Алла Тағала әлемдегі барша жан-затты жұп етіп жаратқан. Әрбір тіршілік иесі тек қана өзінің жұбымен ғана жарасымды. Жаратылыс атаулының ішінде ең асылы адамзат. «Жалғыздық тек Жаратқанға жарасқан» дегендей адам баласы да ер жеткенде өз теңін іздейді. Өз отауын тігіп, өзінің шаңырағын көтеруді көксейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Некелесіңдер (яғни үйленіңдер) көбейіңдер, мен қияметте өзге үмбеттерге сендерді мақтан етемін[1]», - дегендей әрбір пенде жерде Аллаға ізгі құл, пайғамбарға үлгілі үмбет болатын ұрпақ қалдыруды арман етеді. Өмірдегі ең жауапты кезең де осы ғұмырлық жар таңдау сәті. Әрбір адам жарасымды жанұя құруды қалайды. Алайда, кейде отбасылық өмір жайлы ешбір мағлұматы жоқ жастар тек «көзі сұлу, өзі сұлу» деп үйленіп, соңынан көп өтпей жұптары жазылып жатады. Мұның бірден-бір себебі жар таңдау, отбасы құру жайлы шариғаттың айтқан кеңестерін тыңдамауда. Ендігі кезекте некелесу және үйлену жайлы шариғаттың айтқан насихатына құлақ түрейік.
Некенің үкімі
Неке – ер жеткен азаматтың ерікті ісі. Алайда, жағдайға қарай некелесу кейде мұстахаб, кейде уәжіп, кейде харам, кейде мәкрүһ болады.
Некелесу мұстахаб болған топ: мұстахаб шариғатта айтылған міндеттеу үкімінсіз ынталандыру амалы. Жанұяны асырай алатын, мүмкіндігі бар, бірақ зинаға және оған алып баратын жаман іс-әрекеттерден өзін тыя алатын кісілерге үйлену мұстахаб.
Некелесу уәжіп болған топ: Бұл топқа жанұясын асырай алатын және мүмкіндігі бар, бірақ өзін зина мен оған алып баратын жаман іс-әрекеттерден тыя алмайтын кісілер жатады.
Үйлену арқылы дінін қорғап, өз ар-намысын сақтайды. Шүбәсіз дінін және ар-намысын қорғау – ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да адам өз дінін және намысын тек үйлену арқылы қорғау мүмкін болса, ол кісіге үйлену уәжіп үкімінде болмақ.
Некелесу харам болған топ: отбасын асырауға шамасы жетпейтін және де үйленуге ешбір себебі жоқ, сонымен қатар үйленсе шариғат тыйым салған жолмен күнелту сияқты харам іске баруға мәжбүр болса, некелесу харам болады. Мұндай жағдайда, дінін сақтау үшін мүмкіндігі мен шамасы жететін мерзімге дейін үйленуді кейінге қалдыру қажет.
Некелесу мәкрүх болған топ: жанұясын асырауға мүмкіндігі жоқ. Бірақ зина және сол сияқты күнә іске барып қоямын деп қорықпайтын, яғни материалдық тұрғыдан жағдайын түзегенге дейін өзін-өзі ұстай алатын кісіге үйлену мәкрүх. Нұр сүресінің 32-аятында: «Үйленуге шамасы келмегендер Алланың рақымы түсіп, байығанша өздерін бекем ұстасын (суық жолдан сақ болсын)», - деп әмір етілген. Сондай-ақ, отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ете алатын, бірақ белсіз ер кісіге үйлену мәкрүх. Алайда, харам емес, яғни тыйым салынбайды. Өйткені отбасылық өмір тек жыныстық қатынаспен өлшенбейді. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің жылуына, отбасының берекесіне және жәрдеміне мұқтаж. Сондықтан, осы топтағы кісілер егер үйленбек болып шешсе, айттырып отырған әйелге өз жағдайын жасырмай толық хабардар етуге міндетті. Әйел келіссе, Алланың берекетімен отбасын құруына болады.
Хадистерге сүйенер болсақ некелесудің мынадай 4 игілігі бар.
- Елшілердің сүннетін орындаған боласыз. Әбу Аюб (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Төрт амал елшілердің сүннетінен: ұят, иіссу қолдану, мисуак пайдалану және үйлену[2]», - деген екен.
- Адамға бақыт сыйлайтын дүниенің жақсылығына ие боласыз.
Алла елшісінің (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Адам баласын бақытты ететін де үш нәрсе, сондай-ақ адам баласын бақытсыз ететін де сол үш нәрсе. Адамды бақытты ететін, бұл: Ізгі әйел, жайлы үй және жақсы көлік. Адамды бейбақ ететін: жаман әйел, жайсыз үй және жаман көлік[3]», - деп айтылған (имам Ахмад кітабынан).
Сахаба Ибн Аббас (р.а) риуаятында: «Төрт нәрсе бар, кімге бұл төртеуі берілсе, оған екі дүниенің жақсылығы берілгені, олар: шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, қиыншылыққа төзімді тән және өз ар-намысы мен күйеуінің мал-мүлкіне қиянат етпейтін әйел[4]», - деген екен.
- Дініңіздің жартысы қорғалады.
Табарани және Хаким риуаяттарында: «Кімге Алла ізгі әйел нәсіп етсе, (дінінің) жартысына жәрдем еткені. Қалған жартысына сақ болып, Аллаға тақуалық етсін», - деген екен.
Расында ізгі әйел тек шаңырақтың берекесі емес, сонымен бірге ер азаматтың тақуалығына да үлкен үлес қосатынын осы хадис айтып тұр.
- Мал-мүлкіңіз берекеленіп, артады.
«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегендей отау тігіп, шаңырақ көтеру ризық-несібенің молаюына және жақсылық есіктерінің ашылуына бірден-бір себеп болады. Бұл жайлы хазіреті Әбу Бәкір (р.а): Алланың сендерге неке жайлы айтқан әміріне бойұсыныңдар, сонда Алла сендерге уәде еткен кеңшілігін (молшылығын) береді, - деп: «Егер олар кедей болса, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла, аса кеңшілік иесі, толық білуші» деп Нұр сүресінің 32-аятын оқыған (Ибн Әбу Хатим риуаяты).
Жабир (р.а) баяндайды: «Алла елшісіне (с.ғ.с.) бір кісі келіп кедейлігін, жоқшылығын айтып шағымданды. Пайғамбар оған үйлен, - деді».
Сөзіміздің соңын тағы бір кең тараған хадиспен түйіндейік: «Үш түрлі адамға Алла міндетті түрде жәрдем етеді: Алла жолында күресіп (яғни қызмет етіп) жүрген жанға, пәктікті қалап үйленбек болған кісіге және қожайынынан өз бостандығын сатып алушы құлға[5]», - деген екен.
Материал «Неке кітапшасы» кітабынан алынды.
Авторы «Нұр Астана» орталық мешіті сауат ашу бөлімінің
Директоры Руслан Қамбаров.
[1] Әл-Ихтияр литәълилил мұхтар, Абдулла бин Махмұд әл-Маусили әл-Ханафи, 2-том, Неке бөлімі, 101-бет
[2] әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия», 1-2 том, Ахмад және Термизи, неке бөлімі, 1-баб, 278-бет
[3] Фиқһул Уадих (төрт мазхабқа Құран және хадис негізінде ), д.Мухаммед Бәкір Исмаил, 2-том, Каир, «Дарул манар», ізгі әйел таңдау, 12-бет
[4] Фиқһул Уадих (төрт мазхабқа Құран және хадис негізінде ), д.Мухаммед Бәкір Исмаил, 2-том, Каир, «Дарул манар», неке, ізгі әйел таңдау, 12-бет
[5] әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия», 1-2 том, Термизи, Насаи, Хаким және Дарақутни, неке бөлімі, 1-баб, 279-бет