23
Сенбі,
Қараша

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с) мен Хадишаның махаббаты: Таудағы кездесулер

Пайғамбар (с.ғ.с) мен Хадишаның махаббаты: Таудағы кездесулер

Исламдағы отбасы
Жарнама

Хира үңгірінде ұзақ уақыт жатқан Пайғамбарымыз (с.а.у.) тамағы таусылғанда таудан түсіп, үйінен азық алып кететін. Кейде күйеуі ары-бері жүрмесін, ойы бөлінбесін деген Хадиша анамыз тауға өрмелеп шығып, үңгірде жатқан Пайғамбарымызға (с.а.у.) тамақты өзі алып келетін.

Оның келе жатқанын сезген Мұхаммед (с.а.у.) таудан жүгіріп түсіп, жұбайының алдынан шығатын. Ондағысы Хадиша тауға шығып, шаршамасын дегені еді. Жастардың өзіне тауға шығу үшін үлкен күш керек, ал ол кезде Хадиша анамыздың жасы 55-терге келіп қалған. Сонысымен қоймай, күйеуіне тамақ таситын. Ал Алла елшісі әйелім тауға шығып, шаршап қалмасын деп, жүгіріп алдынан шығатын. Егде тартқан шақтарында да бір-біріне жанашырлығы артқан не деген махаббат десеңізші! Солай Пайғамбарымыз (с.а.у.) тау етегіне келген Хадишаның жанына тез жетіп, екеуі ұзақ уақыт әңгімелесіп отырар еді. Біз бүгіндері романтикаға балайтын ол түндері екі сүйген жардың арасында қандай әңгіме өрбігенін Алла Тағала ғана біледі. Сол ұзақ түндері Алла елшісінің (с.а.у.) өз сүйіктісіне қандай әңгіме айтқанының бір ширегін біз де білсек етті, шіркін! Қырықтан кейін дүниеге алты бала әкеліп, оларды тәбиелеп, арасында таудағы күйеуіне тамақ тасыған Хадиша! Саған Алла разы болсын! Егер әлемдегі әйелдер сенің даналығың, сенің жүрегіңдегі махаббат туралы білер болса өздеріне өзіңді үлгі етіп алар еді ғой!

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл оңашалануы тегін емес болатын, Алла Тағала оны осылай пайғамбарлыққа дайындады. Мұхаммед (с.а.у.) 40 жасқа келген жылы, Рамазан айында, Алла Тағала Оған алғашқы Құран аяттарын түсіріп, құрметті етті. Жебірейіл періште қатты қысып тұрып, “Оқы!” дегенде бойын діріл мен қорқыныш жайлаған Пайғамбар (с.а.у.) үйіне қарай асыққан еді. Ал Хадиша анамыз оны құшағына қысып тұрып жұбатқан болатын. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайына деген өзгеше махаббаты емей немене, Ол (с.а.у.) басынан өткен жайтты алдымен әйеліне айтты, оның қолдауын күтті. Ал әйелінің сөздеріне қараңыздар: “Жаратушым саған ешқашан жамандық әкелмейді, Мұхаммед!” деп күйеуінің тамаша қасиеттерін айта бастады. Міне, әлемнің әйелдері! Көрдіңдер ме? Қазір күйеулер әйелдеріне проблемасын айтса, ол проблема одан сайын ұлғайып кетеді. Ал біздің асыл анамыз Хадиша қалай көрегендік танытты?! Қалай күйеуін сабырға шақырды. Осыншама даналық пен ақылды Хадиша анамыздың көкірегіне Жаратқанының өзі құйған болатын.

Күйеуіне пайғамбарлық келген соң Әбу Бәкір, Әлилерден де бұрын алғаш иман келтірген Хадиша болды. Осы әрекетімен-ақ әлемнің барша мұсылман қыздарының жол көрсетушісіне айналғанын Хадиша білді ме екен?!

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: