21
Жұма,
Маусым

һижри

Нәзір құрбандығын шаламын ба, міндетті құрбандықты ма?

Нәзір құрбандығын шаламын ба, міндетті құрбандықты ма?

Құрбан Айт
Жарнама

Сұрақ: «Ауруымнан жазылсам бір қойды құрбандыққа шаламын» деп атап қойған едім. Егер бір ғана құрбандық шалуға шамам жететін болса, құрбан айт кезінде қайсысын орындағаным дұрыс: сол атап қойған құрбандығымды шаламын ба әлде міндетті құрбандықты ма?

Жауап: Сіздің атап қойған құрбандығыңыз шариғатта «нәзір құрбандығы» деп аталады. Яғни, нәзір құрбандық дегеніміз – адамның көңілінде жүрген ісі орындалған кезде немесе былай да Алла тағаланың разылығы үшін құрбандық шалам деп атаған малы. Мысалы, өзіңіз айтқандай, ауырып жатқан адам «ауруымнан айықсам, құрбандыққа бір мал шалам» деп ниет еткен болса, ауруына шипа тауып аяғына тұрған жағдайда құрбан шалуы уәжіп болады. Себебі Құранда «Мәида» сүресі, 1-аятта: «Әй, мүміндер! Уәделеріңді орындаңдар», – делінген.

Ал құрбан айт кезінде балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, негізгі қажеттілігінен артық (85 г алтын немесе соның құнына тең келетін ақша) дүние-мүлкі бар мұсылман кісіге құрбандық шалу уәжіп. Яғни мұсылман кісінің негізгі қажеттілігінен артық 85 г алтын немесе ақша секілді байлығы болмаса, онда оған құрбан айт кезінде құрбандық шалу уәжіп емес. Егер сұрақта айтылғандай, сіздің материалдық жағдайыңыз жоғарыда айтылған мөлшерге жетпейтін болса, онда құрбан айт кезінде құрбандық шалу сізге уәжіп болмайды. Ол жағдайда нәзір құрбандығыңызды шалуыңызға болады. Ал егер материалдық жағдайыңыз жоғарыда көрсетілгендей көлемге жететін болса, онда екі құрбандықты да шалу сізге уәжіп болады.

Құрбан айт күндері жылына бір мәрте шалынатын уәжіп құрбандығыңызды шалып, ал нәзір құрбандықты одан тыс уақыттарда шала беруіңізге рұқсат. Бірақ нәзір құрбандықта бір ескерер жағдай, оған ниет еткен адамның өзіне, балаларына, немерелеріне және әке-шешесіне тіпті ата-әжелеріне нәзір ретінде бауыздалған малдың етінен жеуіне болмайды. Нәзір ретінде сойылған малдың еті кедей-кепшікке таратылуы қажет. Егер етінен белгілі бір мөлшерде өзі немесе аталған жақындары жеген жағдайда, сол мөлшерде садақа берілуі керек.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды, 

ummet.kz


 

Бөлісу: