03
Жұма,
Мамыр

һижри

Жәннаттың қақпалары мен ғимараттары

Жәннаттың қақпалары мен ғимараттары

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жәннаттың қақпалары туралы Алла тағала: «Олар үшін қақпалары ашық Ғадын Жәннаттары бар» «(Жәннатта) періштелер оларға әр қақпадан кіреді»; «Олар оған барғанда қақпалары ашылады да, оның  сақшылары оларға: «Сендерге сәлем! Қош келдіңдер! Оған мәңгілікке кіріңдер», – деп айтады», – деген.

Бұл қақпалардың саны – сегіз. Солардың бірі «Раййан» деп аталады. Сәһл ибн Сағд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Жәннатта сегіз қақпа бар. Олардан бір қақпа «Раййан» деп аталады. Одан ораза тұтқандар ғана кіреді, олар кірген кезде ол жабылып, олардан басқа ешкім кірмейді», – деген.

Сондай-ақ басқа да игі амалдар істегендерге арналған қақпалар бар. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Кім Алла жолында ерлі-зайыптыларға өз мал-дүниесінен қаражат жұмсаса, ол Жәннат қақпаларынан шақырылады. Ал Жәннатта сегіз қақпа бар: кім намаз оқығандардан болса, намаз қақпасынан шақырылады; кім садақа бергендерден болса, садақа қақпасынан шақырылады; кім жиһад жасағандардан болса, жиһад қақпасынан шақырылады; ал кім ораза тұтқандардан болса, ораза қақпасынан шақырылады», – деген. Сонда Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Алламен ант етейін, біреу олардың қай-қайсысынан шақырылса да, зиян шекпейді, (бірақ) әлдебіреу олардың бәрінен шақырыла ма?» – деп (сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.)): «Иә, сенің олардың қатарында болуыңды үміт етемін», – деп (жауап берген).

Сонымен қатар Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім көркем түрде дәрет алып, сосын жанарын көкке көтеріп: «Әшһәду әллә иләһә илләллаһу, уахдәһу лә шәрикә ләһу, уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ», – деп айтса, оған Жәннаттың сегіз қақпасы ашылады да, ол олардың өзі қалағанынан кіреді», – деп айтқан.

Рамазан айында Жәннаттың қақпалары ашылады. Пайғамбар (с.а.с.): «Рамазан айы кірсе, Жәннат қақпалары ашылып, тозақ қақпалары жабылады», – деген.

Хадистердің бірінде Алла елшісі (с.а.с.) Жәннаттағы қақпалардың кеңдігін сипаттап: «Расында, Жәннатта (қақпалардың) екі жақтауының арасы – қырық жылдық жол...», – деген.

Жәннаттың ғимараттары: Пайғамбар (с.а.с.) Жәннаттың ғимараттарын: «Бір кірпіші алтыннан, бір кірпіші күмістен, ал дәнекері жұпар мисктен, қиыршық тастары лүлу, жақұттан, топырағы шафраннан. Оған кірген (адам) нығметке бөленеді, қасіретке түспейді, мәңгі қалады, өлмейді, киімдері тозбайды және жастық шақтары арымайды», – деп сипаттаса, Алла тағала: «Сол жерге қараған сәтте нығмет пен зор салтанат көресің», – деп айтқан.

Онда зәулім сарайлар бар. «Раббыларынан қорыққандар үшін астарынан өзендер ағатын қабат-қабат салынған сарайлар бар. (Бұл) –Алланың уәдесі, Алла уәдесінен таймайды».

Пайғамбар (с.а.с.): «Жәннатта бір сарайлар бар, оның сыртынан іші, ал ішінен сырты көрінеді. Алла тағала оны (адамдарға) тамақ бергенге, жұмсақ сөйлегенге, көп ораза тұтқанға және адамдар ұйықтап жатқан кезде түнде намаз оқығанға әзірлеген», – дейді.

Онда үйлер бар. Пайғамбар (с.а.с.): «Кім күндіз-түні (бір тәулікте) он екі ракағат нәпіл намаз оқыса, Алла оған Жәннаттан үй тұрғызып береді», – деген. Бұл хадисті негізге алар болсақ, адам баласының бұл дүниеде жүріп-ақ күн сайын Жәннаттан үй алуға мүмкіндігі бар.

материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: