11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Баланы ұруға бола ма? Шариғаттың үкімі қандай?

Баланы ұруға бола ма? Шариғаттың үкімі қандай?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) балаларын ұрмайтын. Бұл жайында, жұбайы Айша анамыз былай дейді:

«Алла елшісі ешкімді ешқашан қолымен ұрған емес. Не әйелді ұрған емес, не қызметшіні ұрған емес...»[1].  

Ол балаларын махаббатпен, даналықпен тәрбиеледі. Балаларына мейірімін төгіп, оларға деген сүйіспеншілігін жасырмайтын. Бір кезінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) әл-Ақраъ ибн Хабис әт-Тәмими есімді бір кісімен отырғанда немересі Хасанды сүйеді. Сонда қасындағы әл-Ақраъ: «Менің он балам бар. Бірде-біреуін сүйген емеспін» дейді. Пайғамбарымыз оған қарайды да: «Кім мейірім көрсетпесе, мейірім көрмейді» деп айтады[2].

Тағы басқа бір хадисте Айша анамыз былай деп әңгімелейді:

«Бір топ бәдәуи арабтары Алла елшісіне келіп: «Сендер сәбилеріңді сүйесіңдер ме?», - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Иә» деп жауап береді. Олар: «Бірақ, біз, уаллаһи, сүймейміз», - деді. Сонда Алла елшісі оларға: «Алла сенің жүрегіңнен мейірімділікті алып қойған болса, мен не істей аламын?!», - деп айтты»[3].

Деректерге қарағанда, Алла елшісі (с.а.у.) мешітте Хутба оқып тұрған сәтінде екі кішкене немересі Хасан мен Хусейн келеді. Үстеріндегі қызыл көйлекке аяқтары шалынып жүріп келе жатады. Ол екеуін көре салысымен ардақты Пайғамбарымыз мінберден түседі де, екеуін көтеріп алып алдына отырғызып қояды. Сосын былай дейді: «Алла және Оның елшісі рас айтты. Шындығында, мал-мүліктерің мен балаларың сендерге сынақ. Мен аяқтары көйлектеріне шалынып келе жатқан мына екі сәбиді көрісімен шыдай алмай сөзімді бөліп, ол екеуін көтеріп алдым», - деді[4].

Осы секілді Алла елшісінің балаларына деген махаббатын паш етер мәліметтер баршылық. Ал, керісінше бала ұруға қатысты айтылған хадис бірен-саран ғана. Соның ішінде ең әйгілісі сахаба Амр ибн Астан риуаят етілген мына хадис. Онда пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм былай деген:

«Балаларыңа жеті жасында намазды бұйырыңдар. Он жасында егер оқымаса, ұрыңдар. Және (осы жаста) оларды төсектерінде араларын бөліңдер (яғни, бір-бірінен бөлек жатқызыңдар)»[5].

Аталмыш хадистен түсінетініміздей, кейде бала тым еркелікке басып, айтқан ақылға құлақ аспай, жаман қылықтарға бой алдырып жататын кездері болады. Ондай кезде тәрбиелеу мақсатында ата-анасы боланы ұруына құқылы екен. Онда да, жанына батырып, зақым келтірердей ұру – күнә. Сондай-ақ, бірден қол ала жүгіру де әбестік. Алдымен жай сөзбен айтады. Оған құлақ аспаса қатаң дауыспен, ұрысып айтады. Оған да көнбей жатса ғана жансыз жерінен бопсалап қоюға рұқсат.

Ескілікті Ислам ғұламалары аталмыш хадистегі «ұру» сөзіне түсініктеме беру барысында өте нәзік мәселеге назар аудартқан. Олар: «Ауыр соққымен емес, жұмсақ ұру керек. Өйткені, бұндағы мақсат - баланы жазалау емес, тәрбиелеу», - деген. Өкінішке орай, қазіргі таңда кей ата-аналар кішкене балаларын сабап, аяусыз ұрып-соғып, жазалап жатады. Бұл - Исламда ауыр күнә.  Баланы жазаламау керек. Баланы тәрбиелеу керек екен. Екеуінің арасы жер мен көктей.

Бұнымен қатар, Ханафи ғұламалары үштен көп ұруға болмайды деген. Және таяқ, қамшы т.б. сияқты қатты затпен емес, жұмсақ тиер қолдың алақанымен ғана[6].    

Қанша жастан ұруға болады?

Дін мамандарының айтуынша, хадистегі «он жас», ол - діни бұйрықтарды орындауға қатысты. Ал, одан өзге жағдайларда ес кіріп, әкенің айтқанын тыңдайтындай жасқа жеткен шақты айтсақ болады. Бұл - шамамен 5-7 жас болса керек. Ал, буыны қатаймаған кішкене сәбиді ұрмақ түгілі, оған айқалап сөйлеудің өзі орынсыз.

Демек, есі кірген балаға оғаш әрекеті үшін алдымен жай сөзбен түсіндіру керек. Ол болмаса, ұрысып, қатаң ескерту жасалады. Оған да тыйылмаса, ата-анасы жансыз жерінен бір-екі (ең көп үш) рет жеңіл-желпі ұрып, тәртіпке салып қоюына болады.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

 

[1] Сахих Мүслім: Китабуль Фазаил - №2328 хадис.
[2] Сахих Бұхари: Китабуль әдәб - №5651.
[3] Сахих Мүслім: Китабуль Фазаил - №4288
[4] Имам Ахмедтің мүснәді - №22486 хадис.; әл-Байхақи – Китабул Жумъа - №5683
[5] Әбу Дәуід: Сүнән.; Ахмад: Мүснәд. Сахих.
[6] Ибн Ғабидин: Раддуль Мұқтар – 9/616. Тәбиғуль Ижәра.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: