Негізінде талақ (ажырасу) – күрделі мәселе. Өз алдына бөлек ілім. Талақ жайында бір-екі сөзбен айтып бітіру жеткіліксіз. Талақ ету – Исламдағы рұқсат етілген амалдардың ең ұнамсызы болып табылады.
Хадисте «Алланың құзырында рұқсат етілгенімен, қатты ұнамсыз іс – ажырасу»[1] - делінген. Ажырасу қанша жерден ұнамсыз, жағымсыз істердің бірі болғанымен, бүгінгі таңда қоғамдағы біршама жұбайлар тығырықтан шығар жол тек талақ деп ойлайды. Некелесіп, отбасы құрғандар қаншалықты көп болса, ажырасып, талақпен шаңырақтары бір сәтте шайқалып жатқан жанұялар саны да аз емес. Тіпті Құран Кәрімде жеке бір сүренің өзіне «Ат-Талақ» атауы берілген. Бұл сүре қанша ғасыр бұрын адамзатқа түсірілген болса да, бүгінде ажырасу мәселесі қоғамда өзекті болып отыр. «Талақ» деген арабша сөз. Тілдік мағынасы: байланысты үзу, ажырату, үзу, босату, бас тарту, тастау, қалдыру дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасына келсек, күйеуі арнайы сөзді айту арқылы, ерлі-зайыптылар арасындағы екеуін байланыстырып тұрған некені бұзу, қарапайым сөзбен айтқанда ажырасу деген сөз. Талақтың рұқсат етілуі Құранда, сүннетте, ижма’та көрсетілген.
Осы орайда бірден айтып өткеніміз жөн, талақты тек күйеу ғана бере алады. Әйелдер талақ бере алмайды, тек хул’ жасай алады. Хул’ дегеніміз – әйел өз күйеуіне кезінде берген мәһірін толық қайтарып, күйеуден өзін талақ етуін талап ету. Бірақ, хул’ жасалу үшін, белгілі дәлелі бар себеп орын алған болуы тиіс. «Ажырасуды талап етуіме болады екен» деп әйел адам бас салып, күйеуінің жағасынан алғанын шариғат құптамайды. Алла Елшісі (с.а.у.): «Әйел себепсіз күйеуінен талақ сұрамасын, «ол үшін Жәннаттың иісі харам болады»[2] - деген. Сондай-ақ, Исламда әйелдің арнайы қазыға шағымдануы арқылы да күйеуінен ажырасуына рұқсат етіледі. Бірақ мұндай жағдайда арнайы қазы ерлі-зайыптылардың себептерін жан-жақты қарастырып болған соң ғана шешім шығарады.
Әрі қарай, талақтың түрлерін бірге қарастырып көрейік. Талақтың үш түрі болады:
- Ахсан талақ (талақтың жақсырағы);
- Хасан талақ (жақсы талақ);
- Бидғат талақ (жанадан енген талақ). Енді, талақтың осы үш түріне қысқаша тоқталып өтейік.
Ахсан талақ – бұл талақ түрін кейде талақ радж’и деп те атайды. Бұл ажырасу, күйеуі әйеліне «мен сенімен ажырастым», «мен сені талақ еттім» деген ашық, анық сөздерді айту арқылы орындалады. Ахсан талақта күйеуі әйелімен жыныстық қатынасқа бармастан таза күйінде ғиддат мерзімі аяқталғанға дейін өз жайына қалдырады. Әйел өзіне тиісті ғиддат уақыты біткенше тұрмысқа шықпай күтуі тиіс. Ғиддат мерзімі деп әйелде болып тұратын етеккірді айтамыз. Талақ кезінде ғиддат мерзімін күтудің себебі – әйелдің жүкті болғаны не болмағанын анықтау үшін керек. Талақ етілген әйел, үш етеккір кезеңін өткізіп барып басқа кісіге тұрмысқа шыға алады.
«Қашан әйелдерді талақ қылсаңдар да олардың ғиддаты жетсе, сонда оларды туралықпен ұстаңдар немесе оларды дұрыстықпен біржола ажыратыңдар. Оларды зиян салып қанау үшін ұстамаңдар. Кім осыны істесе, рас өзіне зұлымдық қылған болады. Алланың аяттарын мазақ қылмаңдар және Алланың өздеріңе берген нығметін әрі сендерді насиқаттау үшін түсірген Кітапты, хикметті (Құранды, сүннетті) түсініңдер. Сондай-ақ, Алладан қорқындар да күдіксіз Алланың әр нәрсені толық білетіндігін біліңдер»[3].
Талақ ахсан немесе талақ радж’идің бір ерекшелігі, толық ажырасуды білдірмейді. Нақтырақ айтатын болсақ, күйеуі әйелінің келісімісіз, ғиддат уақыты бітпегенше қайтадан өзіне қайтарып алуына болады. Қайтарып алуы «сені қайтардым» сөзімен немесе іс-әрекетпен орындалады. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар арасында қайтадан неке қиылмайды. Егер әйелдің ғиддат мерзімі үш етеккірі өтсе, күйеуі мен оның арасында жыныстық қатынас болмаса, талақ (ажырасу) үкімі өз күшіне енеді. Күйеуі «мен сенімен ажырастым», «мен сені талақ еттім» деген сияқты ажырасу сөздерін айтқан кезде, әйелінің және күәгерлердің есту-естімеуі шарт емес. Күйеуі өз айтқан сөзін өзі естісе жеткілікті.
