Үйленгенде жұртқа жария ету және той жасау некенің шарттарына кірмейді. Бірақ үйленгендігін жария ету және дабыл қағу мұстахап амалына жатады. Той үстінде шариғат әдебінен шықпай өлеңдер оқылып, ән айтылса оның еш айыбы жоқ.
Мысалы, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ансарларға:
Әтәйнәкум әтәйнәкум фә хаиунә нухәййкум
Ләу лә әз-зәһәбу әл-ахмару мә хәлләт-би уәәдикум
Уәләу лә алхинтоһ ассәудәә ма сәмунәт ғазарикум деп ән айтуын насихаттаған. Бұл қазақ халқында жар-жар болып қалыптасып кеткен.
Абдулла бин Зубәйр (р.а) Пайғамбарымыздың (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Некені жария етіңдер», - дегенін жеткізген. Тағы бір хабарда: «Некелескендеріңді жұртқа көрсетіңдер»,- деп айтылған. Айша анамыз (р.а): «Ансарлардың біріне әйелді тұрмысқа бердік»,- деп айтқанда, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендермен күліп-ойнап көңіл көтеретін біреу болды ма? Өйткені ансарлар көңіл көтеруді жақсы көретін», - дейді.
Амир ибн Сағдтан (р.анһ.): бірде Қирза бин Кағб пен Әбу Мәсғудты (р.а) үйлену тойында көрдім, олардың қасында өлең айтылып жатыр екен. Сонда мен олардан: «Сендер Алланың елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Бәдірге қатысқан үлкен сахабаларысыңдар. Сендердің қастарыңда осылай етіп жатыр, бұндай жерде қалай отырсыңдар»,-деп сұрадым. Сонда ол екеуі: «Егер қаласаң бізге қосыл, ал егер ұнатпасаң бара бер, өйткені Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге үйлену тойында көңіл көтеруге, басымызға қиындық түскенде жылауға рұқсат берген», - деп жауап берді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйлену тойында дабыл соққанды жақсы көретін делінеді. Кейбір риуа-ятта: «оны (яғни дуфын) дауыс ырғағымен қоса қатты соғыңдар»,-дегені баяндалады. Жәбирден (р.анһ): «Айша анамыз туысының бірін ансарлардың біріне некелестірді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қызды тұрмысқа бердіңдер ме әрі онымен бірге әтәйнәкум әтәйнәкум фә хаийанәә уа хәййаакум деп айтатын біреуді қоса жібердіңдер ме?»,- деп сұрағаны риуаят етіледі.
материал «Отбасы ғылымхалы» кітабынан алынды
ummet.kz