Тіл адамдар арасындағы қатынас құралы ғана емес, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, оңайлықпен өзгермейтін өзгеше ұлттық белгі. Бір халықтың тілінде сол ұлттың салт-санасы, әдет-ғұрпы, мәдениеті сынды көп түрлі ұлттық қасиеті көрініп тұратындығын тіл ғалымдары әлдеқашан дәлелдеген шындық. Екінші сөзбен айтсақ, бір халықтың тілін зерделеп зерттесең сол ұлттың салт-санасын, наным-сенімін сол ұлттың тілінен тауып алуға болады.
Тілімізде «көсегең көгерді ме?» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Бұл сөзді жұрттың қалай түсінетіндігін білмеймін, өз басым, «бақ-қуатты болдың ба?», «істерің ілгері ме?», «түтінің түзу ұшты ма?» сөздерімен мағыналас деп түсінеміз. Алайда, «көсегең көгерді ме?» сөздің мағынасы мүлде басқаша.
Бұл фразеологиялық тіркесті қазіргілердің түсінбейтін де жөні бар. Өйткені ескіден келе жатқан салтымыздан туған. Қазіргі кезде бұл салтымыз тұрмысымызда сақталмағандықтан, тек тілімізде тұрақты тіркес ғана болып сақталып қалды.
Қосаға – қыз бөлмесі (қызды он екі жастан бастап оң босағадан орын беріп, төсек-орнын көлегейлеп шымылдық іледі. Міне осыны «қосаға» деп айтады) . Ал қосағаны орап бүркемелеп тұратын пердені «көсеге» дейді. Ендеше, көсеге сөзі «қызыңыз бөйжетті ме», «бойжетті ме?» деген мағынада жұмсалады. Қыз бойжетіп ұзатылғанда, көсегесін жасаумен бірге алып кетеді. Халықтық бата-тілектерде айтылатын «көсегең көгерсін» деген сөз содан шыққан.
ummet.kz