23
Сенбі,
Қараша

һижри

«Қоқыстың арасында өскен қызыл гүлге қызықпаңдар»

«Қоқыстың арасында өскен қызыл гүлге қызықпаңдар»

Исламдағы отбасы
Жарнама

Көргенді жердің қызын алу керектігін меңзеген пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Қоқыстың арасында өскен қызыл гүлге қызықпаңдар», – деп ескертеді. мәнісін сұраған сахабаларына «нашар ортада өскен сұлу әйел» деп түсіндірген.

Хазірет Омар (р.а.) осы хадиске сай: «Жаман ортада өскен сұлу әйелден сақтаныңдар. себебі, оның туған баласы тегіне ұқсамай қоймайды. текті, көргенді жердің қызын алыңдар. себебі, ол нағашыларына тартқан салиқалы ұрпақ дүниеге әкеледі», – деген.

Демек, жар таңдағанда оның әке-шешесінен, туған-туыстарынан алған тәрбиесіне де көп көңіл бөлу керек. адамның мінез-құлқының қалыптасуында алған өнегесінің маңызы ерекше. халқымыз да жар таңдауда қыздың тегіне қатты мән берген.

Мысалы, халық аузындағы «алма сабағынан алыс түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы»,  «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы», «текті жердің қызы екен», «көргенді елдің ұлы» секілді сөздері осыған дәлел болса керек.

Сөздік қорын тектілікке байланысты осынша сөздермен безендірген халқымыздың құда түсіп, қыз айттыратын кезде тегіне аса мән бергенін атақты адамдардың жұбайларынан байқауымызға да болады.

Мысалы, Құнанбайдың жары ұлжан туралы Қ.Мұхамедханұлы: «Абайдың анасы Ұлжан һақында: «Ұлжан арғын руының ішіндегі қаракесектен шыққан шешендік пен әзіл-қалжың, әжуалаумен аты мәшһүр болған шаншар тобынан тараған қыз екен» дегендей мәлімет келтіреді. осылай жіктей келе һәкім абайдың анасы туралы толығырақ айту керек еді» деген.

Себебі, ақынның бойындағы асыл қасиеттерін, жақсы бейнесін қалыптастыруда нағашы жұртынан алған тағылымды үлгі-өнегесі де баршылық екендігін ескертеді. нағашыларынан арғысы әйгілі битен, шитен, бергі тұста атақты шешен, сөзге тапқыр, әзілкеш әрі мысқылшылдар: «қантай мен тонтай және жонтайлар» деп келтіреді.

Ал Абайдың анасы ұлжанның әкесі тұрпан жаңа есімдері келтірілген Тонтайдың інісі болатындығын анықтап жазудың маңыздылығын алға тартқан».

«Абайдың өмірін зерттеген мұхтар әуезовтің: «абайдың сөзіндегі салқын ақыл әкеден, ащы тілді мысқыл шеше жағынан деуге де бола ма дейміз», –  деп бекер болжамағаны рас».

Ата-ана балаларына болашақ жарды көбінесе өздері таңдаған. олардың ұйғарымына балалары да онша қарсылық танытпаған. себебі, жарға қатысты халық философиясы «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «қатын алма, қайын ал», «алып анадан туады», «нағашысы жаманның жиені оңбас», «анасын көріп, қызын ал», «шешеге қарап қыз өсер», «ана көрген тон пішер» секілді ойлармен өрілгендіктен, бала кезінен бұл сөздер құлағына сіңіп өскен жастар да әке-шешесінің таңдауын құп көрген.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) келесі бір хадисінде жар таңдаудағы басты ұстанымды былай деп көрсетеді: «Әйел байлығына, шыққан тегіне, көркіне және діндарлығына қарай таңдалады. сен діндарын таңда, сонда бақыт табасың». Тура осы хадисті өлең жолдарымен жырлаған жүсіп бабамыз былай деп жыр шумақтарын өрген:

Әйел алса төрт белгісін көздейді,

Бұл төртеуден кездеспейді өзгесі.

Бай әйелді біреу іздеп жүреді,

Енді бірі сұлуға көз тігеді.

Бірі тілер тұқымы асыл, тектіні,

Қуаныш боп ұлықтығы, бектігі.

Бірі нәзік, имандысын таңдайды,

Оны тапса, көңілде алаң қалмайды.

Шырайлыны күллі ел сүйер, жақтар мың,

Оны алланың құдіретімен сақтарсың!

Кездестірсең, ақылды, ізгі адамды,

Ай, ізгі ер, алғын қойып алаңды, – дейді Жүсіп Баласағұн.

Жар таңдауда адамның иманы мен инабаттылығына қарау керектігі мұсылманшылықтың туы болған қасиетті кітап Құранда:

«Иманға келмейінше мүшрік әйелдерге үйленбеңдер. шындап келгенде, мүмін күң өздеріңе ұнайтын басы азат мүшрік әйелден әлдеқайда қайырлы. сондай-ақ, иманға келмейінше мүшрік ерлерге мүмін әйелдерді бермеңдер.

Шынтуайтында, мүмін құл өздеріңе ұнайтын басы азат мүшріктен әлдеқайда қайырлы. өйткені, мүшріктер сендерді тозаққа шақырады. Алла тағала болса, өзінің қалауымен жұмаққа және кеңшілігіне шақырады. һәм адамдарға ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп, аяттарын ашып түсіндіреді», – деп шегеленіп айтылған.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: