21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Күйеуіңізге мына салиқалы бес сөзді күн сайын айтып тұрыңыз

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Ерлер ғана жан жарына жылы сөз айтып, еркелетіп отыруы керек» деген тұжырымды ысырып тастап, өз күйеуіңізге қуаныш сыйлап көріңіз. Өйткені ер азамат та өз жарынан үлкен қолдау күтеді. Ендеше мына салиқалы бес сөзді күйеуіңізге күн сайын айтып тұруды әдетке айналдырыңыз.

♥ Сен – азаматсың, сенің айтқаның дұрыс!

Ешбір еркек әйелдің қазаны мен ошағына, үтігі мен кешкі-түскі асына үйленбейді және ешбір әйел еркектің жұмысы мен көлігіне, ақшасы мен мансабына тұрмысқа шықпайды. Алла Тағала олардың отау көтерудегі мақсатын айқындап берген: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят). Отбасында ер адамның сөзі кез-келген мәселенің нүктесін қойса, азаматтың өз-өзіне деген сенімділігі ұлғая түседі. Егер ол айтқан кеңес кәдеңізге жараса, оны міндетті түрде айтыңыз. «Сенің арқаңда мына мәселем оң шешімін тапты, сен айтқандай істеп едім, дұрыс жасаппын», – дегенді айтқаныңыз жөн. Егер оның сөзі мен сіздің сөзіңіз бір жерден шықпаса, аптықпаңыз. Оның да жөнді шешімі бар. «Сенің айтып отырғаның дұрыс қой, бірақ» деп басталған әңгімеңіз оған жақсы әсер етпек.

♥ Бәрі үшін рақмет саған!

Ер мен әйел үнемі «Алла берген сүйіспеншілік, мейірім-жанашырлықты қалай сақтап қаламыз?», «Жарымның тыныштық, тыным табуы үшін не істей аламын?» деген сауалдарға жауап іздеп, тапқанын амалына асыра алғанда ғана отбасы баянды болмақ. Ешқашан «сенен жамандық көрдім», «сен маған не жақсылық жасап едің?» деген сөздерді айтпаңыз. Өйткені ер азаматтың жаныңызда жүргенінің өзі – сізге үлкен тіреу. Адамның жаратылысы сондай, ол жақсылыққа қарағанда, жаман нәрсені көп байқайды. Бірақ бір сәт ойланып көріңізші. Сіз сүйген жанның махаббатының өзі неге тұрады?

♥ Сенімен бірге бақыттымын!

Еркектер мақтауды сүйетін қауым. Мақтауға малынған еркек алға жылжиды. Одан да жақсысын жасауға талпынады. Сіз білесіз бе, шариғатымыз ер мен әйелге араларын жақындастыру мақсатында осындай әдістерге баруға рұқсат берген. Сол себепті әйелдердің күн сайын (олай болса да, болмаса да): «Сен әлемдегі ең керемет күйеусің!», «Әлемдегі барлық әйелдің күйеуі сен сияқты болса, ешкім де бақытсыз болмас еді!», «Сен Алланың маған берген ең үлкен бақытысың!», «Сенсіз өмір сүре алмайтындаймын» деген сөздерді айтып тұрғаны жақсы.  Жақсы сөздер айтып, ер азаматтың еңсесін көтеріп жүрсеңіз, ол да сіздің қолдауыңызды сезінетін болады. Ал үнемі қабағыңызды шытып, бір нәрсеге көңіліңіз толмаса, оған қатты-қатты сөздер айтумен болсаңыз, ол да «тағы не айтып қалар екен?» деп төменшектеп жүреді. Сондықтан атам қазақ «жаман әйел жақсы еркекті көрге сүйрейді, жақсы әйел жаман еркекті төрге сүйрейді» деп айтып кеткен.

♥ Сенің қолыңнан келеді!

Күйеуіңізге ол жоқ кезде үйдің қараңғы, судың дәмсіз, өмірдің көңілсіз екендігін жиі айтып тұрыңыз. Ер адам сезімін, көңіл-күйін үнемі ішінде жасырады. Көп сөйлемейді, ішінде не жатқанын білмейсің. Оған жиі-жиі «сенің қолыңнан келеді!», «сен жетістікке жетесің!» деп демеу беріп отырсаңыз, кез-келген қиындығы жеңілдей түспек. «Сізді Алла панасына алсын!» деп дұғамен шығарып салып, балалармен бірге қарсы алып, құрмет көрсету кез келген еркекті қуантады. Ал сізге Алла мен Оның Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күйеуіңді разы етсең – мәңгілікке жәннаттық боласың деп уәде беріп қойды. Жәннат – арзан тауар емес. Мұны түсінген әйел күйеуінің есіктен кірген сәтін «мейрам» секілді қабылдап, «Жәннатым кіріп келеді» деп қуана алады деп ойлаймыз.

♥ Маған сенің ақылың керек!

Ақылдасып жасаған әрбір істе береке бар. Алла қосқан қосағыңызға «маған сенің ақылың керек» деген сөзді жүрегіңізбен жеткізе біліңіз. Бұлай айту арқылы сіз оның пікірінің құнды екенін көрсетесіз. Ол өз кезегінде сізге бұрыс жол сілтемейтіні анық. Көп әйелдің қателігі сол, «менің айтқаным дұрыс», «мен не десем, сол болуы керек» деген оймен күйеуінің кеудесінен басады. Бұл – ер мен әйелдің арасына салқындық салатынын ұмытпаңыз. Сіз барлығын керісінше жасаңыз да, салиқалы әйел атаныңыз. Себебі, әйел салиқалы болса, отбасы түзеледі. Отбасы түзелсе, ел түзеледі. Ел түзелсе, имандылық, ізгілік, қайырымдылық, жанашырлық, адамгершілік секілді құндылықтар салтанат құрады. Имандылық салтанат құрған қоғамның берекесі мен бірлігі, жақсылығы артады. Жақсылығы артқан ел бақытты өмір сүреді.

ummet.kz

Бөлісу: