Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек.
Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Құрбандыққа жарамайтын малдар
Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген. Ханафи мәзһабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан.
Ол кемшіліктер мыналар:
• Бір көзі соқыр
• Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз
• Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
• Тістерінің көбі түсіп қалған
• Емшектерінің басы жұлынып қалған
• Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.
материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды,
ummet.kz