Ислам дініндегі ең маңызды құндылықтардың бірі – адал неке. Неке адамзат тарихында алғашқы адамнан, яғни Адам атамыздан бері жалғасып келеді. Неке немесе отбасы – адам баласы үшін өте-мөте қасиетті ұғым.
Өйткені отбасы – екі бірдей адамның екі дүниелік тағдырына қатысы бар нәрсе. Екі түрлі табиғаттағы екі адамның Алланың алдында, неке куәгерлерінің және екі жақтың туған-туыс, дос-жарандарының алдында өз қалаулары бойынша, бір-бірінің ризашылығымен тек бұл дүниеде ғана емес, арғы өмірде де бірге боламыз деп жария уәде беруін «неке» дейміз.
Неке адамдардың өмірлік тағдыры болғандықтан, онда міндетті түрде Алла тағаланың қалауы бар деген сөз. Ендеше, отбасын құрған адам ең алдымен оның Алла тағалаға, Ислам дініне қарайтын жағын еске алуы керек. Бұл жағын ескерген жан өз некелі жарын бір жыл, екі жыл немесе жиырма жылдық деп емес, қайтыс болған күніне дейін бұл өмірде, одан соң арғы өмірде серігім болады деп қабылдауы керек. Олай болса, үйлене салып ажырасу деген түсінік дұрыс емес. Бұрынғы ата-бабамызда ажырасу деген ұғым жоқ еді. Өйткені олар некенің осындай қадір-қасиетін жақсы түсінген. Ал бүгінгі жағдай баршамызға мәлім.
«Үйленер кезде байқамаппын, әйелімнің мінезі жаман екен, аяқ-қолы қисық екен, еріншектеу екен, сөздері дөрекі екен» немесе т.б. себептерді сылтауратып, ажыраса салуды оп-оңай санайтындар аз ұшыраспайды. «Күйеуім әйел секілді әр нәрсеге араласа береді, азық-түлігімді қамтамасыз ете алмайды, т.б.» деп әйел де жұлқынып шығады. Сонда Алла алдындағы ақ некенің қасиеті қайда қалды?
Ислам дінін біледі, иман келтіріп, намаз оқып жүр дегендердің өзі болмашы себептерге бола «әйеліме талақ бердім» деп жүргенін байқаймыз. Сонда Алла тағаланың жер бетіне орнатқан ұлы заңы бұлай ойнайтындай ойыншық болғаны ма? Бұл істердің бәрінің ертең сұрағы алынады. Бұл жақта ажырасу оңай, ал арғы жақта оның зардабы өте қиын. Сондықтан үйленем деп өз қалауыңмен бір кісіні өмірлік жар деп алдың ба, оның аяғы қисық түгіл, белі бүкір болса да, мінезі жаман болса да, шыдап өміріңнің соңына дейін баруың керек. Өйткені мұсылманның некесі аз ғана уақытқа емес, мәңгілік өмірге бір-ақ қиылады.
Адам қанша рет үйленсем де өзім білем дейтіндей қарбыз бақшасында жүрген жоқ қой. Әр қарбызды бір жарып, дәмі жаман екен деп тастай берсе не болады? Одан қалған жарылған қарбызды кім жемек? Бақшадағы әр гүлдің басын жұлып кете берген адам бақшаға қанша зиян келтіргенін ойлай ма? Сол секілді бір қызға үйлене салып, ажырасудың қоғам өміріне дәл сондай немесе одан да ауыр зияны бар. Ендеше, шыдай алмайсың ба, әу баста шаңырақ көтеруге асықпа. Өмірлік жар етем деген адамыңды жақсы танымайынша, үйленбе!
Ажырасудың жақсы қылық емес екенін мына бір мысалдан да анық аңғаруға болады. Бір адам жағдайымды дұрыстап алайын деп қандай да бір ұрлық жасаса, сөйтіп арам жолмен тапқан ақшасына қуанып, бала-шағасын асырап, өзінің көңілін көтеріп бір жасап қалуы ықтимал. Ал енді бұл қанша жерден қуанышты болғанымен, әу бастағы ұрлықты жақсы іс дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Міне, сол секілді әркім ажыраса салып үйлене берсе, қанша жерден қуанғанымен, түбінде ажырасу деген жақсы іс емес. Шариғатымызда ажырасу – Алланың рұқсат еткен істерінің ең жеккөрініштісі болып саналады. Мәселеге осы тұрғыдан қарауымыз қажет-ақ.
Расында да, неке – өте қастерлі ұғым. Ер мен әйелдің некесі болмаған жерде бүгінгі тіршілікті де елестету қиын. Некенің көптеген қырлары бар. Адамның көптеген қажеттіліктері неке арқылы өтеледі. Мәселен, бала сүйіп, артына ұрпақ қалдырғысы келген жан бұл мұратына тек неке арқылы ғана қол жеткізеді. Екінші жағынан, адам баласы бұл дүниеде жалғыз өмір сүре алмайды. Адамға серік керек. Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасады. Ал адамның күні адаммен, соның ішінде ердің күні әйелмен, әйелдің күні ерімен екені даусыз. Алайда қойдың отары, жылқының үйірінен адам жамағатының ерекшелігі сол – онда белгілі бір жүйе, белгілі бір заңдылық, талаптар бар. Міне, осы ұлы адамзаттық жамағаттың ең түпкі бөлігі отбасы болып табылады. Демек, бүкіл адамзат қауымы шағын отбасылардан құралған алып жанұя іспеттес.
Құранда айтылған Алла тағаланың барша адамдарды бір еркектен және бір әйелден тарататыны туралы аяттан осындай да мағына шығады. (Қараңыз: «Хужурат» сүресі, 13-аят).
Ендеше, отбасын құрып, шаңырақ көтерудің ең негізгі мәні дүние деген мына әлемге ұрпақ әкелу, адамзат нәсілін жалғастыру. Ендеше, арғы дүниедегі ұлы махшар алаңында жиналатын бүкіл өзекті жандар бір кездері бір ата, бір анадан өрбиді. Кейбіреулер әйел ер адамның тән қалауы үшін жаралған деп ойлауы да мүмкін. Әрине, мұны жоққа шығара алмаймыз. Алайда жанұя құрудың ең негізгі мәніне дәл мұндай биологиялық, физиологиялық немесе анатомиялық жағынан бұрын әлеуметтік тұрғыдан қараған жөн. Бұл қырынан келгенде, асыл дініміздегі халал, харамға, сенімге, туыстық қатынасқа, жалпы күнделікті өмірімізге қатысты қағидалардың көпшілігі отбасының айналасында екендігі анық.
Әркім отбасындағы өзіндік тыныс-тіршілігі арқылы өзгелерден ерекшеленеді. Бір адамның мұсылман отбасына жататындығы да оның осы саладағы өмірінен көрінеді. Мәселен, арақ, темекі, сыра, шошқаның еті, т.б. демей кез келген нәрсені талғамай ішіп-жей беретін, әурет жерлерім ашылып қалатын болды деп уайымдамай кез келген киімді кие салатын, өтірік, өсек яки жала екендігіне қарамай кез келген сөзді сөйлей салатын адамдарды ә дегеннен мұсылман отбасынан шықты деп бағалай алмаймыз. Өйткені бұл істер Ислам заңдарына қайшы. Ендеше, адамдар өзінің мұсылмандық сипатын сақтап қалу үшін отбасы мәселесінде де өте мұқият болғаны жөн.
Бұл айтылғандар ерлі-зайыптылардың үйлену арқылы қаншалықты ұлы іспен айналысып жүргенін байқатады. Неке мен отбасы осындай ұлы құндылық болғандықтан, лағынет атқыр шайтан әрдайым оны бұзуға әрекет жасайды.
Өйткені шайтанға не керек? Әркімнің әр жерде әупілдесіп, ұрысып, керісуі керек. Күштінің әлсізді жәбірлеп, езіп-жаншығаны қажет. Адамдар арасында мәңгілікке жалғасатын ерегестің болғаны керек. Олай болса, ойланып көрейікші. Бұл айтылғандар бізге қажет пе? Міне, мәселенің ең маңызды тұсы осы!
материал «Жанұя жарасымы» кітабынан алынды,
ummet.kz