Қыз да, жігіт те өскен сайын болашақ жарының, өмірлік жолдасының сипаттарын өзінше елестетіп, қиялдай бастайды. Алған тәрбиесіне байланысты бұл сипаттарға деген көзқарас әркімде әртүрлі болады.
Көбінесе жастар болашақ жарының сырт келбетіне, бойының ұзындығына, реңіне, көздерінің түсіне тағы басқа нәрселеріне мән беріп жатады.
Ал тағы біреулері болашақ жарының бай болуын, енді бірі атақ-абыройлы болуын қалайды. Негізінде, мұндай шарттарды талап етуге, сондай адамдарды қалап, іздеуге шариғат бойынша арнайы тыйым салынбаған. Дегенмен осы сипаттардың ең абзалы – дін. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Әйел адамға дүниесі, тегі, сұлулығы және діні үшін үйленеді. Ендеше, сен діндар әйелмен береке тап. Қолың топырақ болсын!» – деді», – деген.
«Қолың топырақ болсын!» дегені – «егер сен діндар әйелге үйленбей, басқасына үйленсең, онда зиянға ұшырап, кедейліктен қолдарың топыраққа жабысып қалсын!» деген мағынада айтылған сөз. Діндар әйел – көркем мінез-құлықты, салиқалы, иманды, игі әйел.
Демек, құда түсіп жатқан адамның мақсаты діндар әйелге үйленіп, игілікке қол жеткізу болуы керек. Егер діндарлығына қоса, дүниесі, беделі, сұлулығы сияқты тағы да басқа сипаттары болса, онда нұр үстіне нұр. Дүниесі, беделі, сұлулығы бар дінсіз әйелде береке жоқ. Иманы әлсіз, сұлу әйел өркөкірек, байлығы бар дінсіз әйел рақымсыз, мансабы бар дінсіз әйел тәкаппар болады. Ал діндар әйел мал-дүниесі асып-тасып жатса да, асқан сұлу болса да, беделді болса да, кішіпейіл, рақымды, көркем мінезді болып келеді.
Бұл сипаттар тек әйелге ғана емес, еркектерге де қатысты. Сондықтан құда түсіп келгенде, қыз жігіттің сұлулығына, дүниесіне, беделіне, мансабына алданып қалмай, алдымен оның діндарлығына қарауы керек. Ал қалған сипаттар діннен кейінгі орында тұрады. Діндар адам әйелін қорғап, онымен тату-тәтті өмір сүреді. Әйелінің кемшіліктеріне төзе біледі. Бұл – адам қасиеттерінің ішіндегі ең негізгісі. Мұндай адам әйелін жақсы көрсе, оны сыйлайды. Ұнатпаса, оған зұлымдық жасамайды. Әйелі бірге тұруды қаламай, ажыраспақшы болса, оны мәжбүрлікпен ұстап қалмайды. Жанұяда орын алған түсініспеушіліктің барлығын ақылмен, сабырмен, төзіммен шешуге тырысады.
Шындығында, жанұялық тіршілік қиындық пен жауапкершілікке толы. Адам өмірі, хал-жағдайы жиі өзгеріп отырады. Алайда отбасылық тұрмыс дүниеге негізделіп құрылса, қолдан мал-дүние кеткен күні хал-жағдайы не болмақ?! Егер адамның сұлулығы мен беделіне бола үйленсе, бетінен ажар, қолынан күш кеткен күні не болмақ?! Мұндай отбасының ерте ме, кеш пе шаңырағы шайқалары анық. Өйткені бұлардың тұрмысы тұрақты емес, уақытша нәрселерге негізделген. Тұрмыс құру мақсаты дінге негізделсе, оның қазығы мықты болары сөзсіз. Өйткені Ислам дініне келген адамның жүрегінде мықтап орнаған сенім болады. Олардың істері, сөздері, өзгелермен қарым-қатынастары да сол сенімге негізделеді. Діндар адамның әйел болса да, еркек болса да Алла Тағалаға молшылықта шүкіршілік, жоқшылықта сабыр қылатындығы баршаға аян. Ол айналасындағыларға бауырмалдықпен жақсы қарым-қатынас жасайды. Өмірлік жолдасымен опалы, адал тұрмыс кешеді.
материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,
ummet.kz