйелге кешірім мен сый бар. Түнгі намаз – әйел мен ерді Аллаға жақындатушы. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және әйелін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен адамға Алла рақым етсін! Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және күйеуін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен адамға Алла рақым етсін!» деген. (Әбу Дәуіт). Келесі бір хадисте: «Егер адам түнде өзінің әйелін оятып, сосын бірге намаз оқыса олар Алланы еске алушы еркектер мен әйелдердің қатарында жазылады» делінеді. (Әбу Дәуіт).
Алла Өзін еске алған (зікір еткен) ер мен әйел туралы: «... Алланы көп еске алушы ерлер мен Алланы көп еске алушы әйелдерге Алла кешірім әрі ұлы сый дайындады» («Азхаб» сүресі, 35-аят) деген болатын.
ummet.kz
Бөлісу: