Отбасында ерлі-зайыптылардың бір-бірінің ата-анасына құрмет көрсетуі жайында көптеген шағымдарды естіп қалып жатамыз. Өкінішті, әрине. Ал, ата дәстүрімізде үлкен кісілерді құрметтемеу деген өте ұятты да, ерсі жағдай саналады. «Отан отбасынан басталады» деген дана халқымыз қашан да отбасылық құндылықтарға ерекше мән берген. «Қара шаңырақ», «үлкен үй» деген ұғымдар ата-ананың отырған үйіне байланысты айтылып, ел санасында ардақты мәртебеге ие болған. Ал, дінімізде де ата-ананың мәртебесі жоғары.
Қасиетті Құранда ата-ана жөнінде қатаң ескертулер мен оларға қарсы келмеу жайында көптеген тыйымдарды ұшыратамыз. Мәселен мына бір аятта:
﴿وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيماً * وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيراً﴾
Яғни, «Раббың Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік қылуларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «түһ» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле. Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Олардың кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға рахым ет» деп айт» («Исра», 23, 24), делінеді. Алла Тағала бұл жерде әрбір пендесіне ата-анасымен болған мәміледе зәредей ағаттық жібермеуге үндеп отыр. Ал, «Әнғам» сүресінің, 151-аятында:
﴿قُلْ تَعَالَوْا أَتْلُ مَا حَرَّمَ رَبُّكُمْ عَلَيْكُمْ أَلاَّ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا﴾
«Сіздерге Раббыңыздың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаға) ешнәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!», - дейді. Яғни, өзіне серік қоспаудың жанына ата-анаға жақслық жасауды әмір етуі Алла құзырында ата-анаға құрметтің қай деңгейде екенін білдірсе керек. Сонымен бірге ата-анаға құрмет жасауы мұсылманның міндеті.
﴿رَبَّنَا اغْفِرْ لِي وَلِوَالِدَيَّ وَلِلْمُؤْمِنِينَ يَوْمَ يَقُومُ الْحِسَابُ﴾
«Уа, Раббым! Есеп күні мені, әке-шешемді және бүкіл мүміндерді жарылқай көр!», («Ибраһим» сүресі, 41-аят.) - деп баяндайды. Міне, көзге көрінбейтін, жасаған-жасамағаныңды ешкім білмейтін жасырын құлшылықтардың бірі болған дұғаның өзінде ата-ананы өзімен бірге атауды, барша мұсылманнан бұрын ата-анасын тілеуді үлгі ретінде көрсетіп отыр. Білген адамға бұл аяттың өзінде қаншама ғибырат жатыр.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:
بِرُّ الْوَالِدَيْنِ أَفْضَلُ مِنَ الصَّلاةِ وَالصَّوْمِ وَالْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ وَالْجِهَادِ فِي سَبِيلِ اللَّهِ
«Ата-анаға құрмет қылу намаз оқығаннан да, ораза тұтқаннан да, қажылық жасағаннан және ұмыра жасағаннан да және Алла жолында жиһад қылғаннан да абзал», - деген.
Отан отбасынан басталады. Отбасы – қоғамды құраушы негізгі бөлшек. Отбасындағылар бір-бірінің жеке құқығы мен міндеттеріне қаншалықты құрметпен қараса, қоғам да соншалықты берік болмақ.
Құдіреті күшті Алла Тағала Өзінің разылығын ата-ананың разылығына байланысты еткен. Әке-шешесі разы болған пендеге Жаратушы да разы. Керісінше, ата-ана разы болмаса, Алла Тағала да наразы.
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «رِضَى الرَّبِّ فِي رِضَى الْوَالِدِ وَسَخَطُ الرَّبِّ فِي سَخَطِ الْوَالِدِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында». Термези риуаят еткен.
Өзінің ата-анасымен бірге басқаның ата-анасын да құрметтеу әрбір мұсылманға парыз.
Ата салтымызда да ата-ананың мәртебесі барлық адамнан жоғары тұратыны беліглі. «Әкең жынды болса, байлап бақ» дейді халық даналығы. Яғни, көтеріліп ауырған, жынданған кісі болса да, әкесінен безуге баланың ешқандай хақысы жоқ дегені. Ата дәстүрімізде үйдің кенжесі ата-ананың қолында отырып, олардың қызметін жасаса, бөлек шыққан отаулары маңайында отырып, сырт шаруаларына, шаруашылық жұмыстарына қарайласып, шөп шабу, мал отарлату, көшу жұмыстарында ең әуелі қара шаңырақтың яғни, ата-анасының қызметін жасаған. Сосын барып, жасына қарай ағайындылардың тіршілігін қамдаған. Қандай ізгі мұсылманшылық. Көшіп қонып, шет жайлап, қиыр қонса да иманына бекем болған бабалар тағылымын жаңыртсақ, қалалы өмірімізде де шешімін таппайтын мәселе болмас еді.
Ал, отбасындағы екі жақтың бір-бірінің ата-анасына құрметі жайылы де асыл дінімізде көптеген құндылықтарды қарастырады.
Мүбәрак мәтінді хадистердің бірінде:
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَمْرٍو، رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مِنَ الْكَبَائِرِ شَتْمُ الرَّجُلِ وَالِدَيْهِ»، قَالُوا: يَا رَسُولَ اللهِ وَهَلْ يَشْتُمُ الرَّجُلُ وَالِدَيْهِ ؟ قَالَ: «نَعَمْ، يَسُبُّ أَبَا الرَّجُلِ فَيَسُبُّ أَبَاهُ، وَيَسُبُّ أُمَّهُ فَيَسُبُّ أُمَّهُ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ، وَمُسْلِمٌ، وَأَحْمَدُ، وَالتِّرْمِذِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) былай деген: «Бірде Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Үлкен күнәлардың бірі адамның өзінің әке-шешесін балағаттауы», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулулла! Адам өз әке-шешесін сөге ме екен?» – деп сұрады. Сонда ол (с.ғ.с.): «Иә, ол бір адамның әкесін сөгуі арқылы өзінің әкесін сөгеді, шешесін сөгуі арқылы өзінің шешесін сөгеді», – деп жауап берді». Бұхари, Мүслім, Ахмет, Термези, Әбу Дәуіт риуаят еткен. Міне, бұл хадистен көргеніміздей жарының ата-анасына құрметсіздің өзінің ата-анасына құрметсіздік саналмақ.
Бір адам Пайғамбарымызға келіп: «Мен бір үлкен күнә істедім. Менің күнәм кешірілетін бір тәубе іс бар ма?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «сенің анаң бар ма?» - дегенде ол кісі: «жоқ» - деп жауап береді. «Сенің анаң жағынан туысың бар ма?» - дейді. Ол: «Ия», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ендеше оған жақсылық еткін!» (Сунан ат-Тирмизи.) - дейді. Демек, ер жігіттің қайын жұртымен жақсы қарым-қатынаста болуы, өзінің ғана емес, баласының да дүние-ақыреттік игілігі үшін жасалған қадам болмақ. Ата-ананың туысқандарымен дұрыс қарым-қатынаста болудың өзі осынша жақсылыққа кенелдіретінін білуге болады.
«Ниса» сүресі, 36-аятта:
وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا ۖ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَن كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا
«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын және алыс көршіге, жаның дағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыға, қолдарыңдағы қызметшілерге жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді» деген.
Екі жақтың да қайын жұрты - сол отбасының ең жақын турысқандары, екі тараптың да қамқоршылары, ет жақын жанашырлары. Адам қиямет күнінде туысқандық қарым-қатынастан да сұралмақ. Тіпті, туысқанмен қарым қатынасын үзген адамның жағдайы өте ауыр болатыны ескертілген.
وَاتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ ۚ إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا
«Бір-біріңнен Ол арқылы (оның атымен) сұрасатын Алладан қорқыңдар, Раббыңызға тақуалық етіңдер әрі оның жазасынан сақтаныңдар және туыстық байланыстарды үзуден сақтаныңдар» («Ан-Ниса», 1-аят) деп әмір етеді. Ал, хадис-шәріпте Абу Аййуб (Алла оған разы болсын) риуаяты бойынша бірде бір адам Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Йа, Алла елшісі, жұмаққа кіру үшін не істеуім керек?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға басқа ешкімге құлшылық етпе, намаздарыңды орында, зекет төле және туыстарыңмен байланысыңды үзбе» деп жауап береді. Міне, көріп отырғанымыздай, туысқандық қарым-қатынас Ислам құндылықтарында айрықша мәнге ие. Себебі, қоғамның бірлігі отбасының бірлігінен, әулеттің, туыстардың бірлігінен құралмақ. Заманның тыныштығы қоғам мүшелерінің берекесінен туындайды. Жаңа ғасырдағы біз қалыптайтын руханият әрбір азаматтың ішкі мәдениетінен, жан тазалығы мен жүрек тазалығынан құрам табады. Ендеше, «Қолда барда алтынның қадірін біліп» екі жақтың ата-анасына бірдей мейірімді болу Аллаға ұнамды, қоғамға сыйымды асыл қасиет. Атадан қалған мұсылманшылықтың белгісі.
Басқаны айтпағанда кісі сыйлау, әркімнің құқытарына, жеке өміріне құрметпен қарау, азаматтардың алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілігін адал атқару – құқықты білетін азаматтың қарапайым этикалық нормаларының бірі деуге болады. Демек, ата-енені құрметтеу, қайын жұртты сыйлау адамдық асыл қасиеттердің бірі болумен қатар, рухы биік, руханияты кемел қоғам құруға қосқан үлесіңіз, болашақ балаңызға көрсеткен асыл үлгі саналмақ.
Сәбит Ережепов
«Шейх Кунта қажы» мешітінің Бас имамы