Ешбір еркек әйелдің қазаны мен ошағына, үтігі мен кешкі-түскі асына үйленбейді және ешбір әйел еркектің жұмысы мен көлігіне, ақшасы мен мансабына тұрмысқа шықпайды.
Алла Тағала олардың отау көтерудегі мақсатын айқындап берген: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят). Махаббат пен мейірім – мұғжиза. Яғни, ер мен әйел үнемі «Алла берген сүйіспеншілік, мейірім-жанашырлықты қалай сақтап қаламыз?», «Жарымның тыныштық, тыным табуы үшін не істей аламын?» деген сауалдарға жауап іздеп, тапқанын амалына асыра алғанда ғана отбасы баянды болмақ. Ер мен әйел ең алдымен осы мақсатты айқындап алуы тиіс.
Отау құрып, шаңырақ көтерген екі жастың қалыптасу, үйренісу кезеңі болады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үйленгендердің көбі алғашқы үш жылда ажырасады. Осы бастапқы үш жылға шыдап, сіңіп кеткен жастар ғана ары қарай отбасын ұстап қалуға мүмкіндік алады екен. Сондықтан жаңа түскен келін сол ортаға толық сіңісіп, балалар бір-біріне бой үйретіп, аяққа тұрып кеткенінше ата-ене, ағайын-туыс жан-жақтан қолдау көрсетіп, жол сілтеп, білмегенін үйретіп, қате жерін түзетіп деген секілді ақылын айтып, барынша жанашырлық танытуы керек.
ummet.kz