«Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле...» – делінген («Исра» сүресі, 23-аят).
Ең әуелі аятта баланың ата-анасымен қандай қарым-қатынаста болып, оларға қалай сөйлеу керектігі көрсетілген. Перзенттің ата-анасына қарсы келуі, жекуі, ұрсуы, қол көтеруі, жүректеріне кірбің түсіруі, оларды жалғыз тастауы былай тұрсын, «үһ» деуіне де болмайды. Құран ата-анаға құрметсіздіктің ең өрескел түрін «үһ» деген сөзбен бейнелейді. Олардың алдында «үһ» деген сөзді айтудың өзіне тыйым салса, оларға қарсы сөз айтып, жекудің қаншалықты жиіркенішті екенін өіңіңіз-ақ пайымдай беріңіз.
Ата-анаға деген құрмет қоғамның да ұйытқысы болғандықтан Жаратушы Жаппар Иеміз Құранда бұған ерекше тоқталған. Сондықтан мұсылман пенде бұл мәселеге үстірт қарай алмайды. Алайда, дәл осы мәселеде тек қана діни және ұлттық тәрбиеден шеттеп қалғандар ғана емес, кейде өзін мұсылманмын деп, Исламның бүкіл құндылықтарын жан-жүрегіммен қабылдадым дегендердің өзі де қателікке ұрынып жататыны ащы шындық. Иман келтірген жан Жаратқан Иенің разылығына жетелейтін іс-әрекеттерді атқаруымен қатар, Оның разылық танытпаған амалдарын да жасап, жақсылық атаулыдан жұрдай болмауды да ескергені жөн. Бұл жөнінде мұсылман ойшылдарының бірі: «ХХ ғасырда елеусіз қалып, маңызсыз мәселелердің қатарына ысырылған құндылықтың бірі – ата-ана ақысы. Осы жайдың Батыста белең алуы қалыпты жайт деп қабылдасақ та, мұсылман әлемінде мұндай түсініктің орын алуы ақылға қонымсыз әрі таңқаларлық мәселе. Біріншіден, Құранда ата-ананы «уәлидәйн» деп бір сөзбен беріп, бір кісідей көрсетіп, олардың ақысын Алла мен Алла елшісінің ақысымен бір қатарда баяндайды. Сондықтан біздің мойнымызда осы ұмытылған немесе ұмыттырылған ақиқаттарымызды ұрпағымыздың қайтадан есіне түсіру міндеті тұр. Әсіресе білім беру саласында жүргендердің бәрінің бұл міндетті қоса атқарулары тиіс.
Бүгінде Ислам діні үшін өмірлік маңызы бар мәселелермен шұғылданып жүрмін деп, ата-ана ақысына немқұрайдылықпен қарайтын жандар да кездеседі. Бұл аса қауіпті қателік. Тіпті мұның дұрыс еместігін білмейтіндер немесе оны дұрыс емес деп қабылдамайтындар хақ жолдан тайып бара жатқандарын да сезбейді», – дейді.
Кейбір жастар ата-анаға ақша жағынан қарасуды перзенттік борышын өтегендік деп біледі. Ал ата-ананың перзентінен күтетіні тек қана материалдық көмек пе? Өзіңнің күйбең тіршілігіңнің арасында ата-анаңа уақыт бөліп, жанына жиі барып, хал-жағдайын біліп, қасында отырып әңгімелессең, бала-шағаңды ертіп барып, бастарынан иіскетіп, көңілін көншітсең, келінінің демдеген қою шайын ұсынып, мерейлендірсең, ата-анаң Аллаға шүкіршілігін айтпай ма? Оның қазіргі бар арманы осы емес пе? Осы қызықты одан кем көріп, ат-ізін салмай кететін, сарғайтып, жолын тостыратын жастарға не деуге болады? Әлпештеп өсірген баласы қайырымсыз боп, тірідей суынып кеткен перзентін бір көруге зар болған әке-шешені не деп жұбатуға болады? «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» – деген сөз осындайда айтылса керек.
материал «Жанұя жарасымы» кітабынан алынды,
ummet.kz