07
Жұма,
Ақпан

һижри

Сыйластықтан асқан махаббат жоқ

Сыйластықтан асқан махаббат жоқ

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасы – нағыз шабыт беретін орта. Соның ішінде әйел нағыз мотивацияның өзі. Бір өзі жетеді. Сіз ортада әлі балаңыз болмай тұрып, әйеліңізбен жақсы қарым-қатынас орнатқан күннен бастап, қалай жұмысты екі есе көп істеп, көп табыс табуға деген ниеттің ашылғанын білмей қаласыз.

Балаңыз дүниеге келген кезде мотивация іздемейсіз, екеуі екі жақтан сізге жәутеңдеп қарап отырғанда, жұмыс қайда деп есіктен шығып кете берсіз. Әйел адам дұрыс сөйлесе білсе, аяққа оралға проблема емес. Ол проблеманы шешуге көмектесе алатын, кішкентай жолдарын ұсына отырып, сіздің миыңыздағы шешілмей жатқан мәселенің басқа бір жолын ұсынатын адам. Біздің (ерлер) ми кейде үлке кеңістікті шарлап кетеді де, мұрын астындағы мүмкіндікті көрмей қалады. Сол кезде сол мүмкіндікті көрсетететін әйеліңіз бар. Тек әйелдің ақыл айтуына, кеңес ұсынуына жағдай жасау керек. Оның ауызын жауып тастап, әр нәрседен тыйып отырғаннан ешкім ештеңе ұтпайды.

Сіздер бір-біріңізді тұлға ретінде қабылдап, түсіне бастаған кезде, бір бүтін ғана емес, бірбіріңізге сын көзбен қарап, баға беретін деңгейге жетесіздер. Бұл жағдайда әйел еріне, ері әйеліне қателескен жерін, көрмей қалған нәрсесін айтады. Сырттан сырт көз іздегенше, әйеліңізден сұраған абзалырақ. Достық жылатып, дұшпан күлдіріп айтады ғой. Ендеше әйеліңіз, намысты жанып тұрып айтуы мүмкін.

Тыңдай біліңіз. Қыз бен жігіт кезде гүл алып, сыйлық алып, мейрамхана аралап жүріп, үй болғаннан кейін жігіт гүл алуды, сыйлық алуды тоқтады немесе азаяды. Бұл да сол қалыптасып кеткен бейсаналы ойлардың, іштегі комплекстердің, о бастағы орталардың әсерінен туындаған. Негізінде әйелге үй болғаннан кейін сыйлық жасаудың, сүйіспеншілік көрсетудің ләззаты өз алдына. Мәселен, үй болғанға дейін бір дана шоколад әкелуді кейде тым арзан нәрсе болар, қыздан ұят қой деп қабылдайтынмын. Үйленіп, үй болғаннан кейін дәл осы экспериментті бейсаналы түрде жасап көрдім. Жай ғана бір апта кешке тоқтатпай шоколад әкеліп отырдым. Бағасы қымбат емес. Тек әйелім күн сайын әлгі шоколадты күнде жаңадан көріп жатқандай, мүлде сыйлық алмай кетіп, енді алып тұрғандай іштегі сезімін ашық білдіреді.

Білесіздер ме, одан мен де қуат аламын. Кейін сол сыйға сүйіспеншілікті қостым. Үйден шыққанда және кіргенде маңдайынан иіскеу, бетінен сүю дегендер пайда болды. Мен әйелімнің көз алдымда қалай құлпырғанын көрдім. Сыйлық пен сүйіспеншілікті тек ер адам ғана білдірмейді. Иә, ол да тең нәрсе. Әйелінің де еріне деген сый жасауы, сүйіспеншілігі көп рөл ойнайды. Тіпті жүрегі тас боп қалған адамның өзін сүйіспеншілік, шынайы жүректен шыққан сөз, шағын болса да, шынайы көңілмен берілген сый құтқарады.

Тіпті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өзі әйелдерін еркелетіп шақырып, оларға өте жақсы қарым-қатынас жасайтын болған. Олардың ішкен ыдысынан да тамақ ішіп, олармен бірге жарысып, ойын ойнайтын болған.

Міне, бұл қарапайым ғана отбасы ішінде жазылмаған, шынайы әрі сүйіспеншілікке толы заң. Дәл осы заңды ұстануды қиындатып жіберген өзіміз. Ортамыздағы арзан әңгіме. Сырт көзден болатын әңгімеме ілесіп кету. Сенбей жатып, шешім шығарып, бәрін тек ашумен, ұрумен, ұрсумен шешу. Әйеліңізге деген сүйіспеншіліктен, сый жасаудан еш жеріңіз кеміп, абыройыңыз түсіп, билігіңіз кетіп қалмайды. Керісінше, нығаяды. Дәл сол секілді еріңізге жасаған сыйдан, сүйіспеншіліктен сіздің де сұлулығыңыз одан әрі әрленіп, жан дүниеңіз таза болады. Шама келсе, жұмыстан қайтқанда әйелдеріңізге кішкентай сый алуды ұмытпаңыз. Бұл отбасындағы берекені берік қылады...

материал «Сана биігінде жолығу» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: