Әйелдің еріне бойсұнуы оның кемдігінен немесе ерден төмен жаратылғандығынан түспейді. Әйел де қадір-қасиеті жөнінен ерден еш кем емес.
Ер кісі секілді әйел де құрметтеуге, қадірлеуге лайық. Бұл жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында әйелдер – ерлердің сыңарлары», - деген.
Олай болса, сыңардың бірінің құрметтегені секілді екіншісі де тап солай құрметтелуге тиіс. Әйелдің еріне бойсұнуы – өзара сыйластықтың, үй-іші тұрмыс-тіршілігіндегі тәртіп пен реттіліктің көрінісі. Бір мекемені немесе бір мемлекетті біреудің басқарып, басқаларының соған бағынуы арқылы мекеме не мемлекеттің ішкі және сыртқы істері тәртіпке келіп, реттелер болса, тап сондай кішігірім мемлекет – жанұяның да өзіне тән тәртібі мен даму, алға басу жолдары бар. Мұхитта жүзген кеменің таудай толқындарға төтеп беріп, жағаға жетуі үшін ондағылардың барлығы капитанға бағынып, соның әмір-бұйрығын орындайды. Сол сияқты жанұя тіршілігінде әйелдің отағасына бойсұнып, тыңдап, құлақ асуы бақытқа бөлеп, бейбіт-тыныш өмірді қамтамасыз етеді.
Жанұядағы алауыздықтың, ер мен әйелдің әрқайсысының өз орындарын, отбасындағы өз міндеттерін, бір-бірінің алдындағы хақтарын ескермеудің және дініміздің қоғамдық өмірге арналған тәртібімен жүрмеудің салдарынан қаншама шаңырақтың шырқы бұзылып жатады. Соның бәрі отбасы үшін белгіленген Ислам тағлымдарына мойын бұрмаудың салдары.
материал «Ислам жанұясы» кітабынан алынды,
ummet.kz