Балаға жақсы тәрбие беру туралы Пайғамбарымыздң (с.а.с.) мынадай өсиет-хадистері бар:
Табаранидің Мұғжамында Жәбір ибн Сумрадан жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.): «Біреулеріңнің баласына әдеп үйретуі оған әрбір күні жарты сағ (бір уыс бидай не құрма) садақа бергенінен артық», – деген.
Хакимнің Ибн Аббастан риуаят еткен хадисінде Пайғамбар (с.а.с.): «Сәбилеріңнің алғашқы сөзін «Лә иләһә иллалламен» ашыңдар әрі өлер кезінде оларға «Лә иләһә иллалланы» айтқызыңдар», – деген.
Имам Ахметтің Муснәд және Әбу Дәуіттің Сүнән кітаптарында Амр ибн Шұғайыптың әкесінен, әкесі атасынан риуаят еткен хадисінде Алланың елшісі (с.а.с.): «Балаларыңа жеті жастан намаз оқуға бұйырыңдар, ал он жаста ұрып оқытыңдар да төсектерін бөлектеңдер», – деген.
Байһақидің Әбу Сағид пен Ибн Аббастан жеткізген риуаятында Алланың елшісі (с.а.с.): «Кімнің баласы туылса оның есімін жақсы қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса (яғни, зинақорлыққа барса) оның күнәсі әкесіне», – деген.
Алланың Елшісі (с.а.с.): «Әкенің баланың алдындағы міндеті: жазу-сызуды, жүзуді және садақ атуды үйрету әрі жақсы етіп тәрбиелеу», – деген. Бәйһақи риуаят еткен.
Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында Құранды көтергендер (жаттағандар) ешқандай көлеңке болмайтын күні (Қиямет күні) Алланың Аршысының көлеңкесінде болады». (Табарани риуаяты).
Басқа риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Балаларыңа жүзуді, садақ атуды, ал әйел баласына тоқуды үйретіңдер», – деген. Бәйһақи риуаят еткен.
Пайғамбар (с.ғ.с.) Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта былай дейді: «Шежірелеріңнен туыстық қатынастарыңды жалғайтын нәрселерді үйреніңдер. Шындығында, туыстық қатынасты жалғау әулетке сүйіспеншілік, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі» (имам Ахмад, Тирмизи).
Пайғамбар (с.а.с.) араб тайпаларының шежіресін жақсы білген. Сондай-ақ, ардақты сахабасы Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) шежіренің білгірі болған.
материал «Бала тәрбиесі бесіктен басталады» кітабынан алынды,
ummet.kz