Келесі талақ түрі ол – хасан талақ. Кейде сүннет талақ деп те атайды. Хасан талақты байин (айқын, ақырғы, нақты) талақ деп түсінуіміз қажет. Бұл талақ түрінде, күйеуі әйеліне қайтарымсыз толық ажырасу ниетімен «сен боссын», «үйіне барып қайтып келме», «мен сенмен нақты ажырастым», «мен сені анық талақ еттім» деген сияқты сөздердің бірін бір рет айтатын болса, төсек қатынасында болмаса, ғиддат мерзімі аяқталған болса, талақ (ажырасу) орындалады. Мұндай талақ түрінде ерлі-зайыптылар қайтадан қосылу үшін, төсек қатынасына бармастан, ғиддат мерзімін өткізіп барып қайтадан қосылуға болады.
«Талақ болған әйелдер, үш етеккір мерзімі күтеді. Оларға жатырларындағы Алланың жаратқанын жасырулары дұрыс емес. Егер олар Аллаға, ақирет күніне сенетін болса, бұл жерде егер жарасуды қаласа, әйелдерін қайта алуға өз ерлері лайығырақ...»[4].
Байин талақтан кейін ерлі-зайыптылардың некелері қайтадан шариғи түрде қиылып, мәһірі де жаңадан берілуі тиіс. Тағы талақ етуге екі мүмкіндігі қалады. Сондай-ақ байин талақ жасалған кезде, әйел ғиддат мерзімінің аяқталғанын күткенше күйеуінің үйінде бөлек бөлмеде тұра беруіне рұқсат етіледі. «(Ажырасып, мерзім күткен) әйелдерді шамаларың келгенінше, үйлеріңде тұрғызыңдар...»[5].
Талақтың келесі түрін – бидғат талақ (жанадан енген талақ) деп атайды. Бидғат талақ басқаша муғаллаза (қатты, ауыр, қатаң) талақ деп түсіну керек. Егер күйеуі әйеліне бірден үш талақ берсе, бидғат талақ яки муғаллаза талақ үкімі орын алады. Бұл үш талақ бірінен соң бірі айтылады ма, немесе бөлек айтылады ма, бір күнде ме не бірнеше күнде айтылады ма, ерлі-зайыптылар арасында төсек қатынасы болмаса, әйелде ғиддат мерзімі бітісімен талақ (ажырасу) болады. Одан кейін, ер мен әйел бір-біріне бөтен болып қалады. Өзара жаңадан неке қиып шаңырақ құра алмайды.
«(Екі талақтан кейін) ер, әйелін мүлде ажыратса, бұдан кейін оған, ол басқа ерге тимейінше халал болмайды. Егер оны, ол (екінші ер) талақ қылса, екеуі де Алланың шегін орындаймыз деп ойласа, қайта табысуларында күнә жоқ. Бұл білген елге Алланың баян еткен шектері»[6].
Қайтадан отбасын құру үшін, әйел ғиддатын өткізіп болған соң, басқа ер кісіге тұрмысқа шығып, онымен төсек қатынасында болып, кейін онымен белгілі бір себептермен ажырасып, қайтадан ғиддат мерзіміз өткізіп болған соң ғана бірінші күйеуіне қайтадан күйеуге шығуына болады. Әрине, мұндай әрекетті ойынға айналдырмаған жөн.
Талаққа қатысты маңызды болған қосымша келесі кейбір мәселелерге тоқталып өтсек:
- ғиддат мерзіміне, етеккірдің өтуіне қатты көңіл бөлу керек;
- күйеу немесе әйел жағы ешбір себепсіз ажырасудан барынша сақтану қажет;
- екі жақ, талаққа апаратын іс-әрекеттен, сөздерден абай болу;
- күйеуі ойнап болса да «сен талақсың» деген сияқты сөздерді айтпау керек. Әйтпесе ойнап айтылса да, талақ орындалған болып есептеледі;
- егер талақ жасалып, ғиддат уақытында әйелдің жүкті болғаны анықталса, әйелдің ғиддаты босанумен аяқталады;
- егер күйеуі талақ беруге шешім қабылдаса, әйелі етеккірден таза болған уақытында бергені дұрысырақ болады;
- егер күйеу бір рет, немесе екі қайтара «сен талақсың» деп айтса да, ғиддат мерзімі аяқталмай жатып, кайтадан неке қимастан әйелді қайтарып алуына құқылы;
- есі ауысқан, есінен танған адамның талақ етуі орындалмайды;
- ашуланған күйде берілген талақ орындалады;
- мас күйінде талақ берген кісіге қатысты ғалымдардың көбісі талақ болады деп шешім қабылдаған.
Күнделікті күйбең тіршілікте бір шаңырақтың астында түрлі жағдаяттар орын алуы мүмкін. Көбінесе ерлі-зайыптылар өздерінің тікелей міндеттерін орындамаудың салдарынан шаңырақ шайқалып, талай отбасын еріксіз ажырасып жатады. Болмашы қиыншылыққа шыдамастан, сабырлықты ұмытып, нәпсіге еріп, асығыс шешім қабылдау – соңындада өкінішке, азап шегіп, бейнет көруге апаратыны анық. Сонымен қатар, ажырасу Алланың ашуын келтіріп, шайтанды қуантады. Оған жол бермеу – әр отбасындағы ер мен әйелдің құзырындағы іс-әрекет.
Берікбол ЖАНАҚ,
«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы
[1] Байһақи.
[2] Имам Ахмад.
[3] Бақара сүресі, 231-аят.
[4] Бақара сүресі, 228-аят.
[5] Талақ сүресі, 6-аят.
[6] Бақара сүресі, 230-аят.