03
Жұма,
Мамыр

һижри

Баланың бір тәуліктік күн тәртібі

Баланың бір тәуліктік күн тәртібі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жалпы тәрбие саласында баланың күндік режимін сөз еткенде оның оқуы, үй ішіне қолғабысы, демалы- сы мен тамақтануы, ұйықтайтын уақытының жүйелі түрде дұрыс бөлінуі ойға оралады. Көбіне ата-аналар балалардың уақыт кестесіне айтарлықтай мән бермейді. Ал шын мәнінде балалық шақ – адам өмірінде өсу мен ағза қалыптасуының ең жауапты белесі.

Осы кезеңде адамның өмірлік мінез-құлқы, дағдысы қалыптасады. Егер бала ұйықтау, жұмыс істеу, тамақтану, демалу мерзімін күнделікті нақтылы бір уақыт белгілеп, сол сағатта тапжылмай қайталап отырса, оның өмірінде бұл дәстүрлі әдетке айналып кетеді. Соған орай ағзасы да бейімделеді. Күндік режимді дұрыс ұйымдастыра білу баланың өмірге бейімділігін арттырып, жұмысқа қабілетін күшейтеді, денсаулығын жақсартуға әсер етеді. Психологтар бала күн тәртібін сақтаған жағдайда еш қиындықсыз жүйке жүйесінің қуатын ұйқыдан сергектікке, демалыстан кейін жұмыс істеуге, жұмыстан кейін әртүрлі ойындарға ауыстыра алатынын айтады. Күн тәртібін ұйымдастырудың бала тәрбиесі тұрғысынан өте пайдалы екенін ескере отырып, Ислам дінінде бұның қалай іске асқанын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Жалпы Ислам дінінде бес уақыт намаздың әмір етілуінің өзі мұсылмандарды уақытты дұрыс қолдануға үйретеді. Осыған орай Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күнін осы бес уақыт намазға қарай бөліп, күнделікті жұмыстарына арнайы уақыттарды белгілеген. Пайғамбарымыздың өмір жолы – тек қана үлкендер үшін емес, сонымен қатар балаларға да үлгі-өнеге. Себебі, адамның бала кезінен сүннет амалдарға дағдыланғаны абзал. Сондықтан балаларымыздың күндік режимін белгілегенде Пайғамбарымыздың күндік дағдысын естен шығармаған жөн.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бойында әдет ретінде қалыптасқан дағдының бірі − таң намазынан кейін ұйықтамау болатын. Тіпті үмбетіне де таң намазынан кейін ұйықтауға тыйым салған. «Күн шығарда ұйықтау – мең-зеңдік, ортасында ұйықтау – әдеп, күн батарда ұйықтау – ессіздік», − деп ескерткен. Өзі таң намазын оқып болған соң мешітте отырып, сахабалармен сұхбаттасатын, олардың сұрақтарына жауап беретін. Таң намазы уақыты шыққаннан кейінгі шамамен 45 минуттық уақытты Ислам дінінде «мәкрүһ уақыт» деп атаған. Осы уақытта намаз оқуға, сәжде жасауға болмайтыны айтылады. Пайғамбарымыз бұл кезде ұйықтауға да болмайтынын жоғарыдағы хадисінде ескертеді. Үлкендеріміздің де «күнмен таласып ұйықтама» дегені – осы күн шығардағы және күн батардағы уақыт.
Таңғы уақыт адамның зейінінің ашық, тың болатын уақыты. Осы сәтті пайдаланып, балаларға Құран жаттатуға немесе бірге кітап оқуға, жаттағандарын қайталатуға болады. Бір хадисте Пайғамбарымыздың таң намазын мешітте оқытып жатқанда жылаған баланың дауысын естіп намазды жылдам бітіруге тырысқаны айтылады. Бұл хабардан алғашқы мұсылмандардың таң намазы кезінде балаларын оятып, өздерімен бірге мешітке ала келгендерін көреміз.
Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күндік кестесінде мұсылмандарды қабылдау сағаттары болатын. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың өзі де күнделікті белгілі бір уақыттарда сахабаларының кейбіреулерінің үйіне барып тұратын. Тіпті жұбайларының үйлеріне де тек белгіленген уақыттарда ғана баратын. Көбінесе осы әдетін бұзбайтын. Түскі астан кейін аз ғана мызғып алатын. Бұл уақыттағы ұйқы «қайлулә» деп аталады. Жоғарыда берілген хадисте «күн ортасында ұйықтау – әдеп» дегені осы қайлулә ұйқысы. Пайғамбарымыз ол жайында: «Түнде (құлшылыққа) тұруды оңайлату үшін қайлуләда мызғып алыңдар»[2] деген. Тіпті адамның бойына сергектік беретіндіктен Пайғамбарымыз әскери жорықтарда да қайлулә ұйқысын тастамаған. Түстен кейін шамалы мызғып алған бала күн ұзаққа ойыннан шаршап екі кештің ортасында ұйықтап қалмайды. Екі кештің ортасы дегеніміз күн батып бара жатқан кез. Пайғамбарымыз күн батар кезде де ұйықтауға тыйым салған. Жоғарыдағы хадисінде: «күн батарда ұйықтау – ессіздік» деп айтқанындай, бұл уақытта ұйықтау адамды шын мәнінде дел-сал етіп, оянғанда тіпті өзінің қайда, қашан жатқанын, күннің қай кезі болғанын бір сәтке еске түсіре алмайтындай есеңкірететін бір кез.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз құптан намазынан бұрын ұйықтауды құптамайтын. Әрі құптан намазын оқып болған соң отырып әңгімелесуді қаламайтын. Құптан намазын оқып болған соң түнгі уақытын үшке бөлетін: бір бөлігін құлшылықпен өткізетін, бір бөлігін жанұясына, бір бөлігін ұйықтауға арнайтын. Түнде көп ұйықтауды да жақтырмайтын. Пайғамбарымыз бір хадисінде Сүлеймен пайғамбардың анасының былай дегенін баяндайды: «Ұлым, түнде көп ұйықтама. Себебі, бұл ұйқы қиямет күні адамды пақырлыққа ұрындырады».

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күн тәртібінен көріп отырғанымыздай ұйқы сағаттарын ретке келтіру күндізгі сергектік әрі уақытты тиімді пайдалану тұрғысынан өте маңызды. Егер адам баласы белгілі бір уақыттарда ғана ұйықтауға дағдыланбаса, бойдағы шаршау сезімін жеңе алмайды. Ал қалаған уақытында ұйықтай салу күннің берекесін қашырады. Халқымыздың да «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» дегеніндей, күннің ырысын да, берекетін де ұйқының көмбесіне көміп тастағандай боламыз. Сол үшін балалардың да күн тәртібінде ұйқы сағаттарын дұрыс реттей білген абзал.
Пайғамбарымыздың күнделікті әдетке айналдырған істерінің бірі – жатар алдында көзіне сүрме жағып, тісін мисуакпен тазалау еді. Ұйқысынан тұрғаннан кейін де бірінші ісі мисуағын қолына алып, тісін тазалау болатын.

Алғашқы мұсылмандардың өмір-тіршілігіне көз жүгіртсек, түске дейінгі уақыттарда балаларының ойнау үшін сыртқа шығуына рұқсат бергендерін, кішігірім үй қызметтерін атқаруға қолқабыс ретінде жұмсағандарын көреміз. Ойынға шыққан балалардан түскі ыстық айналаны баспай тұрып үйге оралуды талап еткен. Бұны Пайғамбарымыз да бір мәртесінде ескерткен болатын. Немерелері Хасан мен Хұсейінді хазірет Әли өзімен бірге сыртқа ала кетеді. Пайғамбарымыз қызының үйіне келгенде немерелерінің үйде жоқ екенін көріп, оларды іздеп шығады. Хазірет Әлидің қасында ойнап отырғанын көргенде, қастарына жақындап: «Уа, Әли, балаларымды ыстық түспей тұрып үйге әкелмейсің бе?» – дейді.

Екінді уақытында балалар қайтадан сыртқа шығып, кейбіреулері мешітке баратын. Кешқұрым далаға ойынға шыққан балалардан ақшам намазының уақыты кіргенде қайтадан үйге кіру талап етілетін. Себебін Пайғамбарымыз: «Күн батып, айналадағы ала көлеңкеліктің орнын түннің қараңғылығы басқанға дейін балаларыңды сыртқа шығармаңдар. Себебі, бұл уақытта айналаға шайтандар жайылады. Қараңғылық әбден орнағаннан кейін оларды шығарсаңдар болады», − деп түсіндіретін.

Алғашқы мұсылмандардың балаларына қолданған күндік тәртібінде баланың міндетті түрде белгіленген уақытта үйге оралуын қадағалағандарын көреміз. Мысалы, хазірет Әнәс бұл жайлы бір естелігінде бы- лай дейді: «Балалармен далада ойнап жүрген кезімде Алла елшісі қасымызға келді. Бізбен амандасқаннан кейін мені бір шаруаға жұмсады. Өзі бір қабырғаның көлеңкесіне отырып, менің келгенімді күтті. Сол күні күнделікті уақытымнан үйге кеш келдім. Үйге барғанымда анам Умму Сүләйм: «Неге кешіктің?» − деп сұрады. «Алла расулы бір шаруамен жұмсаған еді», − дедім...» Хазірет Әнәстің осы естелігінен олардың белгілеген уақыттан кешікпей үйге келгенін, ата-аналарының да оларды бақылап отырғандарын көреміз. Сонымен қатар балаларға берілген тапсырмалардың да орындалып-орындалмағанын үлкендер әрдайым қадағалап отырған.

Ата-аналар балалары үшін күн тәртібін белгілеп қана қоймай, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кезіндегідей оның орындалуын жіті бақылап отыруы керек. Егер ата-ана күн тәртібінің орындалуын баладан ғана талап етсе әрі өздері қалай болса солай жүріп, ешқандай тәртіпке мойынсұнбаса, онда ол отбасының берекесі кетеді. Сондықтан жанұядағы ортақ ережелер (ерте тұру, жуыну, ұйықтау, тамақ ішу секілді т.б.) отбасының әрбір мүшесі үшін міндетті түрде орындалатын іске айналуы керек.

материал «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: