27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Жар таңдауда ескерілмей қалатын дүние

Жар таңдауда ескерілмей қалатын дүние

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жастық шақтағы ең терең әрі салиқалы ойлардың төресі –  «жарымды қалай таңдаймын?», «жар таңдағанда неге мән беру керек?» деген сауалдар төңірегінде. Әйтеуір, біріміз Төлегеннің Жібегіндей, Абайдың Әйкеріміндей аруды аңсап жүрміз, ал екінші тарап қиялына Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пен оның сахабалары секілді иманды, парасатты жігіттердің образын сақтап қойған.

Төңірекке қарасаң, жігіт те, қыз да көп. Бағың ба, сорың ба ешбірінің маңдайында жазулы тұрған жоқ. Білмейсің. Ер де, әйел де өзінің қиялында болашақ жарының портретін сызып алып, сол шаблонға сай жар іздейді. Бүгінде қай бойдақтан/бойжеткеннен «неге үйленбей/тұрмыс құрмай жүрсің?» деп сұрай қалсаң, «дұрыс қыз/жігіт таппай жүрмін» деп жауап береді. Себебі, талғам тым биік. Ал оған ешкім жете бермейді.

Ал негізінен жар таңдау мәселесінде көп ескеріле бермейтін және болашақ жардың бойынан ізделе бермейтін ең маңызды мәселе бар. Біз соған назар аударғымыз келді.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Сондай-ақ, Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқандығы. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін ап-айқын дәлелдер мен талай ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят).

Жоғарыдағы аятта Алла Тағала бізге шаңырақ көтеріп, үй болудағы мақсаттың – «өзара бауыр басып, жанның жай табуы» екенін айтуда. Аяттағы «сукун» сөзін ғалымдар «рахаттану, демалу, тыныштық табу, біте қайнасу» деп те аударады.

Демек, жар таңдау мәселесінде адам оның бойы, бет-әлпеті, байлығы, тегі, қызметі, мансабынан бұрын «бұл адаммен жаным жай таба ма, онымен тыныштық таба аламын ба, бауыр басып, етене жақын болып, біте қайнасып кете аламын ба, жаным ауырғанда онымен жаныма дауа таба аламын ба?» деген мәселеге алаңдауы тиіс екен.

Егер жар таңдауда адамды осы мәселе алаңдататын болса, рух өзінің өмірлік серігін оңай танитын болады. Пайғамбарымыз: «Рухтар топтасқан жамағат тәрізді. Олардан әуелден бір-бірлерімен танысқандар оңай тіл табысып, біте-қайнасып кетеді. Ал әуелден таныспағандар тіл табыса алмайды», – дейді (Бұхари, «Әнбия», 2; Мүслим, «Бирр», 159; Әбу Дәуіт, «Әдеп», 19).

Бұл дегеніміз рухымыз бұл дүниеге келместен бұрын, рухтар әлемінде топтасқан күйде болған. Бір үйірде болғандар, әуелден бір-бірін танығандар – бұл дүниеге келгенде де бір-бірімен етене араласып, оңай тіл табысып, жарасып кетеді деген сөз. Бұл тек жар мәселесінде ғана емес, дос мәселесінде де осылай. Ондай жандар «туысжандар». Олардың рухтары, жандары туыс болады.

Міне, болашақ жарлар да бір-бірінің бойынан осындай жан тыныштығын сезініп,​ бауыр басушылық көретін болса, демек, жарасымды бір жұп болады деген сөз. Алла Тағала мұндай жұптардың арасына сүйіспеншілік пен мейірімділік ұялатады. Ал сүйіспеншілік пен мейірімділік – некедегі ең берік бау!

Мейірімділік пен сүйіспеншілік жүрген жерде кешірімділік те болады. Байқасаңыз, ана баласы қанша қателік жасаса да оны кешіруге әзір тұрады. Себебі, ананың жүрегі мейірімділік пен кешірімділікке толы. Алла Тағала да өте мейірімді болғандығы үшін де тәубе еткен құлының барлық күнәсін кешіріп жіберуге дайын тұрады.

Демек, мейірімділік пен сүйіспеншілік орнаған отбасында да ерлі-зайыптылардың өзара кемшіліктері мен қателіктерін кешіру де болады. Ал мұндай отбасының іргесі беріп, шаңырағы биік, керегесі кең болмақ.

ummet.kz

Бөлісу: