21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Меккедегі ең мерейлі отбасы

Меккедегі ең мерейлі отбасы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Исламдағы үлгі алатын, ең мерейлі отбасы туралы естігенсіз бе? Олар – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүйікті қызы Фатима (р.а) мен ардақты сахаба Әли  ибн әбу Талибтің (р.а) құрған берекелі шаңырағы еді. 

Фатиманы (р.а) еске алғанда оның кімнің қызы, кімнің жары, кімнің анасы екендігі  еріксіз еске түседі. Фатима (р.а)  – тақуалардың көшбасшысы, Адам ұрпағының мырзасы Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) мен Хадиша анамыздың (р.а) төртінші қызы, көзінің нұры, жүрегінің бөлшегі, ұрпағын жалғастырушысы.

Фатима (р.а) – екі дүние әйелдерінің ханымы, ешкіммен салыстыруға келмейтін тұлға. Фатима (р.а) пайғамбарлыққа дейінгі уақытта Алла Елшісі (с.ғ.с) 35 жасқа толғанда дүниеге келген. Хижраның 2-жылы Бәдір шайқасынан кейін Әли ибн әбу Талибке (р.а) ұзатылады.

Әли ибн әбу Талиб (р.а) баяндайды: «Фатиманы күйеуге беретін уақыт келген кезде  азат етілген күңім менен: «Фатиманың күйеуге берілетіндігі жайлы хабарды естідің бе?» - деп сұрады. «Жоқ» дедім. Ол: «Бұл рас. Алла Елшісіне барып оны сұрауыңа не кедергі?» - деді. Мен: «Бірақ менің неке сыйлығы ретінде ұсынатын еш нәрсем жоқ» деп едім, ол: «Сен Алла Елшісіне бар, ол саған қызын береді» деп айтты. Алламен ант етейін, оның менен өтінгені соншалықты, қалай келіскенімді білмей, Алла Елшісіне бардым. Оған кіргенде бойымды ұят пен ықыласты қорқыныш билеп, аузымнан бірде-бір сөз шығара алмай қалдым. Алла Елшісі менен: «Сені маған қандай шаруа әкелді? Бір нәрсе қажет па еді?» деп сұрады. Үндемедім. Сонда ол: «Бәлкім, Фатиманы айттыруға келген боларсың» деді. Мен «Иә» дедім. «Сенде оны саған ұзатуыма негіз болатын бір нәрсе бар ма?» дегенде: «Жоқ, Алламмен ант етейін, уа, Алла Елшісі» деп жауап бердім. Ол айтты: «Саған берген сауыт қайда, ол шамамен төрт жүз дирхам тұрады». «Ол менде тұр». «Онда мен саған Фатиманы беремін. Оған өзіңнің сауытыңды жібер» деді».

Фатимаға (р.а) берілген неке сыйлығы (мәһр) осындай еді. Оны тойға дайындаған Алла Елшісі (с.ғ.с) түкті мата кесіндісін, үлкен түтікшені және хош иісті қамыспен толтырылған былғары жастықты берді (Ибраһим ибн Мұхаммед әл-Әли). Басқа нұсқада Әлидің (р.а) бұл сауытты Османға төрт жүз дирхамға сатып келгендігі айтылады. Сонда Осман сауытты Әлиге (р.а) қосымша сыйлық ретінде тарту етіп жібереді. Бұл туралы Алла Елшісіне (с.ғ.с) айтқанда, ол Осман (р.а) үшін дұға жасайды.

Алла Елшісінің (с.ғ.с) Әли мен Фатиманы (р.а) өте жақсы көргендігіне қарамастан, олар өте қарапайым, қарабайыр, қиыншылық пен аштыққа сабыр сақтап өмір сүрді.

Аш-Шағби Әлидің (р.а) мына сөздерін жеткізеді: «Мен Алла Елшісінің қызы Фатимаға үйлендім және бізде түнде ұйықтайтын қой терісінен болған төсектен басқа ештеңе болмады. Күндіз біз онымен түйемізді азықтандыратынбыз, мен де сол түйеден басқа қызмет ететін ештеңе болмады».

Мужәһид (р.а) Әлидің (р.а) былай деп айтқанын жеткізеді: Мединеде тұрған кезімізде қатты аштық қысып, қаланың айналасынан жұмыс табармын деген ниетпен сыртқа шықтым. Кенет топырақ үйіп жатқан әйелді көрдім, оны илеуге бет алғанын бірден түсіндім. Жанына барып, ақысына құрма берсе, оның орнына атқарып беруге келістім. Он алты шелек су тасығандықтан қолдарым ісіп кетті. Осылайша балшық илеп бердім, ол маған он алты құрманы санап берді. Мен барлық оқиғаны Алла Елшісіне айтып бердім, ол содан кейін менімен отырып құрмадан жеді». Бұл аз ғана оқиғадан мол ғибрат алуға болады. Әли (р.а) көктен ризық күтіп отырмай, адал еңбегімен азық табуға аттанды. Және аштықтан болған әлсіздікке қарамай ауыр жұмысты атқарды. Және тапқан табысын өзі ғана пайдаланбай, Алла Елшісімен (с.ғ.с) келіп бөлісті.

Олардың тұрмыстары осындай болатын. Салтанат пен көл-көсір молшылықты көрмеді. Әлидің (р.а) су тасудан кеудесі ауырып, Фатиманың (р.а) тұрмыстық жұмыстан қажыған уақыттарында да Алла Елшісінің (с.ғ.с) айтқанына сабыр сақтап, қанағат еткен оқиғасын еске түсірейікші.

Әли ибн Әбу Талибтен (р.а): «Фатима қол диірменді (айналдырғаннан) қолының (күстеніп кетуінен) шағымданып жүргенде, Пайғамбарға (с.ғ.с) тұтқындар әкелінеді. Бұдан хабар алған Фатима Пайғамбарға (с.ғ.с) барып (қолға түскен тұтқындардың бірін сұрау үшін), оны таппайды да, Айшаны кездестіріп, (келген мәселесін) соған айтып кетеді. Пайғамбар (с.ғ.с) келген соң, Айша оған өзіне Фатиманың келгенін айтады. (Әли айтады): «Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) бізге келді, біз төсегімізге жатып қалған едік. Орнымыздан тұрмақ болған едік, Пайғамбар (с.ғ.с): «Орындарыңнан тұрмаңдар!» – деді де, біздің арамызға келіп отырды (олардың басқа тартса табан ашылатын, табанды жапса, басқа жетпейтін түкті жамылғылары болатын), Мен кеудемде оның табанының салқындығын сездім. Сосын Пайғамбар (с.ғ.с): «Екеуіңе өздерің сұрағаннан да жақсыны үйретейін бе? Төсектеріңе жатарда отыз төрт рет («Аллаһу әкбар» деп) Алланы ұлықтайсыңдар, отыз үш рет («субханаллаһ» деп) Оны барлық кемшіліктен пәк деп дәріптейсіңдер және отыз үш рет («әл-хамду лилләһ» деп) Оған мақтау айтасыңдар, бұл сендер үшін қызметшіден жақсы», – деді». Өзге бір риуаятта: «Әли: «Пайғамбардан (с.ғ.с) соны естігенімнен бері оны қалдырған емеспін», – деді. Одан: «Сыффин түні де ме?» – деп (сұралғанда), ол: «Сыффин түні де», – деп айтты» деген қосымша келген (Әли өзі Шам өлкесінің тұрғындарымен соғысқан Сыффин шайқасы түнінде де осы сөздерді қалдырмай айтқан) (Муслим).

Алла Елшісі (с.ғ.с) қызметшілерді одан да артық мұқтаж адамдарға үлестіріп, өз отбасын осылай сабырлыққа тәрбиелейді. Олар да адамзаттың ұстазының әрбір сөзінен өнеге алуға тырысатын.

ummet.kz

Бөлісу: