Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисінде бізге Ислам үкімдерін бұлжытпай орындап, ең жақсы мүміндерден үлгі алып жүрген адам үйіне қонған мейманға құрмет көрсетуге және оған жақсылық жасауға міндетті екендігін түсіндіреді.
Бұл оның Алла Тағалаға деген сенімінің кемелдігін, Оған деген үмітінің шынайылығын және дін үкімдерін өз дәрежесінде ұстанатындығын айғақтайды. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, мейманына құрмет көрсетсін», – деген.
Қонақжайлылық міндет пе, әлде ерікті жақсылық істеу ме? Меймандостық – Исламда сақталатын әдептілік ережелері мен құрметке лайықты адамгершілік қасиеттерінің бірі, сондай-ақ бұл – пайғамбарлар мен игі жақсылардың (тақуалардың) қасиеті. Бұл үй иесінің жомарттығы мен жақсылығының көрінісі ме әлде мейманның заңды құқығы ма?
Бұл мәселеде ғұламалардың пікірлері түрліше: Имам Ахмад және әл-Ләйс: «Бұл – бір күн және бір түн бойы орындайтын үй иесінің міндеті», – деп есептейді. Олар өз сөздеріне Пайғамбардың (с.а.с.): «Әрбір мұсылман (бір) түн меймандостық көрсетуге міндетті», – деген хадисін дәлел етеді.
Уқба ибн Амир (Алла оған разы болсын): «(Бір күні) біз (Алла елшісіне (с.а.с.)): «Уа, Алланың елшісі! Сен бізді жұмсайсың, ал біз меймандостық меймандостық жасамайтын адамдардың үйлеріне тоқтаймыз. Бұл туралы сіз не айтасыз?» – дедік. Алла елшісі (с.а.с.): «Егер бір үйге тоқтасаңдар және олар сендерге мейманға тиістіні бұйырса, оны қабылдаңдар, егер бұлай етпесе, олардан мейманға тиістіні өздерің алыңдар», – деді», – деген.
Сондай-ақ олар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «мейманына құрмет көрсетсін» деген хадисіне сүйенген, өйткені бұл – бұйрық, ал бұйрық орындалуға міндетті. Кеңірек тараған пікір адамгершілік қасиеттерінің бірі ретінде меймандостық жасау, бұл міндет (парыз) емес, бұл жақсы (нәрсе) дегенге саяды, өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.): «құрметтесін», – деген. Бұл хадистің басқа риуаятында: «жақсылық жасасын», – делінген.
Сонымен бұл екі жағдайдың екеуінде де қонақжайлылықтың міндетті (парыз) екендігі туралы айтылмайды, өйткені құрмет көрсету және жақсылық жасау тақуалық пен адамгершілік қасиетке байланысты қонақ күтушінің еркімен жасалады.
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz