Бұл Ибраһимнің (оған Алланың сәлемі болсын) әйелі және Исхақтың (оған Алланың сәлемі болсын) анасы.
Құранда оның періштелермен сөйлескені, періштелер оған: «Сен Алланың мейірімінің бастауы және барлық отбасының берекесісің» деп айтқаны баяндалады. Хадистердің бірінде оның тақуалығы мен дұғасының қабыл болатындығы баяндалған. Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) Сирия жаққа көшкенде, ол оның соңынан ерді. Жолда оларға зұлым патшаның керуені кездесті. Зұлым патшаға біреу оның қарамағына сұлу әйелдің келгенін жеткізді.
Ол Ибраһимге (оған Алланың сәлемі болсын)адам жіберіп: «Сенімен бірге жүрген бұл әйел кім?» деп сұрады. Ол: «Менің діндегі қарындасым» деп жауап берді. Ол әйелім деп айтпады, өйткені ондай жағдайда патша оны өлтіретін еді.
Ол Сараға (оған Алланың сәлемі болсын) қайтып келгенде, оған: «(Патшаға айтқанымды жоққа шығарма, өйткені сен менің діндегі қарындасымсың» деді. Осыдан кейін патша оны ұстап алып, өзіне алып келуін бұйырады.
Сара (оған Алланың сәлемі болсын) патшаның зұлым ниеті бар екенін түсінгенде, дәрет алып, намаз оқып, Аллаға: «Уа, Алла! Егер мен сенің пайғамбарыңа (яғни, Ибраһимге) иман келтіріп, ар-намысымды сақтаған болсам, онда бұл кәпірдің маған үстемдік етуіне жол берме» деп дұға етті. Осы дұғаның нәтижесінде оған қолын тигізбек болған сәтте Алланың қалауымен тұншығып, қақалып, азаптан аяғымен жерді теуіп қалады.
Патша оған: «Мен үшін Аллаға дұға ет, мен саған зиян келтірмеймін» деді. Сара (оған Алланың сәлемі болсын) өз ішінен ойлады, егер патша көз жұмса, халық мен өлтірді деп айыптайды. Сол себепті ол дұға жасайды және патшаның тұншыққаны тоқтайды. Патша қайтадан қолын тигізбек болды, бірақ Сара (оған Алланың сәлемі болсын) қайтадан дұға етті (және ол қайтадан сескеніп қалды). Ол өзінің сөз бергенін қайталады, бірақ қайта сөзінде тұрмады. Сосын тағы бір дұға оқылды. Жалпы, бұл жәйт үш рет қайталанды.
Содан кейін ол қызметшілеріне айқайлады: «Маған қандай пәле әкелгенсіңдер? Оны алып кетіңдер де, босатып жіберіңдер». Сондай-ақ ол копт тайпасынан шыққан Ажарды (оған Алланың сәлемі болсын) тұтқынға алған болатын. Алла Тағала оның да абыройын қорғады. Патша оны Сараға қызметші етіп тапсырды. Екеуі де Ибраһимге (оған Алланың сәлемі болсын) абыроймен оралды.
Сабақ: Уа, нәзік жан! Тақуалық қандай ұлы қасиет және Алла мұндай адамдарды қалай қорғайды, қараңызшы. Сондай-ақ осыдан намаздың қиыншылықтарды кетіретінін, ізгі дұғаның қабыл болатынын да түсінеміз. Кез келген қиындыққа тап болған адам дереу нәпіл намазы мен дұғасын орындауға бет бұруы керек.
материал ««Жәннаттың асылдары»» кітабынан алынды,
ummet.kz