Босаға аттаған келіннің етегінен қарадомалақтың өруі хадистермен құпталған. Жар таңдаған ер азаматтың осы мәселеге де көңіл бөлуі қажет.
Бір кісі Алла елшісіне (с.ғ.с) келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен бір текті, беделді, бай әйелді таптым. Бірақ құрсақ көтермейді. Оған үйленуіме бола ма?» − дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тыйым салады. Екінші рет келіп айтқанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы да қарсы болады. Үшінші рет және келіп сұрағанда: «Сендер өздеріңе ұнамды және бала туатын әйелдерге үйленіңдер, өйткені мен басқа үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңмен мақтанамын», – деген екен.
Тағы бір хадисте былай деп айтылған: «Әйелдеріңнің ең жақсысы – Алладан қорқатын, өздеріңе ұнамды, бала туатын, өздеріңе жайлы һәм жанашыр әйелдер. Ал ең жаманы – тәнін ашып жүретін, тәкаппар әйелдер». Хазірет Омар (р.а.) халифа кезінде жамағатқа айтқан құтпасында (уағыз) былай деген екен: «Пенде иманнан кейінгі кезекте көркем мінезді, өзі ұнататын және бала туатын әйелінен артық жақсылық көрген емес».
материал «Тағлым тамшылары» кітабынан алынды,
ummet.kz