29
Жұма,
Наурыз

һижри

«Ер мен әйелдің арасын жарастыру» аятының тәпсірі

«Ер мен әйелдің арасын жарастыру» аятының тәпсірі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Алла Тағала: «Егер ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуінен қорықсаңдар, ер адамның өз жұртынан бір әділ төреші, әйелдің төркінінен де бір әділ төреші тағайындаңдар. Бұл екеуінің ниеті оларды жарастыру болса, сөзсіз, Алла Тағала оларды қайта табыстырады. Шүбәсіз, Алла – Алим (бәрін біледі), Хабир (барлық нәрседен хабардар)» («Ниса» сүресі, 35-аят) деген.

Ислам діні, отбасын бүтін сақтап қалуды адамзаттың екі әлемдік бақытының ұйытқысы ретінде қарастырады. Ал ажырасу – қорғансыз жесір мен жетімнің, мейірім мен рухани тәрбиеден мақұрум қатыгез ұрпақтардың көбеюуіне жол ашады. Бұдан келіп шығатын күнәлі істер үшін қиямет күні ажырасқан ата-аналар сұралатындығы өзге аят, хадистерде білдірілген. Аталмыш аят дау-жаңжалға арқау болатын өзара түсініспеушілік істерінде ер мен әйел тарапынан екі әділ төрешіге жүгінуге шақырып, ауызы дуалы қариялардың берген тәрбиесі ер-әйелдердің қателігін мойындап, өзара адал ғұмыр кешулеріне мұрындық болар бірден-бір жол ретінде көрсетілген.

Дана халқымыз, «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп, отбасындағы ерлізайыптылар арасында азды-көпті ұрыстың, ренжісудің болып тұратындығын, алайда, мұндай болмашы ұрыс-керісті ұлғайтып, дүрліктірудің қажеті жоқтығын айтады. Бұл тағылымды дәстүріміздің тамыры, болмысы жарасым пен бірліктен тұратын Ислам дінімен астасып жатқаны сөзсіз. Қасиетті Құрандағы: «(бір-біріне шапағатшы етіп) иман еткендерді ұрпақтарына қосамыз. Істеген амалдарынан (имани достықтан болған) ешнәрсені кемітпейміз» («Тур» сүресі, 21-аят) деген аятта қиямет күні бір шаңырақтың адамдары бір-біріне шапағатшы болып қосылатыны сияқты имани бауырлардың да бір-біріне шапағатшы болатыны, дүниедегі достықтары мәңгілік өмірде жалғасын табатыны айтылып тұр [56, 1/606 б.]. Яғни, ерлі-зайыптылар арасындағы «Ақ неке» Алла алдында да, адамзат алдында да жақындықтың, бірліктің ең ұлы символы болып табылады. Ол бүтін сақталған жерде қоғам бүтіндігі сақталмақ.

Ислам – туралық діні. Туралық – адамның сөзі мен ісінің, ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетінің сай болуы. Жасанды қылықтар мен негізі болмаған сөздерден тазарып, тәбиғилық шеңберінде өмір сүруін білдіреді. Ал жалған сөйлеу Алла тағаланың әміріне қарсы келу болып табылады. Себебі, Алла тағала: «Және өтірік сөзден сақтаныңдар» («Хаж» сүресі, 30-аят) деген.

Фақиһ ғалымдар: «Зәрулік жағдайда жалған сөйлеуге рұқсат бар» деп бүлікке бастайтын ұрыс-керісті тоқтату мәселесінде рұқсат берген. Алайда зәрулік шегінен шықпау керектігіне баса мән берсе, кейбір ғалымдар зәрулік себепті айтылған жалған сөздің өтірікке жатпайтынын да айтқан.

Исламда өтірік айтуға болатын зәрулік жағдайлар:

  • Ренжіскен адамдарды татуластыру.
  • Ұрыс-керістің алдын алу немесе тоқтату үшін ерлі-зайыпты адамдардың бірі екіншісіне өтірік араластырып сөйлеуі.
  • Соғыс майданында дұшпанды айласына түсіру [22, 13/383 б.].

Ибн Шиһаб: «Адамдарға үш жағдайдан басқа кезде өтірік айтуына рұқсат берілгенін естімедім. Ол үшеуі: соғыс, адамдардың арасын татуластыру және ерәйел арасында айтылатын сөз» [12, 101 х.] деген.

Кейде береке-бірлікке ұйытқы ретінде зәрулік шартымен рұқсат етілген өтірік айту ісін, Исламның таза рухына жат қылықты (өтірікті) әдетке айналдырған кейбіреулер, содан құтылудың орнына көп жағдайда кінәсін Ислам дініне аударып, яғни, «Исламда өтірік айтуға рұқсат етілген» деп ақталып жатады. Алайда, адам бұл дүниеде айтқан өтірігі үшін ақталғанымен, Алланың құзырында ақтала алмасы ақиқат.

Ал, отбасын сақтау зәрулік істердің қатарына жатқызылып, ерлі-зайыптыларды жарастыру мақсатында сөзге өтірік араластыруға рұқсат берілуі отбасы бүтіндігінің қаншалықты маңызды екендігін көрсетсе керек.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet/kz

Бөлісу: