23
Сенбі,
Қараша

һижри

Бала тәрбиесіндегі әдептілік пен көркем мінездің орны

Бала тәрбиесіндегі әдептілік пен көркем мінездің орны

Исламдағы отбасы
Жарнама

Біліп ал! Баланың тәрбиесі ең маңызды істердің бірі. Перзент ата-анаға аманат. Баланың жүрегі пәк, нәзік, аңқау және ешбір нақыш салынбаған таза гауһар тасы сияқты. Жүрекке қандай ою-өрнек салынса, ол соған ұқсап пішінделеді, оны иген тарапқа қарай иіледі. Егер бала жақсылыққа үйреніп, жақсылықты әдеттенсе, дүние мен ақыретте бақытын табады. Әрине бұл сауапқа оның ата-анасы және тәрбиешісі мен оған тәлім берген адамдар бөленеді.

Егер балаға көңіл бөлінбей, шетте қалып қойса, жамандықтың ортасында өссе, бақытсыздыққа душар болып, құрып кетеді. Бұл жағдайда күнәнің ауыртпалығы оны осы күйге түсіргендер мен ата-ананың мойнына артылады. Алла тағала: «Ей, мүминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар» (Тахрим: 6).

Әке перзентін дүние отынан (азабы мен машақатынан) қаншалық сақтаса, ақырет отынан одан да сақтауы лазым. Тәрбие жолында көркем мінездің қасиеттерін үйрету және жамандықтардан қайтару, бұзық құрбы-құрдастардан қорғау, жеңіл өмірге әдеттендірмеу, байлыққа махаббатын оятпау арқылы әке перзентін тозақ отынан сақтайды. Егер бала дүние құмарлығына бой алдырса, мәңгілік тұңғиыққа кетті деген сөз.

Перзент дүниеге келген алғашқы күндерінен бастап, күзет қамқорлыққа алынуы жөн. Сондай-ақ шақалақты емізу және тәрбиелеу ісін тек діндар әрі халал (таза) әйелге сеніп тапсырылуы мүмкін. Себебі харамнан шыққан сүт те береке жоқ. Егер ол сүттен сәбиге берсе, онда сәбидің қанына харам араласып, баланың табиғаты харамға икемді тұрады. Жақсы-жаманды ажырату түйсігі балада көріне бастаған сайын оның бақылауын да күшейте түсу керек. Мұның әуелгі белгісі, балада ұят қасиетінің бастапқы нышанының көріне бастауы. Себебі баланың тартыншақтауы ұялу емес, бәлкім ақылдың нұры түсіп, бала кейбір істердің басқаларға қарама-қарсы екенін көреді, жаман деп таныған істерін жасаудан ұяла бастайды. Бұл Алла тағаланың оған берген сыны, мінезінің пәктігі нен жүрегінің сол тазалағынан тура шыққан қуанышты белгі және ақылының кемелдікке жетіп жатқандығынан сүйінші хабар десе болады.

Ұяты бар баланы, қамқорсыз тастауға болмайды. Керісінше, оған ұят әдебін үйрету арқылы жәрдем көрсету дұрыс. Көп жағдайда баланың бойында тамаққа ашкөзбен ұмтылу сезімі басым болады. Бұл кезде тәрбие тамақ ішу әдебінен тәлім беруден басталады. Мысалы, тамақты оң қолмен алу, «бисмилләһ» сөзімен бастау, тамаққа үлкендерден бұрын қол созбау, тамақты тек өзінің алдынан алу, тамақ жеп отырған адамның аузына қарай бермеу, тамақты шашпау, жақсылап шайнап жеу, тамақты обығып жемеу, яғни тамақты ауызға бірінен соң бірін сала бермеу, жеп отырған асты киімге тамызбау. Кейбір кезде қосымша тәттілерсіз құрғақ нан мен қара шайды ішуге үйрету. Сол сияқты шектен тыс тамақ жеудің жамандығы, бұл төрт аяқты жануарларға тән ерекшелік екенін, әдепті бала тамақты аз жейтіні, барына қанағат қылатыны, тамақ таңдамайтыны айтылса бұл да – тәрбие.

Баланы түрлі түсті және жібектен тігілген киімдерге емес, әдеттегі ақ түсті киімдерге деген қалауын тудыру қажет. Түрлі түсті жібек киімдер әйелдерге тән екенін, ер кісіге мұндай нәрселер жараспайтыны хақында түсіндіріп үйретіледі. Баланың үлде мен бүлдеге оранған, қымбат бағалы киімдер киіп өскен балалардан және сол сияқты рақат өмірге құштарлықты оятатын нәрселермен араласуынан абай болған жөн. Себебі өсіп келе жатқан баланы қараусыз қалдырса, бұл көп жағдайда ахлақтың бұзылуына мұрындық болады. Нәтижесінде бала есейгенше өтірікші, іші тар, ұры, шағымданғыш, ұшқалақ, күлекеш, айлакер, сараң сияқты жарамсыз қасиеті бар адамға айналуы мүмкін.

Бұлардан сақтанудың жолы – көркем тәрбие, мектептегі дәріспен машғұл болу, құран мен хадис тәлімін алу. Ізгі адам мен олардың өмірі туралы айтылған хикаялар баланың жүрегінде оларға деген махаббаты оятады. Баланы махаббат және ғашықтық кейіпкерлері айтылған өлеңдерден, мұндай өлеңдер адам жанын нәзіктікке тәрбиелейді деп ойлайтын әдебиетшілердің арасында қалып қоюынан сақтау лазым. Себебі бұл нәрселер баланың жүрегіне бұзықтық дәнегін себеді.

Баланың бойынан көркем мінез, мақтауға тұрарлық бір әрекет байқалса, оны құрметпен бағалау, көңілін қуандыратын нәрсемен жігерлендіру, көпшілік арасында бұл әрекетті көрсету өте қажет. Кейбір кезде бір рет көркем мінезге теріс қылық жасап қалса, оны көрмегенсіп өту дұрысырақ. Себебі бала мұндай жағдайда артығырақ жазаға тартылса, жаза оған кері әсер етіп, айыбының ашылып қалуына үйреніп, қателікке жігерлі болып қалуы мүмкін.

Егер бала сіз байқамансыған теріс қылықты тағы қайталаса, онда оған жалғыз қалғанда ескертіп, бұл істің салдары жаман болатынын айтып түсіндіру қажет. Алайда ескертемін деп артық кетпеген жөн. Әйтпесе, баланың құлағы қатты сөздерге үйреніп, айтқан ізгі насихаттар жүрекке жетпейтін болып қалуы мүмкін. Бала тәрбиесінде ересектердің айтқан сөздері өте маңызды. Сондықтан ата-ана сөйлеген уақытта ойланып, сөздерін електен өткізуі керек. Ал ана өз кезегінде баланы «әкеңе айтам» деген шектеу сөздермен баласын жаман әрекеттерден тиып отырады. Сондай-ақ баланы күн шыққаннан кейінгі ұйқыдан қайтармақ керек. Себебі күндізгі ұйқы жалқаулықты туғызады. Ал кешке ерте ұйықтау пайдалырақ. Төсекті өте жұмсақ қылу, бала ағзасының қатаюын кемітеді. Семіздік тамаққа тәбет ашады, сабырсыздықты шақырады. Сол себепті баланы қаттырақ төсекке, қарапайымырақ киімге, кәдуілгі тамаққа үйрету кешіктіруге болмайтын істердің қатарына жатады.

Бала не нәрсені жасырын істесе, бұл оның мұны жаман іс деп білгенінің дәлелі. Демек, балаға әрбір істі ашық көрсетіп, үйрету уәжіб. Кейбір кезде жалқаулықты жою үшін ертелеп түрлі жаттығулар жасалады. Киімінің алдын ашып, қолдарын жан-жаққа лақтырып жүру әдепке сай емес екендігі үйретіледі. Әке-шешесінің заттарымен немесе тамақ, қымбат бағалы киімдерімен мектеп құрал-саймандарымен құрдастарының алдында мақтануы жаман мінез. Керісінше, бала өз достарына кішіпейілдік құрметпен қатынас қылуға

әдеттенуі, сөйлескенде мейірімді, әрі жұмсақ болуы дұрыс. Егер балалар оған бір нәрсе берсе, оны өзі үшін құрмет деп білсе де, затты алуға әдеттенбегені дұрыс. Себебі абырой алуда емес, беруде. Алуда қорлық пен төменділік бар. Бұл бала кедейдің баласы болса да басқалардан бір нәрсені алу әдеті – жаман қасиет. Алуды қалап тұру немесе дәмету – қорлық, бұл иттің қылығына ұқсайды: ит бір үзім нанды алу үшін үнемі мүләйімсіп қарап, құйрығымен билеп тұрады.

Балалардың алтын немесе күмісті жақсы көруі, оны қалап тұруы да жаман қылықтың санатынан. Негізінде бұл нәрседен жылан мен шаяннан қорыққан сияқты қатты қорқу (сақтану) лазым. Алтын мен күмісті жақсы көру, оның келешекте құлға айналуына ықпал етуі мүмкін. Алтын мен күміске деген махаббаттың зияндығы удың кесірінен де қауіпті. Көпшіліктің ортасында түкіру, мұрын тастау, есінеу, біреуге арқа сүйеп отыру, аяқты айқастырып отыру, қолмен иекті тіреу әдепсіздікке жататын қылықтар.

Бала сұхбаттасу қағидаларынан хабардар болуы лазым. Оған көп сөйлеудің тәрбиесіздікке жататынын және олай жаман балалар істейтінін әрі олай жасаған бала «бәдік» атанатын білсін. Рас немесе өтірік айтса да бала жастайынан ант суын ішіп сөйлеуге үйреніп қалмасын. Сөзді бірінші бастамасын, қойылған сұраққа жауап берсін. Сұхбаттасушы өзінен үлкен болса, оны тыңдасын. Себебі сөйлесуші адамның сөзімен ортақтасып, «әдепсіз бала» атанғаннан гөрі тыңдаушы болған абзал. Әдепті бала өзінен үлкендерге орын береді, пайдасыз сөздерден тиылады, басқаны сөкпейді оған лағынет айтпайды.

Баланы бос әңгімені жақсы көретін адамдармен араластырмау қажет. Расында, баланы жаман мінездің мұхитына түсіп кетуінен сақтау тәрбиенің мәні саналады. Егер мұғалім баланы нұқып немесе соғып қалса, бала дереу айқай-шу көтермесін немесе басқадан қамқорлық күтпесін, қайта сабыр қылсын. Мұны да баланың жақсы білуі тиіс. Балаға сабырлық таныту ержүрек батырлардың ісі, айқай-шу салу әлсіз әрі әйелдердің қылығы екені түсіндірілсін.

Балаға дәрістен соң шаршағанын басу үшін жақсы ойындарға рұқсат беріледі. Алайда, діңкесі құрығанша онымен әуес болуы дұрыс емес. Сол сияқты баланы барлық ойыннан мақұрым етіп, тек тәлімге мәжбүрлеу де жөн емес. Мұндай ауыртпалық жас жүректі өлтіреді, талғамды өшіреді, өмірден түңілуіне ұйытқы болады. Әйтпесе балақай сәті келген орайда тәлім-тәрбиеден қашып кетуі үшін айла іздестіру мәжбүрінде қалуы ғажап емес.

Сол сияқты балақай әкеге, мұғалімге, өзінен жасы үлкен адамға, тәрбиешіге бойсұнуды, оларды құрметтеуді, олардың алдында кез келген ойынды доғару керек екенін білуі тиіс. Бала жақсы-жаманды ажыратқан сайын дәрет пен намазды тәрік қылуына үзірі жоғала бастайды. Рамазан айында толық болмағанымен, кейбір күндерде ораза ұстауға бұйырылады. Жібек киім киюіне, алтын сақина және алтын бұйымдарды тағуына тиым салынады. Жалпы айтқанда, бала-ларға шариғаттың аумағында қажеті түсетін барлық нәрселерді үйрету қажет.

материал «Жан тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: