Ақиқатында, адам баласы бұл жалғанға Жаратушысын танып, Оған құлшылық ету үшін келген.
Құран Кәрімде:
وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنْسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ
«Жын мен адамзатты Өзіме ғибадат етулері үшін ғана жараттым[1]», - деген иләһи әмір бар. Бес уақыт намаз оқу һәм рамазанда ораза тұтумен қатар адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тию әрбір пендеге парыз. Сонымен бірге, қамшының сабындай қысқа мына ғұмырда маңдай терін төгіп, тіршіліктің қамын жасап, бала-шаға бағу да құлшылық. «Ер дәулеті — еңбек» демекші, мұсылман өзін және отбасын асырау үшін адал еңбекпен нан табуы ғибадаттың бір түрі. Әбу Масғұд әл-Ансари (р.а.):
إِنَّ الرَّجُلَ إِذَا أَنْفَقَ عَلَى أَهْلِهِ نَفَقَةً وَهُوَ يَحْتَسِبُهَا ، كَانَتْ لَهُ صَدَقَةً
«Шындығында, адам өз бала-шағасына жұмсаған қаражаты – садақа[2]», - деген хадис риуаят еткен. Өйткені бұл да дініміздің бұйрығы. «Еңбегі аздың өнбегі аз» дегендей, намазды және басқа да құлшылықты сылтау етіп, отбасын асыраудан жалтару Алла алдында күнә. Ердің ар-намысына да үлкен сын. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:
كَفَى بِالْمَرْءِ إِثْمًا أَنْ يُضِيعَ مَنْ يَعُولُ
«Кісінің өзіне қарап отырған бала-шағасын асыраусыз қалдыруы күнә[3]», - деп айтылған.
Мына хадисте:
إنَّ اللهَ تعالى يُحِبُّ الْمُؤْمِنَ الْمُحْتَرِفَ.
«Шындығында, Алла Тағала қолында кәсібі бар мұсылманды жақсы көреді», - деп айтылған.
Хәкім Абай жиырма бесінші қара сөзінде «...Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына уа әр түрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен...[4]», - деп түйіндейді.
Ата-бабамыз ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен кең байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Алла Тағала маңдайымызға асты мен үсті байлыққа тола жерді жазған екен. Ендігі кезек жастарда. Жаратқанның бізге бөліп берген бұл игілігін елімізге тиімді пайдалану үшін қажетті мамандықтарды игеру жастардың міндеті. Қазіргі таңдағы білім алу және жұмыспен қамтуға қатысты көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. «Еңбек адамның көркі, адам заманның көркі» дегендей жастар өз қабілет-қарымына сай елге де, өзіне де пайдалы кәсіп маманы болуы маңызды. Мен болсам тек заңгер, қаржыгер немесе мұнайшы болам деген қате пікір. Барлық мамандық жақсы. Студенттердің жаппай санаулы және шектеулі мамандық айналасына шоғырлануы елді дамытпайды.
Мемлекетіміздің әлеуеті зор. Үй жиһазын да, мінген темір тұлпарды да барлығын да өз елімізде жасап шығаруға қауқарлымыз. Өз жеріміздің өнімі киім-кешегімізді бүтіндеп, дастарқанымызды толтыра алады. Тіпті, басқа елдерге саудалауға да мүмкіндігі бар. Тек, жастар: «Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та, бар, қалан!», деп Абай атамыз айтқандай Отанымыздың титтей болса да бір тетігін бүтіндеуге бар болмысымен атсалысуы қажет.
Адамзат асылы саналатын Пайғамбарлардың барлығы да маңдай терімен нәқапасын тапқан. Нұх пайғамбар (ғ.с.) – балташы, Юсуф (ғ.с.) – егінші, Мұса (ғ.с.) – қойшы, Дауд (ғ.с.) – темірші болды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бала күнінен қой баққан. Ер жеткен соң сауда-саттықпен айналысқан.
Лұқман Хәкім өз перзентіне: «Балам! Кедейлік атаулыдан адал кәсіп етіп тәуелсіз бол. Өйткені кісі қолына қараған адамның басына үш жаманшылық келеді. Олар: діні әлсірейді, ақылы төмендейді және адамилығын жоғалтады. Бұл үш қасіреттен де ауыры адамдар оны менсінбей кетеді», - деген екен.
Хазіреті Омар (р.а.): «Сендер ризық-несібе сұрап жол бойында: «Алла, ризық бере гөр», - деп отырмаңдар. Сендер аспаннан алтын да, күміс теңге де жаумайтынын білесіңдер», - деп қол қусырып отыра бермей, еңбектену қажеттілігін айтқан екен.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) еңбек туралы:
من طلب الدنيا حلالاً و تعفُّفًا عن المسألةِ و سعْيًا على عِيالهِ و تعطُّفًا على جارهِ لقي الله و وجهُهُ كالقمر ليلة البدر.
«Кісі қолына мұқтаж болудан сақтанып, бала-шағасын асырап, көрші-қолаңына жақсы қарым-қатынаста болып дүниені адал жолмен тапса, Алла Тағаланың алдына барғанда оның жүзі толған айдан жарқын болады», - деген. Еңбек етпей, маңдайдан тер төкпей адам баласы мақсатына жетпесі хақ.
Жұмыстан қашып «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүру бойға жабысқан жалқаулықтан. Жалқаулықтан асқан жаман дерт жоқ шығар. Білімде, ғылымда және күнделікті тұрмыста кісіні көш соңында қалдыратын дерт жалқаулық.
Кейде осынау күн сайын жаңарып тұрған жаңалығы мол жаһан дүниеге қарағанда мұсылман қолымен жасалған дүниені көрмейсің. Мінген темір тұлпарымыз, киген киіміміз, тұрмыста тұтынатын заттарымыз, тұрғын үй ішіндегі жиһаздарымыз түгел жат жұрттікі. Мұның ешбірін мұсылман істеп жатқан жоқ. Бар болса да саусақпен санарлық. Неге бізде мұны істейтін маман жоқ? Бұған себеп жалқаулық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жаратқанға жалқаулықтан сақта деп бізге дұға етуді үйретуінің сыры да осы болар. Әнас бин Малик (р.а.):
اللهمَّ إني أعوذ بِكَ من الْهمِّ و الْحَزَنِ و العجْزِ و الْكسل و الجُبْنِ و البُخْلِ و ضَلَعِ الدَّيْنِ و غلبةِ الرجالِ.
«Уа, Алла! Мен Сенен уайымнан, қайғыдан, шарасыздықтан, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қабырғаны қайыстыратын көп қарыздан және дұшпанға таба болудан сақтауыңды тілеймін», - деген Пайғамбар (с.ғ.с.) дұғасын жеткізген.
Анығы сол, жалқаулық пен жатыпішерлік мұсылмандыққа да, адамгершілікке де жат пиғыл.
Мұсылман деген тек мешіттен шықпай мінәжат ететін адам емес. Ол дүние тіршілігінде өзгемен терезесі тең болу үшін еңбек етеді.
Риуаятта Иса (ғ.с.) бір кісіден: «Не іспен шұғылданып жүрсің?» - деп сұрайды. Сұралушы адам: «Мен құлшылық жасаймын», - дейді. Иса Пайғамбар (ғ.с.): «Бала-шағаңды кім асырап жүр?» - дегенде, ол: «Бауырым», - дейді. Сонда, Алланың пайғамбары Иса (ғ.с.): «Ағаң сенен қарағанда әлде қайда ғибадатшыл екен», - деген екен.
Әлем тарихында ғылыми жаңалықтардың басым бөлігін ашқан мұсылмандар еді. Еуропаға да ғылымды мұсылман әлемі арқылы келгені ақиқат. Ал, қазір неге олай емес?
Қазір кейбіреулерге: «Неге жұмыс істемейсің?» десең: «Жұмыс жоқ», деп жауап береді. Еңбекқор адамға әрдайым жұмыс табылады. Жұмыс жоқ деген адам жеңіл желпі, саусақтың ұшымен ұстап-ақ істейтін жұмыс іздеуші. «Екі қолға бір күрек» деп мұсылман сегіз қырлы бір сырлы болуы қажет. Нағыз азамат өзінің біліміне, білегіне сүйенеді. Хәкім Абай:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, - дегендей мұсылман баласы еңбекқор болуы керек.
Бірде Ахмед бин Ханбалдан (р.а.) «Үйінде немесе мешітте отырып, ризық-несібем өзі келеді, жұмыс істемеймін деп отырған кісі жайлы не дейсіз?» - деп сұрапты. Имам Ахмед (р.а.): «Ондай адам білімнен бейхабар жан... Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құс жайлы: «Таңертең ұясынан жемсауы бос болып ұшып, кешке толтырып келеді» деген сөзін естімеген бе? Пайғамбар (с.ғ.с.) құс екеш құстың өзі ризығын іздеп ұясынан шығатындығын айтқан. Сахабалар сауда-саттықпен және егіншілікпен айналысатын. Олар бізге үлгі жандар», - деп жауап берген екен.
Қазақ: «Еңбегің болмаса елге өкпелеме,
Ықтасының болмаса желге өкпелеме», - дейді. Жатыпішер адамнан жаманы жоқ. Ондай өз үйіне де сыймайды. Ибн Масғұд (р.а.): «Мен кісінің не дүние ісімен, не ақырет амалымен айналыспай бос жүргенін жек көремін», - деген екен.
Нағыз мұсылман дүниелік тіршілігіне де, діни құлшылығына да бірдей тең қарайтын адам. Хадисте:
أَحلُّ ما أكل الرجلُ مِنْ كسبِهِ و كلُّ بيعٍ مبرورٍ.
«Адамның жеген асының ең адалы өз кәсібінен және әрбір дұрыс саудадан болғаны[5]», делінген.
Құран Кәрім:
فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلَاةُ فَانْتَشِرُوا فِي الْأَرْضِ وَابْتَغُوا مِنْ فَضْلِ اللَّهِ وَاذْكُرُوا اللَّهَ كَثِيرًا لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Ал, намаз аяқталғанда, жер бетіне (баратын жерлеріңе) тарқалыңдар да Алланың кеңшілігін іздеңдер әрі мұраттарыңа жетулерің үшін Алланы көп еске алыңдар[6]», - деп әмір етілген. Аталмыш, аят жөнінде Ибн Касир тәпсірінде, мынадай әңгіме бар: Ъирак бин Малик (р.а.) жұма намазын оқып болған соң, мешіт қақпасының алдында тұрып:
أللهم إنّي أجبْتُ دعْوَتَك و صلّيْتُ فريضَتَك, و انْتشرْتُ كما أمرْتَني, فارْزُقْني مِن فضلِك و أنت خير الرازقين.
«Уа, Алла! Расында мен (жұмаға) шақыруыңа жауап бердім, парызыңды оқыдым. Сондай-ақ, Өзің әмір еткеніңдей жер бетіне (өз жұмысына) тарқалудамын. Маған Өз кеңшілігіңмен ризық-несібе бере гөр. Расында сен ең қайырлы ризық Берушісің», - деп дұға ететін еді.
Алдыңғы буын ғұламалар да бұл аят жөнінде: «Кімде-кім жұма күні намаздан кейін тауар сатса немесе сатып алса Алла Тағала оған жетпіс есе берекелі етеді», - деген екен.
Ата-бабамыз «Еңбегімен ер сыйлы» деген, азамат болар ұлдарымызды жас күнінен еңбекке баулып өсірейік. Мамандықтың жаманы жоқ, тек қолынан іс келмейтін маман болуы мүмкін.
«Нұр Астана» Орталық мешіті
сауат ашу бөлімінің
Директоры Руслан Қамбаров
[1] Зәрият сүресі, 56-аят
[2] Бұхари, Муслим
[3] Бұхари, Муслим
[4] А.Құнанбайұлы, Аудармалар мен қара сөздер, 25-қара сөз, 119-бет. Алматы, «Жазушы», 1986ж.
[5] Ахмед
[6] Жұма сүресі, 10-аят