Неке қиылып, əзірет Алидің «хатмия» деп аталатын сауытынан түскен 480 дирһам күміспен тойға дайындық басталды. Келінге тойға қажетті хош иістерді сатып алу Білəлге тапсырылды.
Хабаштық Білəл, қара Білəл, Меккенің гүлі, Қағбаның бұлбұлы Білəл! Пайғамбарымызға алғашқы сенген жетеудің бірі болған Білəл! Қатыгез Үмəйя оның мойнына жіп байлап, Меккенің көшелерін аралап жүргенде, ыстық құмға жатқызып үстінде ауыр тастар қойып азаптап жатқанда, қара Білəл «Алла бір!» деп ыңырсып, жұмақта өзіне ең жақсы орындарды дайындап жатқан еді.
Міне, осы Білəл енді əзірет Фатиманың тойына хош иіс алуы керек. Ал адал дос, жан дос əзірет Əбу Бəкірге жас жұбайлардың той жəне үй шығындарын, заттарын түгелдеу ісі тапсырылды.
Үммі Айман – Пайғамбарымыздың «Анамдай болған жан» деп сипаттаған бала күтушісі. Əзірет Фатиманың да күтушісі əрі сырласы... Ол да əбігер болып, үлкен жасына, ауырған аяғына қарамастан жүгіріп жүрді...
Жақында ғана тұрмыс құрған əзірет Айша мен мүміндердің аналарынан Үммі Сəлəмə болса, жас жұбайлардың той бөлмесін реттеп, сəндеумен шұғылданды... Қалыңдық мінген түйені жетектеп жаңа үйіне əкелуші – Сəлман Фариси...
Барлығы дерлік əйтеуір бір үлесім тисе екен деп жүгіріп жүріп қызмет жасады. Алла елшісі неке қиылған соң, əзірет Алиге: «Уа, Али, енді бір той тағамын беруің керек», – деді. Əзірет Али дереу орнынан тұрып іске кіріседі. Ең алдымен еш уақыт жоғалтпастан базарға барады. Аз-аздан құрма, май, сүзбе алады. Құрма мен сары майды араластырып өзі илейді. Сосын көпшіліктің ұсынысымен «кеш» деп аталатын сүзбе қатықпен араластырады. Бұл тағам «харс» деп аталады. Білəл раушан гүлінің суына езген балдан шəрбат дайындайды. Сағд ибн Мұғаз айтады: «Менің бір қошқарым бар еді. Алла елшісі Алиге той тамағын беруді бұйырғанда дереу барып, қошқарды əкелдім. Тамаққа соны сойдық. Ансарлық бір топ сахаба тары əкелді. Тамақ дайын болған соң, барлығы тоя жеді» деген.
Əсма бинт Үмайс: «Той тамағы берілетін кезде, Алла елшісі қасыма келіп, біршама құрма мен кепкен жүзім беріп: «Ансар əйелдері қасыңа келгенде, оларға осы тағамдардан бер», – деді», – деген.
Əзірет Айша мен Үммі Сəлəмə аналарымыз той жайлы: «Фатима үйленетін кезде, Алла елшісі бізден Фатиманың жасауын дайындауды жəне үйленгенге дейін оған көмектесуімізді сұрады. Біз дереу Фатиманың келін болып түсетін үйіне бардық. Үлкендеу жерге жұмсақ топырақ төседік. Екі қолдың бойындай талшықты матаға салып, қолмен ішін нығыздап бастырдық. Кейінірек той күні əйелдер бір жерге жиналды. Солармен бірге құрма мен кепкен жүзім жедік.
Тəтті сусындар іштік. Той біткен соң тұрып, Фатимаға үйдің бір бұрышында киініп, дайындалуына жəне шығарда үстіне шашу шашуға көмектестік. Фатиманың тойынан асқан той көрмедік» (Нəсаи, Никах, 24), – деген.
Алла елшісінің қызының тойын естіп, келмей қалған ешкім болмады. Тойдың асы дайын болуға жақын еді. Бірақ осындай аз асты барлығына қалай жеткізеді?
Ардақты Пайғамбарымыз қонақтардың дастарханға он-оннан кезектесіп отыруын сұрады. Пайғамбарымыздың дұғасымен береке кірген ас барлығына жетіп, тіпті артылып қалады. Əзірет Фатима мен əзірет Алидің бұдан кейінгі өмірі де осылай берекелі болды...
материал «Фатима (р.а) анамыздың өмірі» кітабынан алынды,
ummet.kz