Ата-ананың қадірін білмеген, халықтың қадірін білмес. (Ғ. Мұстафин)
Алдымен имандылық дегеніміз не? Мағынасына үңілсек. Бұл араб тілінде - الإيمان - «әл-Иман» деген сөз, қазақша «сенім», «наным» деген мағынаны білдіреді. Шарғи мағынасы иман келтіру, илану, Алланың жалғыз екендігіне, Оның пайғамбарларына, түсірілген кітаптарына т.б ақиқатқа шынайы сену болып табылады. Аллаға және Оның Пайғамбарларына иман келтіру дегеніміз Құран аяттары мен Алла Елшісінің сөздеріне бойұсыну дегенге саяды. Сонда айтылған әмірлер мен тыйымдарды шүбәсіз орындау имандылықтың белгісі екендігін аңғартады. Иман арқылы адам өз Жаратушысын, не үшін жаратылғандығын, жақсылық пен жамандықты ажырата білетіні хақ. Ал, жақсы мен жаманды ажырата білген адам кімге болса да қиянат жасамасы анық. Сондықтан халқымыз тәрбиелі, инабатты да ибалы, адамгершілігі мол кең пейілді жандарды «иманы жүзіне үйірілген» әдепті кісі екен деп жатады.
Ал, әке-шешеге деген жақсылықтың дініміздегі орны иманнан кейін келетін маңызды мәселе десек жаңсақ айтқан болмаймыз. Құран Кәрімде ата-анаға деген мейірімділіктің Аллаға ортақ қоспай, оның жалғыз екендігіне шақырған әмірден кейін келіп отыратынын көреміз. Мысалы Ниса сүресінде «Бір Аллаға құлшылық етіп, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар,» (Ниса сүресі, 38) – деп бұйырады.
Сондай-ақ, Құранда Лұқман Хакімнің өз ұлына жаратушы Хақ Тағалаға серік қосуға тыйым салғаны айтылады: «Бірде Лұқман ұлына: Балам Аллаға серік қоспа!Біле білсең, Оған серік қосу ең үлкен қиянат!» - деп насихат айтты». Ал, келесі аятта Раббымыз өз құлдарына былайша әмір етеді: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше: (Уа адам баласы!) Маған ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)». Алғашқы аятта Раббымыз адам баласына Өзіне серік қосуға Лұқманның тілімен тыйым салса, келесі аятта өз құлдарына әке-шешеге мейірімділік пен қамқорлық етуді бұйырады.
Ата-анаға қамқорлық ету, үнемі жақсылық жасап, қайырымдылық көрсету пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадистер мен сүннетерінде де баяндалған. Абдулла ибн Масғуд (р.а) былай дейді: «Алла Елшісінен (с.ғ.с.): Аллаға ең сүйікті болған қандай іс? - деп сұрадым. Ол: Уақытында орындалған намаз, - деді. Мен: Содан соң қандай іс? – деп сұрадым. Ол: Ата-анаға қайырымдылық, - деді. Мен тағы: Одан кейін қандай іс? – дедім. Ол: Алла жолында күш жұмсау. – деді». (Бухари, Муслим) Бұл хадистен түсінетініміз; ең бастысы Алла Тағаланың хақтарын өтеу яғни Оның бір екендігіне шын жүректен куәлік етіп, Оның разылығын қалап, әміріне бойұсынып, бес уақыт намазды өтеу. Ал, адамдар хақын орындаудың ең абзалы – ата-анаға қамқорлық көрсетіп, қарайласу, жақсы мәміле жасау.
«Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, оның алдындағы перзенттік қарызыңды өтей алмайсың» деген ұлағатты сөз халық арасында кең таралған. Осы бір ауыз сөздің өзінен-ақ, ата-анаға деген сый-құрметтің Ислам тұрғысында өте жоғары екендігін аңғаруға болады.
Ата-анамызға лайықты ізет көрсетіп, Алла әмірлерін орындайтын, иманы толық Алланың сүйікті құлдарының қатарынан табылайық.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Раббың бір Өзіне ғана ғибадат етуді, әке-шешеге барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті: «Түу» деп те кеюші болма, сондай-ақ, оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!» - деген. Осы аятпен амал етіп, иман келтірген түрде ата-анамызға кейіс білдірмей, керісінше сый көрсетіп жатсақ имандылық әдептерінің бірін жүзеге асырған болар едік. Себебі имансыздықтың қоғамға да, қоршаған ортаға да тигізер кері әсері өте зор.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ақырзаман жайлы айтылған хадистеріне сүйенер болсақ, қашан имандылық жоғалып, жамандықтар саны артқан сәтте ақырзаманның таяп қалғанын біле беріндер дейді. Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят етілген бір хадисте, Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Қашан иман жоғалатын болса, Қиямет сағатының соғуын күте бер,» - деген.
Иман – фәни дүниедегі ризығымыз, ақыреттегі жемісіміз. Иман арқылы Алланы танып, мейіріміне бөленеміз. Бұл жалған дүниеде иманымыз толық болмаса, онда мәңгілік жәннат мекенге бағыт алуымыз оңайға соқпасы анық. Ал, ата-ананың қызметінде болып, разылығын алып, оларға сый көрсетуді өзімізге берілген перзенттік міндет деп білуіміз шарт. Қазақтан шыққан кемеңгер ойшыл, дана Абай атамыз «атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», - деген емес пе еді?! Ендеше, Алладан берілген бойдағы адамдық қасиетімізді надандықпен ауыстырып алмай, шариғат үкімдеріне даналықпен қарайық.
Мерей Жақия
Астана қаласы «Әлжан Ана»
мешітінің наиб имамы