23
Сенбі,
Қараша

һижри

Отбасы берекесін арттырғысы келген ерлі-зайыптыларға 5 лайфхак

Отбасы берекесін арттырғысы келген ерлі-зайыптыларға 5 лайфхак

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасының ынтымағы мен берекесін ойлаған ерлі-зайыптылар мына мəселелерге мəн бергені жөн:

1. Адамның мінсіз болмайтынын біліп, қателіктерін түсіністікпен қабылдау. Еркек те, әйел де «өзім мінсіз емеспін ғой. Ағаттықтарыма жұбайым қабақ шытпай қараса, мен де оны кешіре білуім қажет» деген ұстанымды өзіне басты қағида етіп алуы керек. Егер ерлі-зайыптылардың бойындағы ұнамсыз қылықтары Исламның негіздеріне қайшы әрекеттер болса, оның кемшіліктерін жұмсақтықпен, жақсылықпен түзеткен жөн.

2. Жұбайының жақсы жақтарын ойлап, олқылықтарын үлкейте бермеу. Егер бір адамның бойында жақсы қасиеттері жаман жағынан көп болса, ол адам сүйіспеншілік пен құрметке әбден лайық. Тіпті, маңызды бір ғана жақсылығы үшін көптеген майда-шүйде кемшіліктерін кешіре білу керек. Мысалы, әйелдің ары мен абыройын сақтауы, намаз оқуы, ораза ұстауы, күйеуіне бағынуы, балаларының тәрбиесімен айналысуы жүздеген ұсақ кемшіліктерін жою үшін жетіп артылады. Сол секілді күйеуінің намаз оқуы, арақ ішпеуі, құмар ойын ойнамауы, отбасына адалдығы, зинадай зауалға бой алдырмауы секілді жақсы қасиеттерін сәл ғана түсінбестік үшін құрбан ете алмаймыз ғой. Ер мен әйел бір-бірінің бойынан бармақтай кемшілік көрген бетте жыландай жиырылып, аттай тепсініп жатса кімнен қайыр?!

3. Өз бұрыстығымыздың қалай оңғарылғанын қаласақ, жұбайымыздың кейбір қисықтығын да солай түзетуіміз керек. Өзімізге қаламаған нәрсені біреуге жасап жатсақ, мұсылмандығымызға жол болсын?! Исламның игіліктің ошағы екенін ұмытпайық.

4. Адамның ағаттық пен мінін жұрттың көзінше жарияламай, оңашада отырып ескерткен дұрыс. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің кемшін тұсын ел алдында айқайлап айтып немесе сөзбен іліп-шалып мұқатпаулары керек. Ислам діні өзгелердің айыбын ашып, масқаралауға тыйым салған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылманның ар-намысы, дүние-мүлкі мен қаны басқа мұсылман үшін харам» деген. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім дүниеде мұсылман бауырының айыбын жасырса, қиямет күні Алла тағала да оның айыбын жасырады» делінген.

Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың бала-шағасының алдында бір-бірінің қателіктерін бетіне басып, жанжалдасуы отбасылық жағдайға оң әсерін тигізбесі анық.

5. Сабыр сақтау. Отбасындағы татулықты сақтау үшін ерлі-зайыптылар бір-бірінің шалыс басқан қадамына сабырлық танытса, әрі отбасында береке-бірлік орнайды, әрі мол сауапқа да кенеледі. Бір-бірінің есерлігіне күйгелектенбей, пайым пен парасатты ұстанса, мұның жемісінің қандай боларын асыл сөздің иесі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Әйелінің жаман мінезіне шыдамдылық танытқан еркекке Алла тағала ауыр індетке шалдыққан Әйюб пайғамбардың сауабын, ал күйеуінің жаман мінезіне төзіммен қараған әйелге Перғауынның жұбайы Әсияның сауабын береді» деп сүйіншілеген.

материал «Исламдағы жанұя» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: